[1] Иса қайтадан көл жағасында тәлім бере бастады. Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, көл бетінде отырды. Ал барша халық жерде, жағалауда болды.
[2] Иса оларға астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп, былай деді:
[3] — Тыңдаңдар: бір диқан тұқым себуге шығыпты.
[4] Ол сеуіп жүргенде, дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып, жеп қояды.
[5] Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, сол тұқымдар тез көктеп шығады.
[6] Алайда тамыр жая алмағандықтан күн шыққанда олар күйіп, қурап қалады.
[7] Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. Сондықтан сол дәндер де жеміс бермейді.
[8] Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлар көктеп шығып, қаулап өсіп, кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді. —
[9] Сонда Иса оларға: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — деп ескертті.
[10] Халық тарап кеткеннен кейін, төңірегіндегілер және он екі елшісі Исаға айтып берген астарлы әңгімесі туралы сұрақ қойды.
[11] Иса оларға былай деп жауап берді: — Құдай өз Патшалығы туралы сырды білуді сендерге бұйырған. Бірақ сыртта қалғандарға барлығы тек астарлы әңгімелер арқылы ғана айтылады.
[12] Осылайша олар көріп тұрсын, алайда аңғармасын, естіп тұрсын, алайда түсінбесін. Әйтпесе олар теріс жолдарынан қайтып, күнәлары кешірілер еді.
[13] Содан кейін Иса тыңдаушыларына былай деді: — Бұл әңгімені түсінбей тұрсыңдар ма? Онда басқа да астарлы әңгімелердің бәрін қалай ұқпақсыңдар?
[14] Тұқым себуші — адамдарға Ізгі хабардың сөздерін жеткізуші біреу.
[15] Жол бойына түскендері мынадай жайтты бейнелейді: бірқатар адамдар Ізгі хабарды естісімен-ақ әзәзіл шайтан келіп, олардың жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді.
[16] Сол секілді, тастақ жерге себілгендері мынаны көрсетеді: кейбіреулер Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды,
[17] бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Кейін Ізгі хабарға бола бастарына азап не қуғын түскенде, олар дереу сенімдерінен безіп кетеді.
[18] Тікен арасына себілген дәндер болса мынаны білдіреді: басқа адамдар Ізгі хабарды естиді,
[19] алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Өзге нәрселерге деген құмарлықтар да бойларына сіңеді. Сондықтан Ізгі хабар оларда ескерусіз қалып тұншығып, өнім бермейді.
[20] Ал құнарлы топыраққа себілген тұқымдар мынаны бейнелейді: бірсыпыра адам Ізгі хабарды тыңдап, қабылдайды. Кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді.
[21] Иса төңірегіндегі адамдарға тағы былай деді: «Адам шам жағып алып келіп, бір ыдыстың не төсектің астына бүркеп қоя ма? Қайта, оны шам қойғышқа қояды ғой.
[22] Сол сияқты, мәлім болмайтын ешбір сыр, жария болмайтын ешбір құпия да жоқ.
[23] Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!
[24] Иса оларға былай деп қосты: — Не тыңдағандарыңа назар аударыңдар! Қандай мөлшерде көңіл бөлсеңдер, өздеріңе сондай мөлшерде түсінік беріледі, тіпті үстемелеп те беріледі.
[25] Өйткені кімде біраз түсінік бар болса, соған тағы көбірек беріледі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады».
[26] Иса тағы да былай деді: «Құдайдың Патшалығы мынаған ұқсас: біреу егіндікке тұқым сеуіпті.
[27] Ол ұйықтап жатсын, не жүріп-тұрсын, бәрібір, тұқым күні-түні көктеп, өсе береді. Әлгі адам оның қалай өсіп жатқанын түсінбейді.
[28] Жер өздігінен алдымен көк өскінді, содан кейін масағын шығарып, соңынан масақтағы дәндерді өсіріп толыстырады.
[29] Егін піскенде оратын мезгілі жетіп, диқан оған дереу орақ салады».
[30] Бұдан кейін Иса былай деді: «Құдайдың Патшалығын немен салыстырып, қалай астарлап бейнелеуге болады?
[31] Ол қыша дәніне ұқсас: сол дән жерге себілгенде басқа тұқымдардан гөрі титтей болса да,
[32] көктеп шығып өскенде барлық дәнді дақылдардан биік бұта болып, бұтақтарын кең жаяды. Сонда құстар ұшып келіп, оның саясында паналай алады».
[33] Осындай көптеген астарлы әңгімелермен Иса адамдардың тыңдай алғандарынша Ізгі хабарды уағыздады.
[34] Оларға астарламай еш нәрсені айтпады, бірақ Өзінің шәкірттеріне оңашада бәрін түсіндіріп отырды.
[35] Сол күннің кешінде Иса шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді.
[36] Содан олар халықты қалдырып, қайықтағы Ұстазын өздерімен бірге алып кетті. Өзге қайықтар да Исаға ілесе шықты.
[37] Біраздан кейін сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады.
[38] Ал Иса қайықтың артқы жағында көпшік жастанып ұйықтап жатты. Шәкірттері Оны оятып: «Ұстаз, құритын болдық! Жағдайымызды ойламайсыз ба?» — деп айқайлады.
[39] Иса тұрып, желге тыйым салып, көлге де: «Тына қал, басыл!» — деп бұйырды. Сонда дауыл басылып, жым-жырт тыныштық орнады.
[40] Бұдан кейін Иса шәкірттеріне қарап: «Неліктен соншама қорқасыңдар? Әлі де сенімдерің жоқ па?» — деді.
[41] Олар қатты үрейленіп, бір-біріне: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — деп таңғалысты.