Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:59

[1] Забулон мен Нафталимнің отанын Иеміз бұрыннан масқараға ұшыратқан. Ал болашақта осы бір аймақты — Теңізге баратын жол бойындағы Әрі Иорданның батыс жағындағы Бөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы Зор абыройға бөлейтін болады!

[2] Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді, Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді, Түнек басқан жерде тұратын елге Таңның шапағы сәулесін төгуде!

[3] Уа, Ием, Сен санын көбейтіп халқыңның, Оған үлкен қуаныш та сыйлайсың. Адамдар өнім жинау маусымында, Не жау олжасын бөлісіп алғанда Қатты қуанатындары сияқты, Халқың шаттанады Сенің алдыңда.

[4] Себебі Сен өз ата-бабаларын Ежелде Мадиянның зорлығынан Шексіз құдіретіңмен құтқарғансың! Енді тағы да меншікті халқыңның Еңсесін басқан езгіні құртасың, Арқасын ұрып-соққан жау сойылын, Қатал қанаушының асатаяғын Біржола сындырып, жойып тастайсың!

[5] Әскердің жер таптаған етіктері Әрі қанға малынған киімдері Енді өртелуге белгіленеді, Бәрі де отқа жем болып кетеді.

[6] Себебі Сәби дүниеге келді, Біз үшін осы Ұл сыйға берілді! Билік Оның қолында қала береді: Ол «керемет ақылды Кеңесші, Құдіретті Құдай, Мәңгілік Әке, Тыныштықты сыйлайтын әмірші» Деп те аталатын болады.

[7] Оның құрған билігі арта түсіп, Орнатқан тыныштығы шексіз болады, Өзі Дәуіттің тағына отырып, Мәңгі патшалығын сол кезден бастайды, Әділдікпен нығайтып, жалғастырып, Ақиқатты да ұстанатын болады. Барлық қайрат-жігерімен бұларды Әлемнің Иесі іске асырады!

[8] Жасаған Ие Жақыптың үрім-бұтағына үкім шығарды, әрі бұл шешімін олардың арасында жүзеге асырады. Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы, Самария қаласының әрбір тұрғыны мұны ұғынатын болады. Олар өркөкіректеніп, менменсіп:

[10] «Саман үйлеріміз құлады, бірақ біз қашалған тастан қалап мықтылап қайтадан үй саламыз! Тұт ағаштарымыз кесіліп тасталды, бірақ орнына әлдеқайда құнды балқарағайлар отырғызамыз!» — деп, қиқарлық көрсетіп келді.

[11] Алайда Жаратқан Ие Ресин патшаның жауларын күшейтіп, Солтүстік Исраилге қарсы

[12] шығыстан Араманы, батыстан філістірлерді аттандырды. Олар Исраилді жалмап қоюға құнығып, ауыздарын арандай ашты. Соның өзінде Жаратқан Иенің қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!

[13] Алайда осы халық өзін жазалаған Әлемнің Иесіне қайтадан бет бұрып, Оның еркін білуге ұмтылған жоқ.

[14] Сол себепті бір-ақ күн ішінде Жаратқан Ие Исраилдің басы мен құйрығын, оның үлкенді-кішілі барлығын да шауып тастайды:

[15] рубасылар мен атақтылар — елдің басы, ал құйрығы — жалған тәлім беруші көріпкелдер.

[16] Бұл халықты өз жетекшілері адастырады. Соларға еріп жүргендер теріс жолға азғырылады.

[17] Сондықтан Жасаған Ие осы халықтың жас жігіттерін аямайды, жетім-жесірлеріне де жаны ашымайды. Себебі бәрі де арсыз зұлымдар, ауыздарынан шыққан сөздері өтірік! Алайда Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!

[18] Расында адамдардың әділетсіздігі от іспетті лаулап жанып, тікенді бұталарды әрі жантақ, ошағанды жалмап, ну орманды да өртеп жібереді. Түтін бағаналары зәулім биікке дейін көтеріледі.

[19] Әлемнің Иесінің лаулаған қаһарынан жер өртеніп, халық отқа жем болады. Сонда адамдар жақындарын да аямай, әркім өз қара басын ғана қорғайды.

[20] Олар оңды-солды тапқандарын жалмап жеп жатса да, көрген аштығының беті қайтпайды. Адам тіпті өз қандастарын да жалмап,

[21] Манаса Ефреммен, Ефрем Манасамен соғысып, содан екеуі бірігіп Яһудаға шабуыл жасайды. Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!

Ишая — Chapters