Аян 18
[1] Бұлардан кейін көктен төмен түсіп келе жатқан бір ерекше періштені көрдім. Оның зор билігі бар еді, салтанатының нұры бүкіл жерді жарқыратты.
[2] Періште қатты дауыспен былай деп жариялады: «Ол құлады! Ұлы Бабыл құлады! Ол жындардың ордасы, әр алуан арам рухтардың ұясы болды. Бұдан былай арам, жексұрын құстардың барлық түрі оған қоныстанбақ.
[3] Күллі ұлттар да оның жынды қылатын азғындығының «шарабынан» ішіп келді. Дүниенің патшалары онымен азғындыққа түсетін. Әлемнің саудагерлері оның сән-салтанат пен асқан молшылыққа деген құмарлығынан байыды».
[4] Көктен былай деген басқа бір дауысты да естідім: «Одан шық, халқым Менің, одан шық! Әйтпесе оның күнәларына араласып, басына түсетін пәлелерін де бөлісесің.
[5] Себебі оның күнәлары көкке жетерліктей көп. Енді Құдай оның әділетсіздіктерін ескеріп, соттамақ».
[6] «Өзгелерге көрсеткен зорлық-зомбылықтарын өзіне көрсетіңдер, жаман қылықтарына сай екі есе қылып қайтарыңдар! Оның басқаларға арнап араластырған «өз тостағанындағы шарабына» азғындықты екі есе қылып қосып өзіне дайындап беріңдер!
[7] Ол қаншама сән-салтанат пен молшылыққа кенелген болса, оған соншама көп азап пен қайғы-қасірет тартқызыңдар! «Мен тақта отырған ханыммын; жесір емеспін, қайғы-қасірет те шекпеймін!» дейді ол.
[8] Сол себепті бір-ақ күннің ішінде мына пәлелерге: індет, қайғы-қасірет және аштыққа ұшырап, отқа өртенбек. Себебі оны соттаушы Құдай — Жаратқан Ие құдіретті».
[9] Бабылдың азғындығы мен сән-салтанатты өмір салтына араласқан жер бетінің патшалары оны құртып жатқан өрттің түтінін көргенде жоқтау айтып, еңіреп жылайтын болады.
[10] Олар Бабылдың көрген азабынан зәрелері ұша қорқып, қашықта тұрып былай деп жоқтамақ: «Ой, бауырым, басыңа қаралы күн туды! Ұлы, күшті Бабыл қаласы! Бір-ақ сағат ішінде үкімің кесіліп, іске асты!»
[11] Жер бетіндегі саудагерлер де жылап, оған жоқтау айтады. Себебі енді қайтып олардың тауарларын ешкім сатып алмайтын болады.
[12] Олар алтын-күмістерін, асыл тастары мен інжу-маржандарын, қымбат ақ бәтес, жібек, қою күлгін, ал қызыл маталарын, жұпар иісті ағаштардың барлық түрлерін, піл сүйегі, қымбат ағаш, қола, темір және мәрмәрдан жасалған алуан түрлі бұйымдарын,
[13] дәм қабығы мен өзге де дәмдеуіштерін, түтетілуге арналған мүр, ладан және басқа да хош иісті заттарын; сондай-ақ шарабы мен майын, ұны мен бидайын, ірілі-ұсақты малдарын, аттары мен арбаларын, әрі құлдарын — иә, адам өмірінің өзін! — саудаға салып келген болатын.
[14] «Сен сондай қатты ұнатқан жемістерден ада қалдың, барлық байлығың мен сәулелі салтанатың да бітті! Енді қайтып оларды таба алмайсың!» — дейді олар.
[15] Бабылда осының бәрімен сауда-саттық жасап, байып алғандар қаланың көрген азабынан зәрелері ұшып, қашықта тұратын болады. Олар еңіреп жылап, жоқтау айтып былай дейді:
[16] «Қайран қала, басыңа қаралы күн туды! Ұлы қала! Қымбат ақ бәтес, қою күлгін, ал қызыл киімдер киетінсің; алтын әшекейлер, асыл тастар, інжу-маржандарын тағынып, безеніп, жалт-жұлт ететінсің!
[17] Соншама зор байлық бір-ақ сағат ішінде құрып кетті-ау!» Барлық кеме басшылары мен жолаушылары, теңізшілер мен теңізбен күн көретін өзгелер де алыста тұрып,
[18] оны құртып жатқан өрттің түтінін көргенде: «Бұрын-соңды осы ұлы қаладай басқа қала болған емес!» — деп айқайлайды.
[19] Олар бастарына күл шашып, өкіріп жылап, былай деп жоқтау айтты: «Қайран қала, Ұлы қалаға қаралы күн туды! Теңіз кемелері барлардың бәрі Бұл қаланың дәулетімен байыған еді! Оның бір-ақ сағатта талқандалғаны-ай!»
[20] «Уа, көктегілер, Құдайдың халқы, Елшілері мен пайғамбарлары, Бұған қуанып, шаттаныңдаршы! Құдай оны соттап жазалады, Ал қиналған сендерді ақтады!»
[21] Сонда бір күшті періште үлкен диірмен тасындай дәу тасты алып, теңізге лақтырып жіберіп, былай деді: «Міне, осындай қатты екпінмен ұлы Бабыл қаласы да лақтырылып, тұңғиыққа батып кетеді. Ол енді қайтып көрінбейтін болады!»
[22] «Бұдан былай сен ешқашан жетіген сазы мен адам даусын, сыбызғы мен керней тартқандарды естімейтін боласың. Ұсталар мен өнер шеберлері сенде болмайды, диірменнің дыбысы да естілмейді.
[23] Енді қайтып шам жарығын көрмейсің, күйеу мен қалыңдықтың көңілді даусын да естімейсің! Себебі сенің саудагерлерің әлемнің мықтылары еді; сен сиқырлығыңмен күллі халықтарды алдап, азғындыққа салдың!
[24] Сондай-ақ пайғамбарлар мен Құдай халқының қаны, иә, жер бетіндегі барлық өлтірілгендердің қаны осы қаладан табылды!»