Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:55

[1] Осыдан кейін қарап қалсам, көкте ашылған есікті көрдім! Мен бұдан бұрын да естіген, керней үніне ұқсайтын қатты дауыс маған: «Мұнда көтеріл, саған осыдан кейін не болуға тиіс екенін көрсетемін», — деді.

[2] Мен дереу Киелі Рухқа ерекше бөленіп аян көрдім: көкте бір тақ тұрды, үстінде Біреу отыр екен.

[3] Отырғанның сырт көрінісі яспис, карнеол іспетті асыл тастардай сәуле шашып, ал тақтың айналасын зүбәржаттай жалтыраған кемпірқосақ қоршапты.

[4] Тақты айналдыра жиырма төрт тақ тұр екен. Олардың үстінде ақ киімді, алтын тәж киген жиырма төрт ақсақал отырды.

[5] Тақтың тұсынан найзағайдың жарқылы, гүрсілі және күркірі шықты. Ал тақтың алдында жеті шырағдан жалындап жанып тұрды. Олар — Құдайдың жеті Рухының белгісі.

[6] Тақтың алды мөлдір кристалл іспетті шыны теңізге ұқсады. Тақты қоршай, оның ортаңғы баспалдағында төрт нөкер бар еді. Олардың денелерінің алды-артында көптеген көздері болды.

[7] Алғашқысы арыстанға, екіншісі бұқаға, үшіншісінің беті адамның бетіне, ал төртіншісі ұшып бара жатқан бүркітке ұқсас екен.

[8] Әрбіреуінің алты қанаты болатын, қанаттардың тұла бойлары да толған көздер еді. Олар күні-түні тоқтамастан: «Бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым болып келген, мәңгі бар және болашақта келетін Құдай Ие қасиетті, қастерлі, киелі!» — деп сиынумен болды.

[9] Төрт нөкер тақта отырған, мәңгілік өмір сүретін Құдайға даңқ пен құрмет көрсетіп, шүкірлік еткен сайын,

[10] жиырма төрт ақсақал Оның алдына бас ұра жығылып, мәңгі тірі Оған тағзым етеді. Олар тәждерін тақтың алдына ұсынып, былай дейді:

[11] «Уа, Құдай Иеміз, Сен даңқ пен ұлылыққа, құрмет пен билікке лайықсың! Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді».

Аян — Chapters