Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:43

[1] Мен Мәсіхпен тығыз байланыстағы адам ретінде жалған емес, шындығын айтып отырмын, Киелі Рухқа бағынған ар-ұжданым бұған куә:

[2] қасіретім зор, жүрегім үздіксіз сыздайды;

[3] егер қанымыз бір бауырлас яһуди халқының сенімге келуі үшін менің қарғысқа ұшырап, Мәсіхтен аластатылуым қажет болса, соған да дайын болар едім.

[4] Олар — Құдай рухани баласы ретінде қабылдап, Өзінің салтанатты ұлылығын көрсетіп, әлденеше Келісім жасасқан Исраил халқы. Таурат заңы, киелі үйдегі қызмет және Құдайдың уәделері де солардың үлесінде.

[5] Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және оның ұлдары осы халықтың түп аталары болған. Мәсіхтің Өзі де адам кейпінде олардың Ұрпағы болып дүниеге келді. Ол — Құдай, бүкіл жаратылыс Оның қолында, Ол мәңгі мадақтала берсін! Аумин.

[6] Ал яһудилердің көпшілігінің Мәсіхті мойындамағандығы Құдайдың берген сөзін орындамағанын білдірмейді. Исраилден тарағандардың бәрі бірдей шынайы Исраил қауымы емес қой;

[7] Ыбырайымнан тарағандардың бәрі бірдей оның Құдай таңдап алған ұрпағы да емес. Қайта, Құдай Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады», — деді.

[8] Олай болса, Ыбырайымның кіндігінен тараған балалардың бәрі емес, тек Ысқақ сияқты Құдайдың уәдесі бойынша дүниеге келген үрім-бұтағы ғана нағыз ұрпағы деп есептеледі.

[9] Өйткені Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесі былай болған: «Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады».

[10] Рабиға жөнінде де тура осылай болды. Оның екі ұлы бір әкеден, яғни түп атамыз Ысқақтан, туған.

[11] Бірақ егіз ұлдары (Есау мен Жақып) дүниеге келмей, әрі не жақсылық, не жамандық жасамай тұрған кезде-ақ, Құдай екеуінің біреуін таңдап алды.

[12] Бұл жерде Құдайдың адамдарды олардың істеген істері бойынша емес, Өзінің еркі бойынша таңдап алуы айқын көрінеді. Ол Рабиғаға: «Ағасы інісінің қызметшісі болмақ», — деген хабар жіберді.

[13] Сол сияқты Оның мына тәрізді сөздері де жазылған: «Мен Жақыпты сүйіп таңдап алдым, ал Есауды таңдамадым».

[14] Бұл нені білдіреді? Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес!

[15] Құдай Мұса пайғамбарға: «Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейірімімді шашамын», — деген.

[16] Яғни Құдайдың таңдап алуы адамның қалауы мен әрекетіне емес, Құдайдың рақымына байланысты.

[17] Тауратта Өзіне қарсы шыққан Мысыр патшасы перғауынға Құдайдың былай дегені де жазылған: «Саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым».

[18] Сонымен, Құдай Өзі қалағандарына рақымын төгіп, ал жаратпағандарын қасарыстырып қояды.

[19] Мүмкін, біреулерің маған: «Олай болса, Құдай бізді неге кінәлайды? Оның еркіне кім қарсы шыға алар еді?» деп айтарсыңдар.

[20] Ей, пенде, Құдайға қарсы сөйлейтіндей сен кімсің?! Жаратылған нәрсе өзін жаратқанға: «Неге мені осылай жараттың?» деп айта ма?

[21] Қайта, құмырашы бір балшықтан алып, біреуін сән-салтанатқа, келесісін қарапайым қолданысқа арнап екі ыдыс жасаймын десе, ерікті емес пе?

[22] Ал мынаған не дейсіңдер: Құдай біреулеріне күнәлары үшін қаһарын төгіп, құдіретін көрсетпек болды. Бұлар құртылуға лайықты болса да, Құдай солардың жаман іс-әрекеттеріне үлкен сабырлықпен шыдап келген еді.

[23] Ал басқалары арқылы Құдай Өзінің шексіз ұлылығын көрсетпек болып, оларға рақымын төкті. Бұларды Ол көктегі салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған еді.

[24] Осы үшін Құдай бізді яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да шақырды.

[25] Бұл туралы Ол Ошия пайғамбар арқылы былай деген: «Мен «Халқымеместі» енді «Өзхалқым» деймін, сүймегенімді «Сүйіктім» деп атаймын».

[26] Және: «Олар «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде енді «мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады».

[27] Ишая пайғамбар Исраил жайында дауыстап мынадай сөздер айтқан: Исраилдің ұрпақтары теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп болса да, олардың біразы ғана аман қалады.

[28] Иә, Жаратқан Ие бұл үкімін жер бетінде тездеп, (шексіз әділдікпен) біржола іске асырады.

[29] Ишаяның алдын ала айтып кеткен мына сөзі де дәл келді: «Әлемнің Иесі біразымызды тірі қалдырмағанда, біз де ежелгі Содом мен Ғомора қалаларының кебінін киіп, толықтай жойылып кеткен болар едік».

[30] Бұған не дей аламыз? Құдай алдында ақталуға тырыспаған басқа ұлт адамдары сенімдері арқылы ақталды,

[31] бірақ Таурат заңын орындау арқылы ақталуға тырысқан Исраил халқы бұл мақсатқа жете алмады.

[32] Неге жете алмады? Себебі олар сенім арқылы емес, өз еңбектері арқылы ақталуға тырысты. Сондықтан Мәсіх олар үшін сүріндіретін «кедергі тас» іспетті болды.

[33] Бұл туралы да осы тәрізді сөздер алдын ала жазылған еді: Міне, Мен Сион қаласында кедергі тасты орнатып қоямын. Бұған көбі сүрініп, құлайды. Ал «Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым».

Римдіктерге — Chapters