Ишая 55
[1] «Ей, шөлдегендер, бәрің су көздеріне келіңдер! Ақшасы жоқтар да, келіп, тамақ алып жеңдер! Иә, келіп, шырын мен сүтті ақша төлемей-ақ тегін алыңдар!
[2] Нәрсіз тамақ үшін неге ақша төлейсіңдер? Өздеріңді қанағат қылмайтын нәрселер үшін неге еңбек етесіңдер? Мені мұқият тыңдап, рухани нәрді қабылдаңдар, ағыл-тегіл жақсылықтан жан рақатын табыңдар!
[3] Маған жақындап, айтқандарыма құлақ түріңдер! Сонда шынайы өмірге ие боласыңдар. Сендермен мәңгілік Келісім жасамақпын. Кезінде Дәуітке уәде еткен мызғымас рақымымды енді өздеріңе көрсетпекпін.
[4] Еске алыңдар, Мен Дәуіт арқылы халықтарға құдіретімді паш еттім, Дәуітті соларға көсем әрі билеуші болуға тағайындадым.
[5] Сион, сен де бұрын білмеген халықтарды шақырасың. Өзіңді танымаған ұлттар саған келуге асығатын болады. Себебі Мен, сенің Құдайың Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы, осыларды іске асырып, сені салтанатты ұлылыққа бөлемекпін».
[6] Әлі кеш болмай тұрғанда Жаратқан Иеге бет бұрып, мойынсұныңдар! Иеміз құлақ салуға дайын тұрған осы кезде Оған сиынып жалбарыныңдар!
[7] Азғын адам теріс жолынан қайтып, әділетсіз жан өз ойларынан бас тартсын! Бәрі Жаратқан Иеге бет бұрсын, сонда Иеміз мейірімділік танытады. Олар Құдайымызға қайта оралсын, өйткені Ол жомарттықпен кешіреді
[8] Жаратқан Ие: «Менің ойым сендердің пікірлеріңнен өзге, Менің жолым сендердікінен басқа, — деп ескертеді.
[9] — Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік.
[10] Аспаннан жауған жаңбыр мен қар аспанға бекер қайта оралмайды. Керісінше, олар жерді суарып, көгертіп, дақылдарды өсіріп шығарады да, диқанға себуге тұқым, халыққа жеуге нан береді.
[11] Менің аузымнан шыққан сөзім де соған ұқсайды: ол нәтиже берместен Өзіме қайта оралмайды. Керісінше, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады».
[12] Сондықтан сендер зор қуанышпен тұтқыннан босап шығып, жолдарыңда аман-есен жетеленетін боласыңдар. Тау-төбелер алдарыңда ән шырқап, даладағы күллі ағаштар сендерге қол соқпақ.
[13] Тікенді бұта орнына қарағайлар өсіп, қалақай орнын жұпар иісті жасыл бұталар басады. Бұл керемет іс Жаратқан Иенің даңқын асыратын, мәңгі өшпейтін белгі болады».