Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:30

[1] «Қуан, уа, құрсақ көтермейтін, бала сүймеген әйел, шаттана ән шырқа! Иә, толғатып көрмеген сен, масаттанып дауыста! Өйткені күйеуі бардан гөрі жалғыз басты әйелдің балалары енді көбірек болады! — дейді Жаратқан Ие. —

[2] Халқым, шатырыңның орнын кеңейтіп ал! Оның жапқыштарын аямай созып, жіптерін ұзын етіп, қазықтарын мықтап қақ!

[3] Бұдан былай сен жан-жаққа тарайтын боласың. Ұрпақтарың басқа халықтарға да билік жүргізіп, қаңырап бос қалған қалаларды жаңадан мекендейтін болады.

[4] Халқым, қорықпа, енді қайтып ұятқа қалмайсың, қысылма, сен масқара болмайсың. Жас кезіңдегі ұятқа қалған жайтты ұмытып, жесірлік қасіретіңді де есіңе алмайсың.

[5] Өйткені өзіңді жаратқан Тәңір саған жар! Ол сені құтқарып алған Қамқоршың, Әлемнің Иесі және Исраилдің Киелі Құдайы деп те аталады. Бүкіл жер бетінің Құдайы деген атағы да бар.

[6] Сен қуылған, мұңды әйел секілдісің. Біреу жас кезінде үйленіп, тастап кеткен әйелге ұқсайсың. Жаратқан Ие сені қайтадан қасына шақырады!» — Құдайыңның Өзі мұны айтады.

[7] «Сені біраз уақытқа тастап кетіп едім, бірақ зор сүйіспеншілікпен Өзіме қайтарып алып келемін.

[8] Қаһарланған кезде сенен бір сәтке бетімді жасырған едім. Алайда мәңгілік сүйіспеншілігіммен саған рақым етемін», — дейді сені құтқарып алған Қамқоршың Жаратқан Ие.

[9] «Нұхтың заманында топан су жер бетін басып кеткеннен кейін Мен енді қайтып жерге топан су жібермеймін деп ант еткен едім. Сол сияқты саған да былай деп ант беремін: бұдан былай саған ашуланып, сөгіс бермеймін.

[10] Таулар қозғалып, төбелер шайқалар, бірақ Менің сүйіспеншілігім сенен айнымас, сенімен амандық пен тыныштық жайлы жасаған Келісімім де шайқалмас!» — дейді саған рақымын төккен Жаратқан Ие.

[11] «Азап шегіп, дауыл сабалап, жұбаныш көрмеген қала, мынаны біліп ал: Мен сені қайтадан салып тұрғызамын: көгілдір асыл тастарды негіздерің етіп, тастарыңды ең сапалы ерітіндімен қаластырамын.

[12] Қамалыңның мұнаралары лағыл тастан, қақпаларың інжу-маржаннан, бүкіл қабырғаларың да асыл тастардан жасалып, жалт-жұлт ететін болады.

[13] Балаларыңның бәрі де Тәңір Иеден тәлім алмақ, әрі керемет амандық пен тыныштыққа кенелмек.

[14] Сен әділдікпен берік негізделесің. Жәбір көруден аулақ, тыныштықта тұратын боласың. Сені ештеңе де қорқытпай, үрей атаулы саған жоламайды.

[15] Саған қарсы аттанған біреу болған күнде де ол Мен жіберген жау болмайды. Кімде-кім саған қарсы шабуылға шықса, сенен жеңіліс табады.

[16] Есіңе сақта, Мен Өзім ұстаны жараттым. Ол көмірді үрлеп от жағып, қолдану мақсатына қарай қару-жарақ жасап шығарады. Дәл осылай Мен сені талқандау үшін қырып-жоюшы жауларыңды жаратқан едім.

[17] Ал бұдан былай қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың. Жаратқан Иенің қызметшілері осы игіліктерді иеленетін болады. Оларды Өзім ақтап аламын», — деп нық айтады Жаратқан Ие.

Ишая — Chapters