Аян 7
[1] Мұнан кейін мен дүниенің төрт бұрышында тұрып, жер бетіне, теңізге және ағаштарға ешқандай жел соға алмастай етіп жердің төрт желін тұсаулап ұстаған төрт періштені көрдім.
[2] Сол кезде күншығыстан келе жатқан, қолында мәңгі тірі Құдайдың мөрі бар басқа бір періштені де көрдім. Ол Құдайдан жер мен теңізге зақым келтіру билігін алған төрт періштеге қатты дауыспен айқайлап:
[3] «Біз Құдайымыздың қызметшілерінің маңдайына таңба салып болмайынша, жер бетіне, теңізге және ағаштарға ешбір зақым келтірмеңдер!» — деп бұйырды.
[4] Мен маңдайларына Құдайдың таңбасы салынғандардың саны жүз қырық төрт мың екенін естідім; олар Исраилдің барлық руларынан еді.
[5] Әрбір рудан, яғни Яһуда, Рубен, Ғад, Ашир, Нафталим, Манаса, Шимон, Леуі, Исашар, Забулон, Жүсіп және Бунямин руларынан он екі мыңнан адамға таңба салынды.
[9] Содан соң қарасам, сансыз көп адамдардың ғаламат жиынын көрдім. Олар әрбір ұлт, ру, халық және тілден шығып, тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұр екен.
[10] Жиналғандар қатты дауыспен былай деп мақтау айтты: — Құтқарылу тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтының билігінде!
[11] Барлық періштелер де, ақсақалдар мен төрт нөкер де тақты айналдыра тұрды. Олар тақтың алдында жерге бас ұра жығылып Құдайды былай деп даңқтады:
[12] — Аумин. Дәріптеу, ұлылық және даналық, Шүкірлік, құрмет, құдірет пен билік Біздің Құдайға арналған мәңгілік! Аумин.
[13] Мұнан кейін ақсақалдардың бірі маған: — Ақ шапан киген мына адамдар кімдер, олар қайдан келді? — деген сұрақ қойды.
[14] — Мырзам, өзіңіз білесіз ғой, — деп жауап бердім. Ол маған былай деп түсіндірді: — Бұлар — зор қудалану кезеңінен өткендер. Олар шапандарын Тоқтының төгілген қанымен «жуып» аппақ қылды.
[15] Сондықтан олар Құдайдың тағының алдында тұрып, Оған күні-түні киелі үйінде қызмет етеді. Тақта отырған Құдай олардың арасында бірге тұрып, баспана болады.
[16] Енді ешқашан да соларды аштық пен шөл азабы қинамайды, күннің аптабы да күйдірмейді.
[17] Себебі тақтың ортасындағы Тоқты олардың Бағушысы болып, «тірі судың» бұлақтарына жетелейді. Құдай солардың барлық көз жастарын сүртіп тастап жұбатады.