Аян 12
[1] Мұнан кейін аспанда бір керемет зор көрініс пайда болды: күнді жамылған, аяғының астында айы бар, басына он екі жұлдыздан тәж киген бір әйел көрінді.
[2] Ол босанбақ болып, толғақтың ауруы мен азабынан айғай салды.
[3] Аспанда тағы басқа бір ғажап көрініс пайда болды: бұл жеті басты, он мүйізді, әр басында тәжі бар оттай қызыл алып айдаһар екен.
[4] Ол құйрығымен аспандағы жұлдыздардың үштен бірін тартып алып, жерге қарай лақтырып жіберді. Айдаһар толғатып жатқан әйелдің алдында тосып тұрып, оның Баласын туысымен-ақ жалмап қоймақшы болды.
[5] Осылай әйел Ұлын дүниеге келтірді; Ол болашақта күллі халықтарға қатаңдықпен билік жүргізетін болады. Нәресте тезірек Құдайға, Оның тағының алдына әкелінді.
[6] Ал әйел Құдай алдын ала дайындап қойған айдаладағы бір жерге қашып құтылды. Сол жерде әйелге бір мың екі жүз алпыс күн бойы қамқорлық жасалатын болады.
[7] Сонда көкте соғыс бұрқ ете түсті. Михайл мен оның қол астындағы періштелері айдаһарға қарсы аттанды. Айдаһар өз нөкерлерімен бірге оларға қарсы шайқасты,
[8] бірақ төтеп бере алмады. Бұдан былай соларға көктен орын берілмеді.
[9] Осылайша алып айдаһар — бүкіл әлемді алдап келген әзәзіл әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан жылан көктен қуылып, бүкіл хабаршыларымен қоса жер бетіне лақтырылды.
[10] Содан кейін мен көктен шыққан қатты дауысты естідім. Ол былай деді: «Енді Құдай (Өзінің халқын) құтқарды! Ол құдіретін көрсетіп, патшалық етіп, билік жүргізеді. Оның тағайындаған Патшасы Мәсіх өктемдік етеді! Ал Құдай алдында күні-түні бауырластарымызға жала жауып келген шайтан көктен лақтырылып тасталды.
[11] Бауырластарымыз «Тоқтының» өз жанын құрбан етіп Қанын төгуінің арқасында және өздерінің Ізгі хабарды қабылдап, ашық мойындауларымен жеңіске қол жеткізді. Олар өз жандарын тым қатты сүймей өлімге қиды.
[12] Қуаныңдар, көк және оны мекендегендердің бәрі де! Алайда жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл шайтан төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы».
[13] Айдаһар өзінің жерге лақтырылғанын білгенде, Ұлды туған әйелдің соңына түсіп, оны қудалай бастады.
[14] Сонда әйелге айдалада өзіне дайындалған арнайы орынға ұшып бару үшін алып бүркіттің қос қанаты берілді. Айдалада әйел үш жарым кезең бойы сол улы жыланнан қауіпсіз тұрып, Құдайдың қамқорлығында болады.
[15] Әйелді сумен ағызып әкетіп, құрту үшін алып жылан аузынан үлкен өзен іспетті су тасқынын лақ еткізіп төгіп жіберді.
[16] Алайда жер әйелге көмектесіп, аузын кеңінен ашып, сол айдаһардың аранынан шыққан өзенді жұтып қойды.
[17] Айдаһар әйелге долданып, оның өзге де ұрпақтарымен, яғни Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүргендерімен, шайқасуға аттанды.