Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:06

[1] Сардтағы қауымның періштесіне былай деп жаз: Бұл — Өзінде Құдайдың жеті Рухы әрі жеті жұлдызы Бардан хабар. Мен сенің істеріңді білемін; жұрт сені тірі деп санағанмен (рухани) өлісің.

[2] Оян! Өзіңде әлі де бар, бірақ жуырда өлмекші игі қасиеттеріңді нығайт! Себебі сенің істеріңді Құдайымның көз алдында жеткіліксіз деп таптым.

[3] Өзің тыңдап қабылдаған шынайы ілімді есіңе түсіріп, ұстанып, теріс жолдан қайт! Ал егер оянбасаң, саған ұры сияқты сап ете түсемін. Менің келетін уақытымды ешқашан біле алмайсың.

[4] Дегенмен Сардтағы сендердің араларыңда арамданбаған бірқатарың бар. Олар аппақ киім киіп, Менімен бірге жүретін болады. Себебі олар соған лайық.

[5] Жеңіп шыққан әркім солар сияқты аппақ киім киетін болады; Мен оның есімін Мәңгілік өмір кітабынан өшірмей, Әкемнің және Оның періштелерінің алдында ашық мойындаймын.

[6] Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!

[7] Філаделфидегі қауымның хабаршысына былай деп жаз: Бұл — Киелі де Шынайыдан хабар. Өзімде Дәуіттің (патшалығының) кілті бар; Мен ашқанды ешкім жаба алмайды, Мен жапқанды ешкім аша да алмайды.

[8] Сенің істеріңді білемін. Міне, Мен алдыңнан есікті ашып қойдым, ешкім де оны жаба алмайды. Өзіңдегі күш азырақ болғанымен, сен айтқандарымды сақтап, Менен танбадың.

[9] Тыңда: өздерін яһудиміз (яғни Құдай халқымыз) десе де, олай емес, өтірікші әрі «шайтанның мәжілісханасы» болғандардың кейбіреулерін саған беремін; расында оларды аяғыңа бас ұрғызып, Өзімнің сені сүйетіндігіме көздерін жеткіздіремін.

[10] Сен Менің азаптарда төзімділік таныту туралы бұйрығымды орындап келгендіктен, Мен сені осы дүниенің адамдарын тексеруге арналған, бүкіл жер бетінде болатын азапты сынақ кезінде қорғаймын.

[11] Мен жуырда келемін. «Жеңісіңнің тәжін» сенен ешкім тартып алмау үшін, өзіңде бар рухани игіліктерді берік ұста!

[12] Жеңіп шыққан әркімді Мен Құдайымның киелі үйінің «бағанасы» қылып қадірлеймін; ол содан ешқашан шықпайтын болады. Оған Құдайымның атын, Соның қаласының атын, яғни көктен, Оның қасынан түсетін жаңа Иерусалимнің атын және Өзімнің жаңа атымды да жазамын.

[13] Құлақтары барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!

[14] Лаудікидегі қауымның періштесіне былай деп жаз: Бұл — «Аумин» деп те аталатын Мәсіхтен хабар. Ол — шындықты жариялап, шейіт болған адал да шынайы Куәгер әрі Құдайдың жаратылысының Билеушісі.

[15] Мен сенің істеріңді білемін: сен салқын да емессің, ыссы да емессің. Не ыссы, не салқын болсаң ғой, шіркін!

[16] Алайда ыссы да емес, салқын да емес, жылымшы болғаның үшін сені аузымнан түкіріп тастамақпын!

[17] «Мен баймын, ауқаттымын, еш нәрсеге мұқтаж емеспін», — дейсің. Ал өзіңнің шынында сорлы бейшара, рухани жарлы, жалаңаш әрі соқыр екеніңді білмейсің!

[18] Саған рухани баюың үшін отта балқытылып тазартылған «саф алтынды» Менен сатып алуға кеңес беремін. Масқара жалаңаштығың көрінбес үшін Менен «аппақ киім» де алып, киін. Сондай-ақ, көре алуың үшін «көзге жағатын шипалы май» да сатып ал!

[19] Мен сүйетіндерімді әшкерелеп, тәртіпке шақырамын. Енді ынталы болып, өкініп, теріс жолдан қайт!

[20] Міне, Мен есік алдына келіп, қағып тұрмын. Кімде-кім даусымды естіп, есік ашса, Мен оның жан дүниесіне еніп, онымен бірге «дастарқандас» боламын; ол да рухани нәр алып, Менімен тығыз байланыста болады.

[21] Өзімнің жеңімпаз болып, Әкеммен бірге Оның тағында отырғанымдай, Мен жеңіп шыққан әркімді де қасыма, тағымның үстіне отырғызамын.

[22] Құлақтары барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!

Аян — Chapters