[1] Осылай леуіліктер Құдайдың сандығы Иерусалимге әкелініп, Дәуіт сол үшін тігіп қойған шатырдың ішіне орналастырылды. Содан соң олар шалынып, түгелдей өртелетін және ризашылық құрбандықтарын шалып ұсынды.
[2] Соларды ұсынып болғаннан кейін Дәуіт халыққа Жаратқан Иенің атымен бата берді.
[3] Патша жиналған Исраил халқының әрбір әйеліне де, еркегіне де бір-бір қалаш наннан, бір кесек қақталған еттен және бір қадақ мейізден үлестіріп берді.
[4] Патша леуіліктердің кейбіреулерін Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында қызмет етуге тағайындады. Олар Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге сиынып мінажат етуге және шүкірлік пен мақтау айтуға міндетті еді.
[5] Бұлардың басшысы — Асаф, екіншісі — Зәкәрия, солардың қасында Еиел, Шемирамот, Ехиел, Мататия, Елияп, Бенаях, Ғабит-Едом, Еиел де болды. Олар шертер мен жетігенде, ал Асаф сылдырмақта ойнауға тағайындалды.
[6] Бенаях пен Яхазиел есімді діни қызметкерлер белгіленген уақыттарда Құдайдың Келісім сандығының алдында керней тартуға тиісті еді.
[7] Сол күні Дәуіт алғаш рет Асаф пен оның қызметтестеріне Жаратқан Иеге мына мадақтау жырын айтуға тапсырды:
[8] Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар, Оның есімін атап сиыныңдар, Ұлы істерін халықтарға хабарлаңдар!
[9] Иемізге ән салып, Оны мадақтаңдар, Барлық кереметтерін паш қылыңдар,
[10] Оның киелі атымен мақтаныңдар, Оған сиынатын сендер, шаттаныңдар!
[11] Иемізге әрі құдіретіне ден қойыңдар, Дәйім Оның еркін білуге ұмтылыңдар.
[12] Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерін, Ғажап істері мен шығарған шешімдерін,
[13] Уа, Оның құлы Исраилдің ұрпақтары, Жақыптан тарағандар, таңдаулы адамдары!
[14] Ол — біздің Құдайымыз, Жаратқан Ие, Бүкіл әлемге Өзі билік жүргізуде.
[15] Мәңгі есте сақтаңдар Оның Келісімін, Келер мың буынға да бұйырған өсиеттерін —
[16] Ыбырайыммен жасаған Келісімін, Ысқаққа да антпен берген сол уәдесін.
[17] Жақыпқа оны ереже қылып бекітті, Исраил үшін тұрақты Келісім етті.
[18] «Мұралық үлесің етіп беремін саған Қанахан елін» деді сонда Жаратқан.
[19] Сол кезде олар әлі де аз болатын, Азғана кірме болып сонда тұратын.
[20] Олар елден елге көшіп-қонатын, Патшалықтарды аралап орнығатын.
[21] Ал Құдай ешкімге оларды жәбірлетпеді, Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті:
[22] «Тағайындағандарыма еш тиіспеңдер, Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!»
[23] Күллі әлем, Жаратқанға ән-жыр шырқаңдар, Бізді құтқарғанын күн сайын хабарлаңдар,
[24] Халықтарға паш етіп Оның ұлылығын, Бар ұлттарға Иеміздің кереметтерін!
[25] Иеміз ұлы, мадақталуға әбден лайықты, Оны қастерлеу қажет, бар «тәңір, пірден» гөрі,
[26] Өзге ұлттар табынған «тәңірлер» жалған, Ал Жасаған Ие аспанды жаратқан!
[27] Сән-салтанат, ұлылық Оның алдында, Құдірет пен қуаныш киелі тұрағында.
[28] Жаратқанның ұлылығы мен күш-қуатын Мойындаңдар, уа, рулары күллі ұлттардың!
[29] Жаратқанның есімін даңқтап қадірлеңдер, Оның алдына сый-тарту алып келіңдер, Қасиетті салтанатына бөленіңдер, Жаратқан Иеге бағынып бас иіңдер!
[30] Бүкіл жер, дәріптеп дірілде Оның алдында! Әлем берік орнатылды, ол қозғалмайды да.
[31] Заңғар көк шаттансын, жер де қатты қуансын, Бөтен ұлттарға мынаны жарияласын: «Жаратқан Ие құрады патшалығын!»
[32] Теңіз бен ондағылар шуылдасын, Дала мен ондағылар да шаттансын!
[33] Орман ағаштары қуана ән салады, Келе жатқан Иенің алдынан шығады, Себебі Ол келіп, жерге сот құрады.
[34] Жаратқан Ие ізгі, мақтаңдар Оны, Мәңгі ұласады берік рақымы!
[35] Оған былай деп мінажат етіңдер: «Құтқарушымыз Құдай, аман сақтай гөр, Басқа ұлттардан бізді босатып жинай гөр! Сонда дәріптейміз киелі атыңды Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды».
[36] Исраилдің Құдай Иесі мадақталсын, Мәңгіліктен мәңгілікке Ол даңқталсын! Жиналып тұрған барша халық: «Аумин! Жаратқан Ие мадақталсын!» — деп жауап берді.
[37] Дәуіт патша Асафты және оның ағайындарын Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында әр күннің қажетіне қарай ұдайы қызмет етуге бекітті.
[38] Патша, сондай-ақ, Ғабит-Едом мен оның алпыс сегіз ағайынын да қызмет көрсетуге тағайындады. Едутун ұлы Ғабит-Едом және Хоса қақпа күзетшілері болатын.
[39] Дәуіт діни қызметкер Садықты және оның қызметтес ағайындарын Жаратқан Иенің Гибеон қаласының биіктеу жерінде орнатылған киелі шатырындағы міндеттеріне бекітіп, сонда қалдырып кетті.
[40] Бұлар Жаратқан Иенің Исраил халқына тапсырған Таурат заңында жазылған барлық ережелеріне сәйкес, әрдайым таңертең және кешке Жаратқан Иеге бағыштап шалынып, өртелетін құрбандықтарды арнайы құрбандық үстелінде ұсынуға тиісті болды.
[41] Патша аттары аталып таңдалған Хеман, Едутун және басқалардың барлығын да солармен бірге болып, Жаратқан Иеге «Оның рақымы мәңгілік» деп мадақтау ән-жырларын айтуға тағайындады.
[42] Хеман мен Едутун керней тартып, сылдырмақ соғып, тағы басқа аспаптарда ойнап Құдайға арналған ән-жырларды сүйемелдеуге бекітілді. Едутунның ұлдары қақпаның жанына күзетке қойылды.
[43] Бұдан кейін бүкіл халық үйлеріне тарап кетті. Дәуіт те өз үй ішімен амандасуға сарайына қайтты.