[1] Мақтануыммен біраз ақымақ болып көрінгеніме төзсеңдер екен деймін. Іс жүзінде төзіп келесіңдер де.
[2] Сендерді Құдай берген қамқорлықпен қызғыштай қорғап келемін. Өздеріңді бір-ақ «Күйеу» — Мәсіхке «айттырып қойдым», әрі пәк таза «қыз күйлеріңде» ұзатқым келеді.
[3] Әзәзіл жыланның қулықпен Хауа ананы алдап, азғырғанындай, кейбіреулер сендердің де ой-саналарыңды Мәсіхке деген адалдық пен пәк берілгендіктеріңнен ауытқытып жүрмесін деп уайымдаймын.
[4] Себебі, біреулер сендерге келіп, біз уағыздағаннан өзге «Исаны» уағыздағанда, немесе өздерің қабылдаған Киелі Рухтан өзге рухты, яки қабыл алған Ізгі хабардан басқа біреуін насихаттағанда, сендер бұның бәріне оңайлықпен көне кетесіңдер.
[5] Алайда өзімді сол бір «озат елшілерден» кеммін деп ойламаймын.
[6] Тіптен сөзге шешен болмасам да, білімім жеткілікті. Соған барлық жағынан да көздеріңді толық жеткіздік қой.
[7] Сендерді рухани жағынан көтермелеу үшін өзімді «төмендетуіммен» күнә жасадым ба? Құдайдың Ізгі хабарын сендерге тегін уағыздадым емес пе!
[8] Өздеріңе қызмет ету үшін басқа қауымдардың көмегін қабылдап, оларды тонағандай болдым. Қастарыңда жүрген кезімде мұқтаждық көрген күнде де ешқайсыңды әуреге салмадым.
[9] Өйткені Македониядан келген бауырластар қажет нәрселерімнің орнын толтырды. Қай істе де сендерге ауыртпалық түсірмеуге тырыстым және тырысамын да.
[10] Өз бойымдағы Мәсіхтің адалдығымен мәлімдеймін: Ахая аймағындағы ешкім осы мақтануымды тоқтата алмайды!
[11] Неге бұлай істеймін? Сендерді сүймегендіктен бе? Өздеріңді сүйетінім Құдайға аян! Қалай істеп келсем, солай істеуді жалғастырмақпын.
[12] Жасаған игіліктеріне мақтанып, бізбен бірдей көріну үшін сылтау іздейтіндерге жол беретін ойым жоқ.
[13] Ондайлар — жалған елшілер, алдамшы қызметкерлер, өңдерін айналдырып, Мәсіхтің елшілері болып көрінгендер.
[14] Мұнда таңғалатын ештеңе жоқ: шайтанның өзі өңін айналдырып, нұрлы періште болып көрінеді.
[15] Сондықтан оның қызметшілерінің де өңдерін айналдырып, әділдіктің қызметшілері болып көрінуі ғажап іс емес. Олардың ақыры қылықтарына сай болмақ!
[16] Тағы да қайталаймын: ешқайсыларың мені ақымақ деп ойламаңдар! Ал егер олай ойласаңдар, мені ақымақ ретінде қабылдаңдар, сонда (Ізгі хабарды бұрмалап таратушы солар сияқты) мен де аздап мақтана аламын.
[17] Ендеше батыл мақтанғанда, Иеміздің үлгісі бойынша емес, ақылсыз болғансып айтатын боламын.
[18] Талай жалған тәлім берушілердің өзімшіл ниетпен (сендердің жетістіктеріңе) мақтанып жүргені іспетті, (өздеріңе жіберген елші болуымды қорғау үшін) мен де мақтанбақпын.
[19] Себебі «сондай дана» сендер ақымақтарға қуана төзесіңдер-ау!
[20] Расында біреу өздеріңді құл қылса да, ақыларыңды жеп, тонап кетіп, менсінбей өктемдік көрсетсе де, беттеріңді соқса да, бәрібір төзесіңдер!
[21] Осындай қылықтарды өздеріңе істеуге біздің «күшіміз жетпеді». Мұны айтқанда алдарыңда ұятқа қаламын ба? Ал егер солардың біреуінің бір нәрсеге мақтануға дәті болса — ақымақша айтайын — соған мақтануға менің де дәтім барады.
[22] Олар яһуди ме? Мен де яһудимін. Олар исраилдіктер ме? Мен де солаймын. Олар Ыбырайым атаның ұрпағынан ба? Мен де.
[23] Олар Мәсіхтің қызметшілері ме? Ақымақ кісідей сөйлеп тұрмын: мен Мәсіхке солардан бетер қызмет етудемін. Оларға қарағанда әлдеқайда көбірек еңбектеніп, түрмеге қамалып, аяусыз соғылдым, талай рет өліммен бетпе-бет келдім.
[24] Яһудилер мені бес рет отыз тоғыздан қамшымен соқты.
[25] Мені үш рет таяқпен дүре соқты, бір рет өлтірмек болып таспен атқылады. Үш рет кеме апатына ұшырадым, бір тәулік бойы ашық теңізде малтып, әрең аман қалдым.
[26] Көп рет саяхатқа шығып, сансыз қауіп-қатерге ұшырап келемін: тасыған өзендерден, қарақшылардан, өз ұлттастарым мен басқа ұлттық адамдардан да зардап шектім. Қала мен шөл далада, теңізде және жалған бауырластар арасында қатерге тап болдым.
[27] Ешқандай аянбастан еңбектеніп келемін, ұйықтамаған түндерімнің есебі жоқ. Аштықтың, шөлдің не екенін білемін, киімге мұқтаж болып талай рет тоңдым.
[28] Басқа жайттар туралы айтпағанның өзінде күн сайын барлық қауымдардың қамдары еңсемді басып, толғандырады.
[29] Біреу әлсіз болса, мен де өзімді әлсіз сезінбеймін бе? Біреу күнәға азғырылса, сол үшін күйіп-жанбаймын ба?
[30] Егерде мақтануға тиіс болсам, өзімнің күшсіз екенімді көрсететін жайттармен мақтанайын.
[31] Иеміз Исаның Әкесі, мәңгілік мадаққа лайық Құдай, мына айтатындарымның нағыз шындық екенін біледі:
[32] Дамаскіде болған кезімде Аретас патшаның аймақ әміршісі қала қақпаларын күзеттіріп, мені тұтқындауға бұйырды. Бірақ мен қаланы қоршаған қамалдағы терезеден үлкен себетпен төмен түсіріліп, оның қолынан сытылып кеттім.