Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:49

[1] Сонымен сендерге үшінші рет бармақпын. «Әрбір іс ең кем дегенде екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденуі керек» (деп Тауратта жазылғандай, мәселелеріңді қайтадан дұрыстап тексермекпін).

[2] Екінші рет қастарыңда болған кезде ескерткенмін, қазір де сендерден алыс жүріп, осы хат арқылы ескертемін: қайтадан барғанымда бұрын күнә жасағандарды және кез келген басқаларыңды да еш аямаймын!

[3] Мен арқылы Мәсіх шынымен айтып тұр ма, жоқ па, соған дәлел талап етіп отырсыңдар. Мен бұған былай деймін: өздеріңе әрекет жасағанда Мәсіх күшсіз емес, Ол араларыңда күшті болады.

[4] Кезінде Мәсіх өз құдіретінен бас тартып, айқышқа шегеленіп өлсе де, қазір Құдайдың құдіретімен тірі! Онымен тығыз байланыстағы біз де күшсізбіз, алайда сендерге әрекет жасағанда Құдайдың құдіреті арқылы Мәсіхпен бірге тіріміз!

[5] Шынында да сенім жолымен жүрсіңдер ме, жоқ па, соларыңды тексеріңдер! Әрқайсың жеке бастарыңды сынаңдар: әрине, жүректеріңнің төрінен Иса Мәсіхтің орын алғанын білесіңдер. Егер Ол орын алмаған болса, шынымен сенім жолында емессіңдер!

[6] Алайда біздің (елшілік өкілеттілігіміздің) дәлеліне көздерің жететін болады деп сенемін.

[7] Дегенмен, сендер бұдан былай жамандық жасаудан бас тартсын деп Құдайдан өтініп сиынамыз. Ондағы мақсатымыз — біздің абыройлы болып көрінуіміз емес, сендердің жақсылық жасауларың. Егер осылай (бізге елшілік өкілеттілігіміздің дәлелін келтіруге орайы болмай) өзіміз абыройсыз болып көрінсек, мейлі, солай-ақ бола қойсын.

[8] Себебі біз ақиқатқа қарсы емес, ақиқатты жақтап күш саламыз.

[9] Өзіміз күшсіз, ал сендер күшті болсаңдар, соған қуанып шаттанамыз. Дәл осыны, түгелдей түзелулеріңді, сұрап Тәңір Иеге сиынамыз.

[10] Сондықтан бұларды алыста жүріп өздеріңе жазып отырмын. Иеміздің маған күйрету үшін емес, нығайту үшін берген билігін сендерге барған кезімде қатаңдықпен қолданғым келмейді.

[11] Сонымен, қымбатты бауырластар, қош-сау болыңдар! Түзеле беріңдер, жігерленіңдер, бір ниеттес, тату болыңдар! Сонда сүйіспеншілік пен тыныштықтың бастауы — Құдай сендерге жар болады.

[12] Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер. Құдайдың барлық адамдары сендерге сәлем жолдауда.

[13] Лайым Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы, Құдайдың сүйіспеншілігі және Киелі Рухпен қарым-қатынастарың бәріңде бола берсін! (Аумин.)

Қорынттықт. 2 — Chapters