[1] «Қасымызда жүргенде момын, ал алыста жүргенде батыл» деп келекеленген мен — Пауыл Мәсіхтің ілтипаттылығы мен төзімділігін естеріңе сала отырып мынаны өтініп сұраймын:
[2] сендерге барған кезімде қатаң батылдықты қолдануға мені мәжбүр етпеңдер! Соны бізді күнәкарлар сияқты іс-әрекет жасайды деп ойлайтын кейбіреулеріңе қарсы қолданатын ниетім бар.
[3] Біз осы күнәкар дүниеде өмір сүргенмен, оның салты бойынша күреспейміз:
[4] қолданып жүрген қаруларымыз осы дүниелік емес, оларда Құдайдың құдіреті бар. Солармен жау бекіністерін талқандаймыз; оның дәлелдемелерінің қате екенін әшкерелеп,
[5] адамдардың Құдайды тануларына бөгет болатын тәкаппарлық атаулыны құртып, күллі ой-пікірлерін Мәсіхке бағындырамыз.
[6] Осылай өздерің Оған толық мойынсұнғаннан кейін (араларыңдағы қиқарлардың) бүкіл бағынбаушылықтарын жазалауға дайын боламыз.
[7] Сендер тек жайттың сыртқы көрінісіне ғана назар аударып келесіңдер. Өзін Мәсіхтікімін деп иланған әркім қайтадан ойлансын: ол сияқты біз де Мәсіхтікіміз.
[8] Иеміз бізге сендерге зиян келтіру үшін емес, сенімдеріңді нығайту үшін билік берген болатын. Сол билігіммен емін-еркін мақтансам да, ұятқа қалмас едім.
[9] Бірақ сендерді хаттарыммен қорқытқым келмейді, солай болып көрінбесін!
[10] Кейбіреулерің мені «хаттары қатаң да күшті, ал жүзбе-жүз кездескенде өзі де әлсіз, сөзі де мәнсіз» дейді екенсіңдер.
[11] Ондайлар біздің сендерге алыстан хатта жазғандарымыз бен қастарыңда жүргенде істейтіндеріміздің бірдей болатынын білсін!
[12] Сондай мақтаншақтармен өзімізді теңестіруге не салыстыруға біздің дәтіміз, әрине, бармайды: олар өздерін өзіндік үлгілерімен бағалап, өздерін өздерімен ғана салыстырады. Қандай ақымақтық!
[13] Ал біз шексіз мақтанбаймыз. Керісінше, өзімізге Құдай белгілеген қызмет ауқымында қаламыз. Бұл сендерді де қамтиды,
[14] сондықтан да өз ауқымымыздың шегінен тыс шықпаймыз. Егерде сендерге бұрын еш бармаған болсақ, солай болар еді. Алайда Мәсіхтің Ізгі хабарын сендерге алғаш рет біз жеткіздік емес пе?!
[15] Сонымен басқалардың еңбектерімен мақтанатындай тиімсіз іс жасамаймыз. Қайта, сендердің сенімдеріңнің өсуі арқылы араларыңдағы қызмет ауқымымыз әлі де молынан кеңейе түседі деп күтеміз.
[16] Осылай біз Ізгі хабарды сендерден тыс, өзге жерлерде де уағыздай алып, басқаның ауқымында атқарылған дайын істер үшін мақтанбайтын боламыз.
[17] «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» деп Пайғамбарлар жазбаларында айтылған ғой.
[18] Ендеше өзін-өзі мақтаған емес, тек Иеміз мақтаған ғана шынымен қадірленуге лайық.