Ишая 46
[1] Бел тізе бүгіп, Небо да иіледі. Осы жалған тәңірлердің мүсіндері малдарға тиеліп, әкетіледі. Бұларды салтанатпен көтеріп жүретінсіңдер. Салмағы зілдей олар — шаршаған көліктерге ауыртпалық.
[2] Осылайша жалған тәңірлердің бәрі бірдей тізе бүгіп, құлайды. Олар ауыр мүсіндерін қорғай алмайды, қайта, өздері де тұтқынға түседі!
[3] «Тыңдаңдар Мені, ей, Жақыптың ұрпақтары, сөзіме құлақ салыңдар, ей, Исраил халқының тірі қалғандары! Сендерді туғаннан-ақ қолдап келіп, өмір бойы көтеріп те жүремін.
[4] Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін, шаштарың ағарған кезде де қолдай беремін. Сендерді жаратқан едім, бұдан былай да көтеріп жүремін. Мен ауыртпалықтарыңа төзіп, құтқарып қорғай беремін.
[5] Мені кіммен салыстырып, кімге ұқсатасыңдар? Яки Мені кіммен теңестіресіңдер?
[6] Адамдар таразыға күміс өлшеп, соған шебер зергерді жалдап алады. Қалталарынан мол алтын төгіп беріп, содан тәңір мүсінін жасатқызады. Осы «қуыршақ тәңірге» бас иіп, оның алдына етпетінен жығыла табынады!
[7] Оны иықтарына көтеріп алып жүріп, арнайы жерге қояды. Мүсін сол жерде әрдайым тұра беріп, орнынан қозғала да алмайды. Жұрт оған қанша айқайлап, жалынып-жалбарынса да, ол ешқандай жауап бере алмайды да, пәледен құтқара алмайды да.
[8] Сонымен, ей, жолдан тайғандар, бұл жайттарды естеріңде берік сақтап, көңілдеріңе түйіп алыңдар!
[9] Баяғыда болғандарды да ұмытпаңдар! Жалғыз Мен ғана шынайы Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ, Маған ұқсас ешкім де болмайды!
[10] Ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін. Мен мақсатымды орындап, Өзіме ұнайтындарды іске асыратын боламын деп уәде беремін.
[11] Шығыстағы алыс елден біреуді шақырып, алып келемін. Ол жауларына қырғидай тиіп, мақсатымды белсене орындайды. Мен айтқанымды еш шүбәсіз жүзеге асырамын, солай шешкен соң оны орындаймын!
[12] Ей, жүректері қасарысқандар, әділдіктен қашық жүргендер, айтқандарыма құлақ түріңдер!
[13] Мен осы жерде әділдігімді жүзеге асыратын боламын. Ол алыс емес, жақындап қалды, Менің құтқаруым кешікпейді! Мен Сион шаһарын азат етемін, бүкіл Исраил елін салтанатты ұлылығыма бөлейтін боламын».