Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:44

[1] Шынында сендерге Құдайдың халқына көмектесу туралы жазып жатудың қажеті де жоқ.

[2] Соған деген құлшыныстарыңды білемін ғой. Содан мен Ахая аймағында тұратын сендердің тіпті былтырдан бері көмектесуге әзір екендіктеріңді македониялықтарға айтып, мақтан тұтып келемін. Осы құлшыныстарың олардың көбіне де қозғау салған.

[3] Ал енді өздеріңді мақтағаным бекер болмасын деп, бауырластарды жіберіп отырмын. Осылай өзім айтып кеткендей, іс жүзінде де көмектесуге даяр бола аласыңдар.

[4] Олай етпеген күнде македониялықтар менімен бірге келіп, даяр еместеріңді көрсе, өздеріңді айтпай-ақ қояйын, біз қандай ұятқа қалар едік! Сендерді сондай нық сеніммен мақтап жүрдік қой.

[5] Сондықтан да бауырластардан сендерге бізден бұрын баруларын сұрауды тиімді деп таптым. Олар өздерің уәде еткен жомарт тарту-таралғыларыңды алдын ала жинап, дайындаудың қамын ойластырмақ. Сонда сыйларың іштарлықпен лажсыздан берілген емес, кеңпейілділікпен жасалған игілік болады.

[6] Бұл жайында: «Сараң сепкен сараң жинар, жомарт сепкен жомарт жинар» делінген ғой.

[7] Әрқайсың жүректеріңнің шешіміне сай, еш ренішсіз, зорлықсыз барларыңмен бөлісіңдер! Құдай қуанышпен беретіндерді ұнатады.

[8] Ал сендерді бүкіл игілікке молынан кенелтуге Құдайдың құдіреті жетеді! Сонда әрдайым, қандай жағдайда да қажеттеріңнің бәрімен қамтамасыз етіліп, әр қилы игі істерді молынан жасай аласыңдар.

[9] «Ол мұқтаждарға мол көмек таратады, оның әділдігі мәңгіге ұласады» деп Забурда жазылған.

[10] Егіншіге себуге тұқым, ашыққанға жеуге нан беретін Құдай сендерге «игіліктің тұқымын» ағыл-тегіл мол сыйлап, әділ істеріңнің өнімін молайта түспек.

[11] Ондағы көздегені — сендердің әр жағдайда жомарттық жасай алатындай дәулетті болуларың, әрі біз арқылы жіберген көмектерің үшін көп адамдардың Құдайға шүкірлік етуі.

[12] Өйткені атқарып жатқан қызметтерің Құдай халқының мұқтаждықтарын қамтамасыз етеді. Олар сонымен қатар бұл сенушілердің Жаратқан Иеге шексіз ризашылықтарын білдіріп шүкірлік етулеріне себепші болмақ.

[13] Сендер осы қызметте игі ниеттеріңді дәлелдеп, өздерің мойындаған Мәсіхтің Ізгі хабарына мойынсұнып, солармен және басқалардың бәрімен жомарттықпен бөлісудесіңдер. Сондықтан олар Құдайды мадақтап,

[14] Оның өздеріңе шексіз мол жаудырған рақымына риза болып, шынайы сүйіспеншілікпен сендер үшін дұға ететін болады.

[15] Бізге берген баға жетпес сыйы үшін Құдайға лайым шүкірлік етейік!

Қорынттықт. 2 — Chapters