Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:35

[1] Ұзиях патша қайтыс болған жылы мен аса дәріптелген, заңғар биік тағында отырған Тәңір Иенің аянын көрдім. Оның салтанатты шапанының етегі киелі үйдің ішін алып жатты.

[2] Тәңір Иені айналдыра оттай жалындаған періштелер қызмет етіп тұрды. Әрқайсысында алты қанаттан болды, солардың екеуімен бетін, тағы екеуімен денесін жауып, қалған екеуімен ұшатын.

[3] Жалындаған періштелер бір-біріне дауыстап: «Әлемнің Иесі киелі, қасиетті, қастерлі! Бүкіл дүние Оның салтанатты ұлылығына кенелген!» — десіп тұрды.

[4] Олардың бұл айқайынан киелі үйдің есік жақтаулары мен табалдырықтары шайқалды. Үй іші түтінге толып кетті.

[5] Сонда мен дауыстап: «Қасіретке қалдым-ау, енді құритын болдым! Себебі мен күнәкармын, аузымнан шыққан сөздерім арам, әрі сөйлеген сөздері арам халықтың арасында тұрып жатырмын. Сонда да мен Патшаны, Әлемнің Иесін, өз көзіммен көрдім!» — дедім.

[6] Осы кезде жалындаған періштелердің бірі құрбандық үстелінен жанып тұрған көмір шоғынан көсеумен алып, маған ұшып келді.

[7] Ол шоқты аузыма тигізіп былай деді: «Міне, бұл еріндеріңе тиді. Енді сен әділетсіз істеріңнен арылып, күнәңнің арамдығынан тазардың».

[8] Бұдан кейін Тәңір Иенің: — Мен кімді жіберейін? Біздің хабаршымыз кім болады? — деген даусын естідім. — Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр, — деп жауап бердім.

[9] Сонда Тәңір Ие маған былай деп бұйырды: — Осы халыққа барып, мына хабарды жеткіз: «Естіп тұрыңдар, бәрібір түсінбейсіңдер, көріп тұрыңдар, бәрібір аңғармайсыңдар!»

[10] Бұл халықтың жүректерін қасарысқан сезімсіз, құлақтарын керең, көздерін соқыр қыл! Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен ұғынып, теріс жолдарынан қайтып, рухани дертінен сауығар еді.

[11] — Тәңір Ие, мұндай жайт қашанға дейін созылады? — деп сұрағанымда, Оның жауабы мынау болды: — Сол жайт қалалар қирап, қаңырап бос қалғанша, үйлер ешбір тұрғынсыз, егіндіктер ойрандалып, иесіз қалғанға дейін созылмақ.

[12] Сонда Мен, Жаратқан Ие, халықтың бәрін алысқа қуып жіберіп, бүкіл елді талқандатып, айдалаға айналдырамын.

[13] Елде жұрттың оннан бірі қалса да, олар да қайтадан жойылады. Алайда үлкен ағаштар кесіліп тасталғаннан кейін түбірлері қалатыны сияқты, халықтың Өзіме бағышталған тұқымы оның «түбірі» іспетті болып аман қалады.

Ишая — Chapters