Skip to content
Opens in a new window

[1] Тир патшасы Хирам Дәуітке елшілерін, сондай-ақ самырсын бөренелерін, тас қалаушылар мен ағаш ұсталарын да жіберді. Осы мамандар Дәуітке сарай салып берді.

[2] Сонда Дәуіт Исраилдің үстінен патша болуға өзін Жаратқан Иенің бекіткенін, әрі халқы Исраилдің игілігі үшін патшалық мәртебесін көтергенін түсінді.

[3] Иерусалимде тұрған кезінде Дәуіт тағы бірнеше әйел алып, көбірек ұл-қыз сүйді.

[4] Оның Иерусалимде дүниеге келген балаларының аттары мыналар: Шаммуа, Шобаб, Натан, Сүлеймен,

[5] Ипхар, Әлишуа, Елпәлет,

[6] Ноғах, Непек, Япияқ,

[7] Әлишама, Әлияда, Әлипәлет.

[8] Дәуіттің бүкіл Исраилдің үстінен патша болып тағайындалғанын естіген соң, барлық філістір жасақшылары Дәуітті іздеуге шықты. Бұл туралы хабар алған Дәуіт астананы тастап, оларға қарсы аттанды.

[9] Ал філістірлер Рефаим аңғарына жетіп, сондағы тұрғындарға шабуыл жасап тонады.

[10] Дәуіт Құдайдан: — Філістірлерге қарсы өрлеп шығайын ба? Оларды жеңіп шығуыма қол жеткіздіресің бе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: — Өрлеп шық! Мен оларды сенің қолыңа тапсырамын!

[11] Сонымен Дәуіт Бағал-Перасимге өрлеп барып, філістірлерді сол жерде күйрете жеңді. Ол: «Су тасқыны жолындағының бәрін жайпайтынындай, Құдай да менің қолым арқылы жау саптарын бұзып-жарды!» — деді. Сондықтан сол жер Бағал-Перасим («Иенің бұзып-жарғаны») деп аталып кетті.

[12] Філістірлер қашқанда сол жерге өздерінің табынатын тәңірсымақтарын тастап кеткен еді. Дәуіттің әмірімен сол мүсіндер өртеліп жіберілді.

[13] Кейін філістір жасақшыларға тағы да Рефаим аңғарына шабуыл жасады.

[14] Дәуіт қайтадан Құдайдың еркін сұрағанда, Құдайдың жауабы мынау болды: «Оларға тікелей қарсы аттанбай, айналып өтіп, арт жағынан тұт ағаштарының алдынан кенеттен тап бер!

[15] Сен тұт ағаштарының үстінен басқан қадамдардың дыбысын естіген кезде шайқасқа аттан! Бұл, Құдайдың філістірлердің жасағын шабу үшін сенің алдыңа шыққанын білдіреді».

[16] Құдай нені бұйырса, Дәуіт солай істеді. Содан олар філістірлердің жасағын Гибеоннан тіпті Гәзерге дейін қырып-жойды.

[17] Осылайша Дәуіттің даңқы айналадағы күллі елдерге жайылып, Жаратқан Ие халықтардың бәрін Дәуіттен қорқатын қылды.

Шежірелер 1-ж — Chapters