Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:52

[1] Бірде парызшылдар және Иерусалимнен келген бірнеше дін мұғалімдері Исаның қасына жиналған еді.

[2] Олар Оның кейбір шәкірттерінің діни қол жуу рәсімін орындамай нан жеп отырғандарын байқады.

[3] Ал парызшылдар, тіпті яһудилердің бәрі дерлік, ата-бабаларынан қалған әдет-ғұрыпқа сай қол жуу рәсімін ұқыптылықпен орындамай тамақ ішпейтін.

[4] Олар базардан қайтып келгеннен кейін суға түсу рәсімінен өтпейінше, дастарқан басына да отырмайтын. Сондай-ақ, ыдыс-аяқтары мен құмыраларын, қазандары мен орындықтарын да діни рәсімге сай жуып-шаюды, әрі сол секілді тағы басқа көптеген дәстүрлі салттарды берік ұстанатын.

[5] Сондықтан парызшылдар мен дін мұғалімдері Исаға: — Шәкірттеріңіз неге ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрге сай істемейді? — деген сұрақ қойды. — Олар қол жуу рәсімін орындамай-ақ тамақтана береді екен!

[6] Исаның жауабы мынау болды: — Екі жүзді сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен! Оның жазбасында былай делінген ғой: «Бұл халық Мені тек ауызбен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ.

[7] Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құр босқа құрметтегенсиді!»

[8] Себебі сендер Құдайдың өсиеттерінен бас тартып, адам ойынан туған дәстүрлерді ұстанып жүрсіңдер, — деді.

[9] Иса сөзін жалғастырып оларға мынаны да айтты: — Өз дәстүрлеріңді сақтау үшін Құдайдың өсиеттерін былай қойып, оларды менсінбеулерің қандай «жақсылық»?!

[10] Құдай Мұса пайғамбар арқылы: «Ата-анаңды сыйла!» және: «Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін!» деп бұйырған еді ғой.

[11] Бірақ сендер адамның өз әкесіне не шешесіне: «Менен көрмек игіліктеріңізді мен құрбан етіп қойдым, яки Құдай жолына бағыштадым» деуіне рұқсат бересіңдер.

[12] Осылайша сол адамның әке-шешесіне ешқандай көмек бермей, оларды сыйламауына жол бересіңдер.

[13] Сөйтіп сендер өз дәстүрлеріңді орнатып, Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар! Бұған ұқсас тағы басқа да теріс қылықтарды көптеп істеп жүрсіңдер.

[14] Иса жиналған халықты қайтадан қасына шақырып алды да, оларға былай деді: — Бәрің де сөзіме құлақ салып, мынаны жақсылап ұғып алыңдар:

[15] адам бойына сырттан енген еш нәрсе де оны арамдай алмайды. Керісінше, ішінен шыққандары адамды арамдайды. (Құлағы барлар жақсылап тыңдасын!)

[17] Иса халықтың қасынан кетіп, бір үйге кіргеннен кейін, шәкірттері жаңағы астарлап айтқандарының мәнісін сұрады.

[18] — Сендер де айтқандарымды әлі түсінбей тұрсыңдар ма? — деп жауап берді Иса. — Бойына сырттан енген тағамдар адамды арамдай алмайды. Мұны шынымен ұқпайсыңдар ма?

[19] Себебі олар жүрекке емес, тек асқазанға жетіп, кейін денеден шығып кетеді. — Осылай Иса барлық тағамдардың да адал екенін айтты.

[20] Ол тағы да былай деді: — Адамды арамдайтын — оның ішкі дүниесінен шыққандары!

[21] Себебі адамның ішкі дүниесінен, яғни оның жүрегінен, шығатындар мыналар: жаман ойлар, азғындық, неке адалдығын бұзу, кісі өлтіру,

[22] ұрлық, ашкөздік, зұлымдық, алдаушылық, жүгенсіздік, қызғаныш, жамандау, тәкаппарлық және ақымақтық.

[23] Осындай арамдықтардың бәрі адамның ішкі дүниесінен шығып, оның өзін арамдайды.

[24] Иса сол жерден жолға шығып, Тир (мен Сидон) аймағына барды. Өзін жергілікті халыққа танытқысы келмей, бір үйге кірді. Алайда Ол бейтаныс болып қала алмады.

[25] Себебі Оның келгені туралы естіген бір әйел дереу жақындап, аяғына жығылып тағзым етті.

[26] Әйел Исраил халқынан емес, (Құдайға сенбейтін) Сириядағы Финикия өлкесінен болатын. Оның жын соққан жас қызы бар еді. Әйел Исадан қызындағы жынды қуып шығаруын сұрады.

[27] Бірақ Иса оған: — Алдымен «балалар» жеп тойсын: «Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес», — деді. Әйел:

[28] — Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшіктері» де сәбилердің дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенеді ғой? — деп жауап берді.

[29] Сонда Иса: — Мұны дәл айттың. Сол үшін үйіңе қайта бер, жын қызыңның бойынан шығып кетті, — деді.

[30] Әйел үйіне қайта оралған соң, қызының жынынан арылып, төсекте тыныш жатқанын көрді.

[31] Иса Тирден кетіп, Сидон арқылы Ғалилея көліне оралып, Онқала аймағына барды.

[32] Сол жерде адамдар Исаға саңырау, тілі мүкіс біреуді алып келді. Олар Исадан оның үстіне қолын қойып бата беруін өтінді.

[33] Иса сол кісіні көпшіліктен былайырақ алып шығып, екі саусағын оның құлақтарына тықты. Бұдан кейін түкіріп тастап, қолын кемтар адамның тіліне тигізді,

[34] әрі көкке қарап күрсініп, оған: «Еффата!» яғни «Ашыл!» — деді.

[35] Сол сәтте-ақ адамның құлақтары ашылды және тілінің байлауы шешіліп, айқын сөйлеп кетті!

[36] Иса жұртқа бұл туралы тіс жармауға бұйырды. Алайда Ол неғұрлым қатаң тыйым салғанмен, халық болған оқиғаны соғұрлым кеңірек жариялады.

[37] Олар әбден қайран қалып: «Ол істеген әр нәрсе де керемет жақсы! Тіпті саңырауларды еститін, мылқауларды сөйлейтін қылады!» — деп таңғалысты.

Марқа — Chapters