Ишая 32
[1] Біліп қойыңдар, бір кезде мұнда бір патша әділдікпен билік құрып, оның әміршілері елді заңды бұзбай басқаратын болады.
[2] Әрқайсысы желден қорғайтын панадай, дауылдан бас сауғалайтын қорғаныштай болмақ. Олар құла түзде ағып жатқан өзенге, әрі кеуіп шөліркеген даладағы дәу жартастың саясына ұқсамақ.
[3] Сонда көретіндердің көздері жабылмайды, еститіндердің құлақтары шындыққа ашық болады.
[4] Ұшқалақ жандар парасатқа кенеледі, тілі мүкіс сөйлейтіндер ойларындағыны мүдірмей ағыла айта алатын болады.
[5] Енді қайтып ақымақ қадірлі, алдамшы мырза деп аталмас.
[6] Себебі ақымақтар ессіздік айтып, ой-ниеттері заңсыз істерге бейімделген. Олар зұлымдықпен айналысып, Жаратқан Ие туралы жалған тәлім таратады. Ақымақтар ашыққандарды құр алақан жіберіп, шөлдегендерге сусын беруден бас тартады.
[7] Алаяқтың қолданған әдістері арамза. Бейшара кедей өзінің әділ ісін қорғап сөйлегенде, алаяқ оны алдап құрту үшін сұм айласын құрады.
[8] Ал әділ жан әділ жоспар құрып, әділдікті қорғап нық тұрады.
[9] Уа, жайбарақат жатқан әйелдер, тұрып, мені тыңдаңдар! Ей, бейқам бойжеткендер, сөзіме құлақ асыңдар!
[10] Уа, алаңсыз жүрген қыз-келіншектер, бірер жылдан кейін сендер зәрелерің ұшып қорқасыңдар. Өйткені өнімін жинауға не жүзім, не басқа да жемістер болмайды.
[11] Әй, жайбарақат жүрген бейқам қыз-келіншектер, зәрелерің ұшып қалтыраңдар! Сәнді киімдеріңді шешіп тастап, азалы киім киіп, белдеріңді байлап алыңдар!
[12] Шұрайлы егістіктеріңді, құнарлы жүзімдіктеріңді жоқтап қолдарыңды кеуделеріңе қойып қайғырыңдар!
[13] Себебі тікенді бұталар мен ошағандар халқымның еліне қаптап кетеді. Ермекке салынған барлық үйлеріңді, шат-шадыман дауыстарға кенелген қалаларыңды аза тұтыңдар!
[14] Өйткені тұрғындары қорғанды тастап кетеді, халқы ығы-жығы мол қала да елсіз бос қалатын болады. Қамалы мен күзет мұнаралары әрдайым күл-талқан болып жатпақ. Бұл жер жабайы есектерге ұнап, отарлардың жайылымына айналады.
[15] Ал кейін Құдай көктен өз Рухын үстімізге құяды. Сонда елсіз дала бау-бақшаға айналып, бау-бақша ормандай жайқалып, мол өнім беретін болады.
[16] Иен далаға әділет жайылып, бау-бақшаны да әділдік мекендейді.
[17] Әділдіктің жемісі амандық пен бейбітшілік болмақ. Иә, әділдік мәңгі бақи тұрақты тыныштық пен қауіпсіздік әкелмек.
[18] Сонда Менің халқым тыныш мекендерде тұрып, үйлері қауіпсіз әрі жанға жайлы болады.
[19] Тіпті (асқақтаған) ормандарға бұршақ жауып, (бас көтергіш) қала жермен-жексен болғанда да,
[20] сендер жарылқанасыңдар. Себебі барлық өзендер мен сай-салалардың бойына тұқым сеуіп, (мол өнім аласыңдар). Мүйізді ірі қараларың мен есектерің еркін жайылатын болады.