[1] Ал енді, қымбатты бауырластар, сендерді Құдайдың Македониядағы қауымдарға рақымын төккені туралы да хабардар еткіміз келеді.
[2] Бастарынан өтіп жатқан ауыртпалықтар арқылы сенімдері қатты сыналғанмен, (Иемізге деген) қуаныштары шексіз болды. Осылайша олар ағыл-тегіл мол беріп, өздерінің тақыр кедейліктеріне қарамастан жомарттық көрсетті.
[3] Олардың қолдарынан келгенше, тіпті мүмкіндіктерінен де артық кеңпейілділік танытқандарына мен куәмін: өз жүрек қалауларымен
[4] бізден өтініп, өздері де Құдайдың халқына көмек жіберіп, қызмет етуге қатыса алуларын қоймастан жалынып сұрады.
[5] Бұл күткенімізден де артық болды! Олар өздерін алдымен Иемізге бағыштап, сондай-ақ, Құдайдың еркімен бізге де беріле көмектесті.
[6] Сонымен, Тит сендердің араларыңда да осындай игілікті істі бастағандықтан, одан онысын тамамдауын сұрадық.
[7] Сенім, Құдайдың хабарын уағыздау, түсінік, барлық іске де ынта-жігер және бізге деген сүйіспеншіліктерің — бұлардың бәрі сендерде ағыл-тегіл мол. Дәл сол сияқты осы игілікті істі де молынан атқарыңдар.
[8] Мұны бұйыра айтып отырғаным жоқ. Ал басқалардың құлшыныстарына меңзеп, сүйіспеншіліктеріңнің шынайылығын сынап тұрмын.
[9] Иеміз Иса Мәсіхтің рақымдылығын жақсы білесіңдер: Ол сондай бай бола тұра, сендердің рухани баюларың үшін бәрінен бас тартып, жоқшылыққа ұшырады!
[10] Бұған байланысты айтар ақылым: былтыр сендер алғашқы болып көмек беріп қана қоймай, соны өз қалауларыңмен де атқардыңдар.
[11] Ал енді, құлшына тілегендеріңді жүзеге асырып, қолдарыңдағы бармен бөлісіп, осы істі тамамдаңдар.
[12] Біреу беруге ынталы болса, Тәңір Ие оның тарту-таралғысын қолындағы жоғына емес, барына қарай ризашылықпен қабылдайды.
[13] Басқалардың жағдайын жеңілдету үшін өздеріңнің қиналып қалуларыңның қажеті жоқ; керісінше, екі жақта да теңдік болуы керек.
[14] Қазіргі сендердің молшылықтарың олардың мұқтаждықтарын қамтамасыз етіп, кейін олардағы молшылық сендердегі мұқтаждықты қамтамасыз етпек; сонда екі жақта да теңдік орнайды.
[15] Осылайша «көп жинаған кісіден артылған жоқ, аз жинаған мұқтаж да болған жоқ» деп Тауратта жазылғандай болмақ.
[16] Сендерге қамқорлық жасауға деген құлшынысты бізге бергеніндей, оны Титтің де жүрегіне сепкені үшін Құдайға шүкірлік.
[17] Жаңағы тілегімізді Тит жылы ықыласпен қабылдап қана қойған жоқ, сендерге зор құлшыныспен, өз қалауы бойынша бара жатыр.
[18] Титпен бірге тағы бір бауырласымызды да жіберіп отырмыз. Оның Ізгі хабарды уағыздаудағы жұмысы барлық қауымдарда мақталып жүр.
[19] Мұның үстіне қауымдар оны осы игілікті істі орындау мақсатымен (Иерусалимге) аттанған сапарымызда бізбен бірге еріп баруға таңдап алды. Бұл игі істі Иеміздің даңқын арттырып, ізгі ниетімізді білдіру үшін атқарып жүрміз.
[20] Сеніп тапсырылған осы мол сый-тартуды қалай басқарғанымыз жайында бізге ешкім айып тақпасын деп сақ жүреміз.
[21] Иеміз алдында да, адамдар алдында да адал жүруге тырысамыз.
[22] Олармен бірге тағы бір бауырласымызды жіберіп жатырмыз. Оның ізгі ынта-жігеріне алуан түрлі жағдайларда әлденеше рет көз жеткіздік. Ол өздеріңе сенім артып, баруға бұрынғыдан бетер құлшынған.
[23] Тит — менің әрі жолдасым, әрі араларыңдағы қызметтесім. Ал осы бауырластарға келсек, олар — қауымдардың жіберген өкілдері, сүрген өмірлерімен Мәсіхтің ұлылығын паш ететіндер.
[24] Сонымен, оларға сүйіспеншіліктеріңді көрсетіңдер! Осылай біздің өздеріңді мақтан тұтатынымыздың орынды екеніне қауымдардың көздерін жеткізіңдер.