Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:14

[1] Құдаймен бірге еңбектенуші біз сендерден мынаны өтініп, ескертеміз: өздерің қабылдаған Құдайдың рақымы өмірлеріңде өнімсіз болмасын.

[2] Себебі Ол мынадай сөздерді айтқан: Мен мейірім көрсететін кезімде саған құлақ салдым, халқымды құтқаратын күнім келгенде сені қамқорладым. Тыңдаңдар: Оның мейірім көрсететін кезі осы, құтқаратын күні, міне, бүгін!

[3] Қызметіміз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Ізгі хабарды қабылдауларында іс-әрекетімізбен ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз.

[4] Қайта, барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтылып, зор шыдамдылықпен азаптар, ауыртпалықтар және қиын-қыстау жағдайларды басымыздан өткіземіз.

[5] Біз ұрып-соғылып, түрмеге қамалып, қуғындалғанда, сондай-ақ, ауыр еңбек етіп, ұйқысыз түндер мен аш күндерді бастан кешкенде

[6] таза жүреміз. Түсінігіміз, төзімділігіміз және ақпейілділігімізбен бойымыздағы Киелі Рух арқылы адал сүйіспеншілік танытамыз;

[7] шындықтың хабарын уағыздап, Құдайдың құдіретін көрсетеміз. Осылай Оның қызметшілері екенімізді паш етеміз. Екі қолымызда ұстанған «қаруымыз» — әділдік.

[8] Бізді не құрметтеп, не қараласа да, не сөгіп, не мадақтаса да, не өтірікшілер десе де, бәрібір адалмыз.

[9] Танымал болмасақ та, бізді таниды. Өлгендер деп санаса да, міне, тіріміз. Бізді жазаласа да, өлген жоқпыз.

[10] Бізді ренжітеді, бірақ әрдайым қуаныштымыз. Кедей болсақ та, көптеген адамдарды байытамыз. Ештеңеміз жоқ болғанмен, бәріне де иеміз.

[11] Қымбатты қорынттықтар, сендермен ашық сөйлестік, жүректеріміз де айқара ашық.

[12] Өздеріңе деген пейіліміз кең болғанмен, сендер бізге жүректеріңнен аз-ақ орын бердіңдер.

[13] Мен сендермен балаларымен сөйлескен әкедей сөйлесемін: енді өздерің де бізге пейілдеріңді кең жайсаңдаршы!

[14] Сенбейтіндермен қоян-қолтық бірге жүріп, жаман ниеттеріне ортақтаспаңдар! Себебі әділдік пен заңсыздық арасында ортақ не бар? Яки жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ?

[15] Мәсіх пен белияр (шайтан) арасында ынтымақ бола ала ма? Мәсіхке сенуші мен сенбейтіннің арасында ортақ не бар?

[16] Құдайдың киелі үйі мен жалған тәңірлер арасында қандай келісімнің болуы мүмкін? Себебі біздер мәңгі тірі Құдайдың «киелі үйіміз». Құдайдың Өзі мынадай сөздер айтқан: «Мен орталарында тұрып, араларында жүретін боламын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады».

[17] Жаратқан Ие мынаны айтады: Сондықтан олардың арасынан шығыңдар! Олардан бөлек тұрыңдар, арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар! Сонда Мен сендерді қабылдаймын.

[18] Мен сендерге Әке боламын, ал сендер рухани ұл-қыздарым боласыңдар дейді Әлемнің Билеушісі — Жаратқан Ие.

Қорынттықт. 2 — Chapters