Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:50

[1] Бұдан кейін Иса мен шәкірттері көлдің арғы бетіндегі Ғадара өңіріне жетті.

[2] Иса қайықтан түсісімен-ақ, Оған зират арасынан шыға келген, жын соққан бір кісі кездесе кетті.

[3] Сол адам қабірге арналған үңгірлерде тұратын. Ешкім оны тіпті шынжырлармен де бұғаулап қоя алмайтын.

[4] Талай рет оның аяқ-қолын шынжырлармен және кісендермен бұғаулап тастаған еді, бірақ ол шынжырларды сындырып, кісендерді үзіп, қашып кететін. Оны бағындыруға ешкімнің де күші жетпеді.

[5] Сол кісі күні-түні қабірлердің арасында және тау-төбелерде айқай салып, өзін-өзі таспен ұрғылайтын.

[6] Әлгі адам Исаны алыстан көргенде, жүгіріп келіп, аяғына бас ұрып тағзым етті.

[7] Содан соң ол қатты дауыспен: — Құдай Тағаланың рухани Ұлы Иса, менде нең бар? Құдай үшін жалынамын: мені азаптай көрме! — деп айқай салды.

[8] Себебі Иса: — Жын, шық бұл кісіден! — деп бұйырған еді.

[9] Бұдан кейін Иса: — Атың кім? — деп сұрағанда, ол: — Атым — «Үлкен топ», себебі біз көппіз, — деп жауап берді.

[10] Адам Исадан оларды сол төңіректен қуып шығармауын қадала өтінді.

[11] Сол маңдағы төбе беткейінде үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын.

[12] Жындар: «Бізді шошқаларға жібере гөр, соларға енейік», — деп сұрады.

[13] Иса жол берген соң, жындар сол кісіден шығып, әлгі екі мыңдай хайуанға енді. Сонда олар тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды.

[14] Бақташылары қашып кетіп, болған оқиғаны қала мен ауылдарда айтып берді. Халық соны көруге жолға шығып,

[15] Исаға келді. Олар бұрын үлкен жындар тобы буған кісінің ақыл-есі кіріп, киініп, сол жерде отырғанын көргенде қорқып кетті.

[16] Болған оқиғаны өз көздерімен көргендер оларға жын қинаған адаммен не болғанын әңгімелеп, шошқалар туралы да айтып берді.

[17] Сонда халық Исадан: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді.

[18] Иса қайыққа мінгенде, жындарынан арылған кісі Одан: «Сізбен бірге болайыншы», — деп сұрады.

[19] Бірақ Иса оған рұқсат бермей: — Үйіңе қайтып, туысқандарың мен дос-жарандарыңа Жаратқан Иенің өзіңе не істегенін, қалай рақым еткенін айтып бер! — деп тапсырды.

[20] Әлгі адам барып, Исаның өзіне не істегенін Онқала аймағында жариялай бастады. Естігендердің бәрі таңданып, қайран қалысты.

[21] Иса қайыққа мініп, көлдің батыс жағына қайта оралды. Содан көлдің жағасында көп халық Оның қасына жиналды.

[22] Жайыр есімді бір мәжілісхана жетекшісі де сонда келді. Жайыр Исаны көргенде, Оның аяғына жығылып:

[23] «Жас қызым өлім аузында жатыр. Сауығып, тірі қалуы үшін барып, оған қолыңызды тигізе көріңізші!» — деп жалына өтінді.

[24] Иса онымен бірге жүрді. Көптеп ілескен халық Оны жан-жақтан қыспақтады.

[25] Халықтың арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырып келген бір әйел де бар еді.

[26] Сол әйел көп дәрігерлерге емделіп талай азап шегіп, бар мал-мүлкін жұмсаған еді. Алайда одан еш шипа болмай, керісінше, халі бұрынғысынан бетер нашарлай түскен болатын.

[27] Иса туралы хабарды естіген әйел халықтың ішінде Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанына қолын тигізді.

[28] Себебі ол өзіне-өзі: «Тек Оның шапанына қолымды тигізсем болғаны, сонда сауығып кетер едім», — деген болатын.

[29] Сол сәтте-ақ қаны тоқтап, әйел өзін қинап келген дертінен сауыққанын сезінді.

[30] Ал Иса дереу Өзінен біраз сауықтыру құдіретінің шыққанын сезіп, жұртқа бұрылып: — Шапаныма қолын тигізген кім? — деп сұрады.

[31] Шәкірттері Оған: — Соншама халықтың Өзіңізді қаумалап, қыспақтап тұрғанын көре тұра, «Маған қолын тигізген кім» деп қалай сұрайсыз? — деді.

[32] Бірақ Иса мұны істеген адамды көру үшін айналасына көз жүгіртті.

[33] Өзіне не болғанын білген әйел қорыққаннан дірілдеп, Исаның алдына келді. Оның аяғына жығылып, шындығын түгелдей айтып берді.

[34] Иса оған: — Қарындас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, қиналған дертіңнен айықтың! — деді.

[35] Иса осыны айтып тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен кісілер келіп: «Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз», — деп хабарлады.

[36] Алайда Иса сол айтқандарын естіп, жетекшіге: «Қорықпа, тек сенімің болсын!» — деді.

[37] Содан Ол Петір, Жақып және оның інісі Жоханнан өзге ешкімді ертпей,

[38] мәжілісхана жетекшісінің үйіне барды. Сол жерден абыржығандар мен зар жылап жоқтау айтқандарды көрді.

[39] Иса үйге кіріп, оларға: «Неге осылайша абыржып, жылайсыңдар? Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — деді.

[40] Олар Оның айтқанына күлді. Бірақ Иса барлығын сыртқа шығарып жіберіп, тек қыздың әке-шешесін және Өзінің қасында жүргендерді ғана ертіп, қыз жатқан бөлмеге кірді.

[41] Қыздың қолынан ұстап тұрып, оған: «Талифа куми!» — деді. Бұның мағынасы: Қызым, саған айтамын, тұра ғой!

[42] Он екі жасар қыз бала сол сәтте-ақ орнынан тұрып, жүре бастады! Мұны көргендер үрейлері ұшып, қайран қалысты.

[43] Ал Иса оларға бұл туралы ешкімге тіс жармауды қатты ескертті де, «Оған тамақ беріңдер!» — деп бұйырды.

Марқа — Chapters