Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:26

[1] Содан соң жаңа көк пен жаңа жерді көрдім. Себебі бұрынғы көк пен жер құрып кетіп, бұдан былай теңіз де болмады.

[2] Сонда мен көктен, Құдайдың қасынан түскен қасиетті қаланы: жаңа Иерусалимді байқадым. Ол күйеуінің алдынан шығуға безеніп киінген қалыңдықтай дайындалған еді.

[3] Көктегі тақтан былай деген зор дауысты естідім: «Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы тұрағы! Ол солармен бірге тұрып, олар Оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың Өзі солармен бірге мекендеп, олардың Құдайы болады!

[4] Ол барлық көз жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды».

[5] Сонда тақта Отырған: — Енді бәрін де жаңадан жаратамын, — деді. Ал маған қарап: — Мұны жазып қой, бұл сөздер сенуге тұрарлық шынайы! — деп қосты.

[6] Содан соң Ол былай деді: — Енді түгел орындалды! Алғашқы да Соңғы, Басы да Аяғы Менмін. Жаны сусаған әркімге шынайы өмірдің қайнар көзінен суды тегін ішкіземін.

[7] Жеңіп шыққан әркім осы игіліктердің бәрін иемденеді. Мен оған Құдай, ол Маған рухани бала болады.

[8] Алайда қорқақтар, сенімсіздер, зұлымдар, кісі өлтіргендер, азғындар, сиқыршылар, жалған тәңірге құлшылық етушілер және бүкіл өтірікшілердің алатын үлестері күкірт жанып тұрған отты көлде болмақ. Бұл — «екінші өлім».

[9] Соңғы жеті пәлеге толы жеті тостағанды әкелген жеті періштенің біреуі қасыма келіп: — Жүр, мен саған «Қалыңдықты» — «Тоқтының үйленетін әйелін» көрсетейін, — деді.

[10] Сонда періште мені Киелі Рухтың әсерімен биік те ұлы таудың басына алып шығып, маған қасиетті Иерусалим қаласын көрсетті. Ол көктен, Құдайдың қасынан түсіп,

[11] Оның нұрлы салтанатына кенелді. Қала өте құнды асыл тас іспетті, мөлдір тастай айқын яспис сияқты жалт-жұлт етіп жарқырап жатты.

[12] Оны өте биік қабырға қоршап, он екі қақпасында он екі періште тұрды. Қақпаларда Исраил халқының он екі руының аттары жазылған екен.

[13] Әр жақта үш қақпадан болды: шығыс, оңтүстік, солтүстік және батыста үшеуден.

[14] Қала қабырғасының он екі іргетасы да бар екен, оларға Тоқтының он екі елшісінің есімдері жазылыпты.

[15] Маған тіл қатқан періште қолына бір өлшеуіш алтын таяқты ұстапты. Осы таяқпен ол қаланы, оның қақпалары мен қабырғаларын өлшеп шықпақ болды.

[16] Қаланың ұзындығы мен ені бірдей төрт бұрышты болып салынған екен. Періште өлшеуіш таяғымен қаланы өлшегенде оның ұзындығы — он екі мың стади, ені мен биіктігі де дәл сондай болды.

[17] Періште қаланы қоршаған қабырғаны да өлшеп шықты, ол жүз қырық төрт шынтақ екен. Періште әдеттегі адамдар өлшемін қолданды.

[18] Қабырға яспистен, ал қаланың өзі мөлдір шыныға ұқсас саф алтыннан жасалыпты.

[19] Қала қабырғасының іргетастары әр түрлі асыл тастармен әшекейленген еді. Бірінші іргетасы яспис, екіншісі сапфир, үшіншісі агат, төртіншісі алмас,

[20] бесіншісі оникс, алтыншысы карнелиан, жетіншісі сары кварц, сегізіншісі изумруд, тоғызыншысы топаз, оныншысы хрисопрас, он біріншісі жақұт, он екіншісі аметист еді.

[21] Он екі қақпасы — он екі інжу-маржан: әр қақпа бір маржаннан жасалыпты. Қаланың даңғыл көшесі мөлдір шыныдай саф алтыннан салынған еді.

[22] Қаладан киелі үйді көрмедім. Себебі оның киелі үйі — бүкіл әлемнің Билеушісі Құдай Ие және Тоқты.

[23] Қалаға жарық түсіру үшін күн мен айдың да қажеті жоқ: Құдайдың нұрлы салтанаты оны жарқыратады, әрі Тоқты да — оның шам-шырағы іспетті.

[24] (Құтқарылған) халықтар оның нұрымен жүріп, жер бетінің патшалары салтанатты тарту-таралғыларын қалаға әкеліп тұрады.

[25] Қала қақпалары күн ұзағына жабылмайды, ешқашан түн де болмайды.

[26] Халықтар қымбат салтанатты сый-тартуларын әкеліп, құрмет көрсетеді.

[27] Ал арамдардың, жексұрын қылықтар жасап, жалған айтатындардың ешқайсысы да қалаға кірмейді. Тек Тоқтының «Мәңгілік өмір кітабында» есімдері жазылғандар ғана енетін болады.

Аян — Chapters