Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:40

[1] Бесінші періште кернейлеткенде, көктен жерге құлап түскен «жұлдызды» көрдім. Оған (жындар тұратын) терең тұңғиық көзінің кілті берілді.

[2] Жұлдыз тұңғиықтың қақпасын ашқанда, одан үлкен пештен шыққандай қою түтін шығып, содан күн көзі де, ауа да қараңғыланып кетті.

[3] Түтіннен «шегірткелер» шығып, жерге қонды. Оларға жердегі шаяндар іспетті (залал тигізу) күші беріліп,

[4] тек маңдайларында Құдайдың таңбасы жоқ адамдарды ғана жәбірлеу бұйырылды. Ал оларға көк шөпке, басқа да ешқандай өсімдіктер мен ағаштарға зақым келтіруге рұқсат берілмеді.

[5] Сол «шегірткелердің» бұл адамдарды өлтірмей, тек бес ай бойы азаптау еркі ғана болды. Олардың шаққаны адамды улы шаянның шаққанындай азаптап қинайды.

[6] Осы бес ай ішінде адамдар өлгілері келсе де, өле алмайды. Олар өлуді қаншама аңсағанмен, ажал олардан қашып кететін болады.

[7] Шегірткелер ұрысқа дайын аттардай көрінді. Бастарына алтын тәж секілді бір нәрсе киіп, бет пішіндері адамға ұқсас болды.

[8] Олардың шаштары әйелдердің шаштарындай, тістері арыстанның тістеріндей,

[9] ал кигендері темір сауытқа ұқсас екен. Қанаттарынан шыққан шуы ұрысқа шапқан ат жеккен сансыз күймелердің дөңгелектерінің дыбысындай еді.

[10] Шегірткелердің шаяндікі сияқты құйрықтары мен улы тістері бар екен; оларға бес ай бойы адамдарды шағу еркі берілді.

[11] Тұңғиықтың періштесі шегірткелердің үстерінен патшадай билік жүргізеді екен. Оның еврейше, грекше аттарының мағынасы — «Құртушы».

[12] Бір қасірет өтті, енді, міне, тағы екеуі төніп келеді!

[13] Алтыншы періште кернейлеткен кезде Құдай алдында тұрған, алтын жалатқан түтету үстелінің төрт бұрышындағы мүйіздерінен шыққан бір дауысты естідім.

[14] Сол дауыс кернейі бар алтыншы періштеге: «Ұлы Евфрат өзенінің жағасында байлаулы жатқан төрт хабаршыны босат!» — деп бұйырды.

[15] Сонда дәл осы сағат, осы күн, осы ай, осы жылда (күнәкар) адамдардың үштен бірін өлтіруге дайындалған төрт хабаршы босатылып жіберілді.

[16] Олардың атты әскерінің санын естідім: екі жүз миллион шамасында еді.

[17] Мен осы аянда көрген аттар мен салт аттылардың сырт көрінісі мынадай: үстерінде оттай қызыл, қара көк және күкірттей сары түсті қалқандары бар еді. Аттардың бастары арыстандікіне ұқсап, ал ауыздарынан от-жалын, түтін және күкірт шығып жатты.

[18] Адамзаттың үштен бірі аттардың ауыздарынан шыққан осы үш пәледен: от-жалын, түтін және күкірттен қырылып қалды.

[19] Аттардың күштері ауыздарында да, құйрықтарында да бар еді. Себебі құйрықтары адамды шағып зақымдайтын басы бар жыландарға ұқсайтын.

[20] Алайда сол пәлелерден өлмей, аман қалған адамдар өз қылықтарына өкініп, бас тарта қоймады. Олар өздерінің жын-перілерге және алтын, күміс, мыс, тас немесе ағаштан жасалған мүсіндерге табынып келгендеріне опық жеп, тәубеге келмеді. Ал сол мүсіндер не көре, не ести, не жүре алмайды ғой.

[21] Сонымен қатар адамдар өздерінің кісі өлтіріп, сиқыршылықпен айналысып, азғындыққа салынып, ұрлық жасап күнәға батқандарынан да қайтпады.

Аян — Chapters