Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:10

[1] Сонымен, Құдайдың рақымымен осы қызметке ие болған біз ешбір мойымаймыз.

[2] Қайта, құпия да ұят қылықтардан аулақ жүріп, ешқандай қулық-сұмдықты қолданбаймыз. Құдайдың хабарын бұрмаламаймыз да: Оның көз алдында шындықты ашық уағыздап, өзімізді барлық адамдардың ар-ұждандарына таныстырамыз.

[3] Біз жариялап жүрген Ізгі хабар жабық болса, ол тозақ жолындағылар үшін ғана жабық.

[4] Бұлар оған сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің «тәңірі» (әзәзіл шайтан) олардың ой-саналарын соқыр қылып қойған. Содан олар Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын көре алмайды. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді.

[5] Біз өзімізді емес, Мәсіх Исаны уағыздаймыз, Ол — Жаратқан Ие, ал біз Исаға бағышталып, сендерге қызмет етеміз.

[6] Жаратылыстың басталуында қараңғылықтан нұрдың жарқырауын бұйырған Құдай жан дүниемізді де жарқыратып, бізді Иса Мәсіхтің бетінен көрінетін Өзінің салтанатты ұлылығын білуіміз арқылы нұрландырды.

[7] Біз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр.

[8] Жан-жақтан қысым көрудеміз, бірақ тапталған жоқпыз, шарасыз болып қысылудамыз, бірақ үмітімізді үзген жоқпыз.

[9] Қуғынға түссек те, Тәңір Ие бізді жалғыз қалдырған жоқ; жығылсақ та, жойылмаймыз.

[10] Иеміз Иса іспетті тәнімізде әрдайым азап шегіп, өлім қаупіне душар боламыз. Сол арқылы Оның өмірі де тәнімізден көрініс табуда.

[11] Себебі тірі жүрген біздер ұдайы Исаға бола өліммен бетпе-бет келеміз, осылай ажалды тәнімізден Оның өмірі көрініс табады.

[12] Мұның нәтижесінде бізде өлім, ал сендерде өмір әрекет етуде.

[13] Ал Забурда: «Мен Саған сенімімді жүктедім, содан мынаны айттым» деп жазылған. Осындай сенімді Құдайға біз де жүктейміз, сондықтан Ол туралы айтамыз.

[14] Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайдың бізді де Иса арқылы қайта тірілтіп, сендермен бірге өз алдына әкелетінін білеміз ғой.

[15] Басымыздан өткен осылардың бәрі де сендердің игіліктерің үшін. Бұның нәтижесінде барған сайын көптеген адамдар Құдайдың рақымын қабылдап, Оған шексіз ризашылық білдіріп, даңқын асырмақ.

[16] Сондықтан да еш мойымаймыз. Тәніміз тозып әлсірегенмен, жан дүниеміз күн сайын жаңара түсуде.

[17] Уақытша көретін жеңіл азаптарымыз бізді өздерінен әлдеқайда зор, тіпті шексіз де мәңгілік ұлылыққа жеткізеді!

[18] Сонымен көзге көрінетін емес, көрінбейтін нәрселерге назар тігеміз. Себебі қазір көрініп тұрғандар өткінші, ал көрінбейтіндер мәңгі.

Қорынттықт. 2 — Chapters