Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:25

[1] Оян, Сион халқы, оян! Күш-қуатқа бөлен! Қасиетті қала Иерусалим, салтанатты киін! Құдайсыз, күнәлі жауларың енді қайтып саған кірмейтін болады!

[2] Отырған жеріңнен тұрып, шаңыңды қағып тастап, төрдегі орныңа жайғас, уа, Иерусалим! Мойныңдағы шынжырларды алып таста, тұтқындалған Сион халқы!

[3] Себебі Жаратқан Ие былай дейді: «Сендер ақшаға сатылмай-ақ құлдыққа түстіңдер. Енді құн төленбей-ақ босатыласыңдар!»

[4] Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ежелде Менің халқым Мысырға барып, жат жерлік кірмелер ретінде сонда тұрған еді. Соңғы уақытта Ассур патшалығы оларға зорлық-зомбылық көрсетіп келді.

[5] Ал енді, мына жағдай не? — дейді Жаратқан Ие. — Жау халқымды құнын төлемей-ақ айдап алып кетіп, билеп-төстейді. Сол ісіне шулап мақтанады. Менің атым күн ұзағына қорланады.

[6] Алайда болашақта Менің халқым атымды мойындайтын болады. «Қараңдар, Мен мұндамын!» деп шақырған Өзім екеніме сол күні олар көздерін жеткізбек». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.

[7] (Татулық туралы) ізгі хабарды жеткізушінің таудан асып келгені қандай тамаша! Ол тыныштықты жариялап, бақыттың жақсы хабарын алып келіп, құтқарылуды паш етеді. Сионға: «Құдайың патшалық құрып жатыр!» — деп мәлімдейді.

[8] Бір үн естіледі: күзетшілерің дауыс көтеріп, барлығы да шаттана шырқайды. Олар өз көздерімен Жаратқан Иенің Сионға қайтып келгенін көреді!

[9] Иерусалимнің қираған орындары, бәрің бірігіп шаттана ән шырқаңдар! Тәңір Ие өз халқына жаны ашып, Иерусалимді құтқарады.

[10] Жаратқан Ие Өзінің киелі құдіретін барлық халықтардың көз алдында ашық көрсетеді. Құдайымыздың бізді құтқаруын жердің түкпір-түкпіріндегілердің барлығы көретін болады.

[11] Кәне, жүріңдер, шығыңдар Бабылдан! Күнә атаулыға жоламай, сол жерден шығыңдар! Жаратқан Иенің (киелі үйінің) бұйымдарын көтеріп алып жүретіндер, өздеріңді Оған бағыштап, тазару рәсімінен өтіңдер!

[12] Сендер жау елінен қашып жүгірмей, асықпай шығасыңдар. Себебі Жаратқан Ие алдарыңнан жүріп, сендерді жетелейді; Исраилдің сиынған Құдайы өздеріңді арттарыңнан да қорғап жүретін болады.

[13] (Тәңір Ие былай дейді:) «Біліп қойыңдар, Менің Қызметшім ақыл-парасатпен әрекет жасайды. Ол беделі артып, дәрежесі жоғары көтеріліп, ұлан-ғайыр дәріптелетін болады.

[14] Оған қарап көпшілік аң-таң болды. Себебі Қызметшімнің ұсқынының бұзылғаны сонша, тіпті адам сияқты көрінбеді. Оның түр-тұрпаты адам баласына ұқсамай қалды.

[15] Қызметшім көптеген халықтарды қайран қалдырады. Оның алдында патшалар да ауыздарын жабатын болады. Себебі олар өздеріне еш хабарланбағандарды енді көреді, әрі еш естімегендерді енді түсінеді».

Ишая — Chapters