Ишая 64
[1] Уа, Жаратқан Ие, Сен көкті жарып, жерге зымырап түссең екен, шіркін! Сенің алдыңда таулар шайқалар еді!
[2] Бұл, өрттің сексеуілге тиіп, лаулап жанып, суды қайнатқанындай сұрапыл оқиға болар еді. Сонда Сенің есімің жауларыңа танымал болып, алдыңда халықтар дірілдер еді.
[3] Ежелде Сен халқымыз күтпеген қорқынышты істер істедің. Көктен зымырап түсіп келгеніңде алдыңда таулар шайқалды да!
[4] Сен Өзіңді сеніммен күткендерге игіліктер жасайсың. Мұны істейтін бірде-бір өзге құдай жоқ! Бұрын-соңды ешкім ондай құдай туралы құлағымен естіп, көзімен көрген де емес.
[5] Әділдікті қуана іске асырып, ақ жолыңмен жүріп, Өзіңді естен шығармайтындарды Сен рақыммен қарсы аласың. Алайда біз бұрыннан-ақ еркіңе қарсы күнә жасап келгендіктен, Сен қатты ашуландың. Енді біз қалай құтқарыла аламыз?
[6] Бәріміз де күнәға батып рухани ластанып кеттік! Күллі әділ істеріміздің өзі лас шүберектей жиренішті! Солып қалған жапыраққа ұқсаймыз, күнәларымыз бізді желдей ұшырып әкетеді.
[7] Ал ешқайсымыз Саған сиынып, рақым етуіңді сұрап жалынып-жалбарынбаймыз. Сен бізден бас тартып, бізді күнәміздің кесірінен жойылуға қалдырдың.
[8] Алайда, о, Жаратқан Ие, Сен рухани Әкемізсің. Сен құмырашыға, біз саз балшыққа ұқсаймыз. Бәріміз Сенің қолыңнан шыққан жаратылысыңбыз.
[9] Уа, Жаратқан Ие, шексіз ашуланып, күнәларымызды есіңде мәңгілік сақтай көрме! Саған жалбарынамыз, бізге көз сала гөр, Сенің халқыңбыз ғой.
[10] Өзіңе бағышталған қалаларың қиратылып, елсіз далаға айналды. Тіпті Сион тауы қаңырап бос қалып, Иерусалим қаласы тас-талқан болды:
[11] ата-бабаларымыз Сені мадақтаған киелі де салтанатты ғибадатханамыз өртеніп кетті! Біз үшін сондай қымбат нәрселердің бәрі де күйреді.
[12] Осылай болғанда, уа, Жаратқан Ие, Өзіңді ұстап тұрмақсың ба? Үн-түнсіз қалып, бізді шексіз қинамақсың ба?!