Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:40

[1] Ғалатия өлкесіндегі сенушілер қауымдарына Пауыл елшіден және қасымдағы барлық бауырластардан дұғай сәлем. Ал мені елшілікке тағайындаған — адам баласы емес, Иса Мәсіх және Оны өлімнен қайта тірілтіп алған Құдай Әкеміз.

[3] Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсін!

[4] Иса Мәсіх бізді қазіргі зұлым дүниенің құлдығынан құтқару үшін Құдай Әкеміздің еркі бойынша күнәларымыздың құнын өтеп жанын құрбан етті.

[5] Құдайдың ұлылығы мәңгі мадақтала берсін! Аумин.

[6] Сендерді Мәсіхтің рақымы арқылы Өзіне шақырған Тәңір Иеден осылай тез бас тартып, өзге бір «ізгі хабарға» бет бұрып кеткендеріңе таңғаламын.

[7] Дегенмен өзге «ізгі хабар» жоқ! Мәселе сендерді шатастырып, Мәсіх туралы Ізгі хабарды бұрмалағысы келген кейбір кісілерде болып тұр.

[8] Егер біздер немесе тіпті «көктен түскен періште» сендерге бұрын уағыздағандарымызға қайшы өзге бір «ізгі хабарды» уағыздайтын болсақ, онда солай істегенімізді Құдайдың қарғысы атпақ.

[9] Бұрын айтқанымызды тағы қайталаймын: біреу сендерге өздерің қабылдаған Ізгі хабарға қайшы келетінді таратып жүрсе, оны Құдайдың қарғысы атпақ!

[10] Ал енді, мен мұны адамға не Құдайға жағу үшін айтып отырмын ба? Жоқ, мен адамдарға ұнауға тырыспаймын, әйтпесе Мәсіхтің қызметшісі бола алмас едім.

[11] Бауырластар, сендерге мынаны білдіргім келеді: мен уағыздаған Ізгі хабар адам ойынан шыққан емес!

[12] Оны ешбір адамнан не қабылдаған, не үйренген емеспін, Иса Мәсіхтің тікелей білдіруімен қабылдадым.

[13] Сендер менің яһуди діні мен дәстүрлерін бұрын қалай ұстанғанымды естігенсіңдер: Құдайдың қауымын шектен тыс қудалап жүріп, құртуға тырыстым.

[14] Мен яһуди дінін ұстануда ұлтымның ішіндегі көптеген құрдастарымнан озып, ата-бабаларымыздан мирас қалған салт-дәстүрлерді қызу жақтап, қатаң ұстанушы болдым.

[15] Бірақ Құдай мені анамның құрсағында жатқанда-ақ таңдап, Өзінің зор рақымымен шақырып алды. Содан Ол маған өз қалауымен

[16] Исаның Өзінің рухани Ұлы екендігін ашып білдіріп, Ол туралы Ізгі хабарды яһудилерден басқа халықтардың арасына таратуға бұйырды. Сонда мен осы жайлы ешбір адамнан ақыл сұраған жоқпын,

[17] әрі Иерусалимге барып, менен бұрын елші болғандармен де ақылдасқан емеспін. Қайта, ешқайда соқпастан, Арабия еліне тура аттанып, сол жақтан Дамаскіге қайтып келдім.

[18] Үш жылдан кейін ғана Петір елшімен танысу үшін Иерусалим қаласына бардым. Оның қасында он бес күн болдым.

[19] Сол кезде басқа елшілердің ешқайсысын көрмедім, тек Иеміз Исаның туған інісі Жақыппен ғана кездестім.

[20] Құдай куә, бұл жазып отырғандарым өтірік емес.

[21] Содан кейін Сирия мен Кіликия өлкелеріне бардым.

[22] Ал Яһудея аймағындағы Мәсіхке сенушілердің қауымдары мені әлі де жүзбе-жүз танымайтын.

[23] Олар тек: «Бізді бұрын қудалаған адам өзі түп-тамырымен құртпақ болған сенімді қазір уағыздап жүр» дегенді естіді.

[24] Содан олар мені тәубеге келтіргендігі үшін Құдайды мадақтады.

Ғалаттықт. — Chapters