Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:33

[1] Сол үшін де мен сендерге бармай-ақ қояйын деген шешімге келдім. Себебі барсам, өздеріңді тағы да ескертіп, ренжітуіме тура келер еді.

[2] Себебі егер сендерді ренжітсем, онда мені кім қуантпақ? Өзім қамықтырған сендерден басқа кім көңілімді серпілтер еді?

[3] Сондықтан да барып, мені қуантуға тиісті сендерден реніш табудың орнына сол хатты жазып жібердім. Бәріңнің мені қоштап, бірге қуанатындарыңа сендім.

[4] Оны қатты қиналып, жүрегім ауырып, көзіме жас ала отырып жаздым. Өздеріңді қайғырту үшін емес, қайта, шексіз сүйетінімді ұғындыру үшін жаздым.

[5] Сол ренішті туғызған адам болса, оның тек мені ғана емес, бәріңді де едәуір ренжіткені; тым асырып айтпау үшін «едәуір» дедім.

[6] Мұндайға көпшіліктен алған жазасы жеткілікті.

[7] Ендеше шексіз қайғыға батпасын деп, оны кешіріп, жігерлендіргендерің дұрыс болар.

[8] Сонымен сендерден өтінерім: оған сүйіспеншіліктеріңді көрсетіңдер.

[9] Сондай-ақ, барлық жағынан да айтқандарыма құлақ асар ма екенсіңдер деп тексеріп, сынау үшін де сол хатты жазып жібердім.

[10] Сендер кешірген адамды мен де кешіремін. Ал менің кешіргенім — егерде оның бір айыбын кешіруім қажет болса — оны сендердің игіліктеріңді көздеп, Мәсіхтің алдында кешіргенім.

[11] Әзәзіл шайтан бізден амалын асырмау үшін осылай істедім, оның зымиян ниетін жақсы білеміз.

[12] Мәсіх туралы Ізгі хабарды уағыздау үшін Трояға келген кезімде Иеміздің маған Өзінің жұмысы үшін есік ашып қойғанын көрдім.

[13] Бірақ сол жерден бауырласым Титті таба алмай мазам кетті. Сондықтан ондағы сенушілермен қоштасып, Македонияға жөнелдім.

[14] Алайда Құдайға шүкір: Ол Мәсіхпен тығыз байланыстағы бізді әрдайым жеңістің шеруімен жетелеп, біз арқылы Мәсіхті танудың «хош иісін» барлық жерге де таратуда.

[15] Себебі құтқарылу жолындағылар арасында да, тозаққа қарай бара жатқандар арасында да Құдай үшін Мәсіхтің хош иісі іспеттіміз.

[16] Соңғылар үшін біздің таратқан Ізгі хабарымыз өлімнің шіріген иісіндей болса, алғашқылар үшін сол хабар шынайы өмірдің жұпар иісі секілді. Ал кім мұндай жауапты қызметті атқаруға қабілетті?

[17] Біз көптеген басқалар сияқты Құдайдың хабарын пайда көздеп, бұрмаламаймыз. Қайта, Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып, Құдайдан жіберілгендер ретінде Ізгі хабарды Оның көз алдында адалдықпен уағыздаймыз.

Қорынттықт. 2 — Chapters