Аян 22
[1] Періште маған Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алған мөлдір тастай жылтылдаған өмір суының өзенін де көрсетті.
[2] Ол қала көшесінің ортасымен төменге қарай ағады. Өзеннің әр жағасында өсіп тұрған мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш ай сайын, жылына он екі рет, жеміс береді. Ал жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған.
[3] Қарғалған еш нәрсе де осы қаладан табылмайды. Құдай мен Тоқтының отырған тағы қаланың ішінде. Құдайдың қызметшілері Оған бас ұра қызмет етіп,
[4] Оның бет-жүзін көретін болады. Маңдайларында Оның есімі жазылып тұрмақ.
[5] Енді ешқашан түн болмайды. Оларға шам-шырақ пен күн сәулесінің қажеті жоқ, себебі Құдай Иенің нұры түсіп тұрады. Олар мәңгі патшалық құрмақ.
[6] Мұнан кейін періште маған: «Бұл сөздер сенуге тұрарлық нағыз шындық. Пайғамбарларға өз Рухын дарытқан Құдай Ие қызметшілеріне жуырда болуға тиісті оқиғаларды алдын ала көрсету үшін періштесін жіберді», — деді.
[7] (Мәсіх:) «Міне, Мен жуырда келемін! Құдайдың осы кітаптағы хабарларын ұстанатындар бақытты!» — деп ескертті.
[8] Мен, Жохан, осыларды естіп, көрдім. Естіп, көріп жатқан кезде мен оларды көрсеткен періштенің аяғына бас ұрмақ болып жығылдым.
[9] Алайда ол: «Бұлай істеме! Мен өзіңмен, саған бауырлас пайғамбарлармен және осы кітаптағы сөздерге мойынсұнатындармен бірге қызмет етушімін. Құдайға бас ұрып ғибадат ет!» — деді.
[10] Ол маған тағы да: «Құдайдың бұл кітаптағы хабарларын мөрлеп бекітіп, құпия ұстама! Себебі жүзеге асатын уақыты таяп қалды.
[11] Әділетсіздер әділетсіз істерін әлі де жасап, арамдар арамдықтарын істей берсін, ал әділдер әділ істерін жалғастырып, қасиеттілер әлі де қасиетті бола берсін», — деді.
[12] Иеміз Иса маған тіл қатып: — Тыңда, Мен жуырда келемін! Әркімге ісіне қарай беретін сыйымды Өзіммен бірге ала келемін.
[13] Алғашқы да Соңғы, Бастапқы да Ақырғы, Басы да Аяғы Менмін.
[14] Шапандарын таза жуып, осылайша мәңгілік өмір ағашының жемісін жеп, қақпалары арқылы қалаға ену құқығына ие болғандар бақытты!
[15] Алайда «иттер» — сиқыршылар, азғындар және кісі өлтіргендер, жалған тәңірлерге құлшылық етіп, жалғандықты ұнатып, соларын жасай беретіндер қала сыртында (яғни тозақта) қалады.
[16] Мен, Иса, осы хабарларды қауымдардағы сендерге жеткізу үшін періштемді жібердім. Мен Дәуіт патшаның әулетінен шыққан, «таңғы жарық Жұлдызбын», — деді.
[17] Киелі Рух пен Қалыңдық: «Келе гөр!» — деп шақырады. Мұны естіген әркім де «Келе гөр!» десін. Жаны сусаған әркім сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдасын!
[18] Құдайдың осы кітаптағы хабарларын еститіндерге мұқият ескертемін: кімде-кім оған бір нәрсе қосса, соның жазасына Құдай осы кітапта суреттелген пәлелерді қосып береді.
[19] Ал кімде-кім Құдайдың хабары жазылған осы кітаптың сөздерінен бір нәрсені алып тастаса, Құдай оның осы кітапта бейнеленген мәңгілік өмір сыйлайтын ағаштан және қасиетті қаладан иемденетін үлесін де алып тастайды.
[20] Осының бәрін Растаушы былай дейді: — Бұл шындық, Мен жуырда келемін! Аумин! — Иеміз Иса, келе гөр!
[21] Иеміз Исаның рақымы бәріңе де жауа берсін! Аумин.