Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:13

[1] Иса Мәсіхтің қызметшісі Пауылдан дұғай сәлем. Мәсіх мені елші болуға шақырып, Құдайдың Ізгі хабарын жариялауға бағыштап тағайындады.

[2] Осы хабарды жіберемін деп Құдай ежелде Өзінің пайғамбарлары арқылы Киелі жазбаларда уәде берген болатын.

[3] Бұл Ізгі хабарда Құдайдың рухани Ұлы туралы сөз болады. Ол адам ретінде Дәуіт пайғамбардың әулетінен шыққан еді.

[4] Ал Оның құдайлық қасиетіне келсек, Құдай Оны қайта тірілтуі арқылы Өзінің рухани Ұлы екенін зор құдіретпен дәлелдеді. Ол — Иеміз Иса Мәсіх.

[5] Құдай өз рақымымен бізге Мәсіхтің арқасында және Оның атының даңқы үшін елші болуды әрі барлық ұлттардың адамдарын Оған сеніп, мойынсұнуға шақыруды тапсырды.

[6] Сол адамдардың ішінде сендер де барсыңдар, себебі Құдай сендерді Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырды.

[7] Мен сәлемімді Құдайдың Римдегі барлық сүйіктілеріне, яғни Оның қасиетті халқы болуға шақырылғандарға, жолдаймын. Сендерге Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, амандық пен тыныштық сыйлай берсін!

[8] Сендердің сенімдерің туралы хабар әлемнің шартарабына тарап жатқандықтан, ең алдымен бәрің үшін Иса Мәсіх арқылы Құдайыма ризашылығымды білдіремін.

[9] Мен Құдайдың рухани Ұлы туралы Ізгі хабарды жариялап, шын жүрегіммен қызмет етіп жүрмін. Құдайдың Өзі мынаған куә: Оған сиынған сайын сендерді үнемі еске аламын;

[10] Оның еркімен маған енді қастарыңа баруға жол ашылса екен деп мінажат етемін.

[11] Себебі өздеріңді көруді қатты аңсаудамын. Сендерді күшейту үшін рухани дарындарыммен бөліссем,

[12] яғни сендермен болған кезімде Құдайға деген ортақ сенімімізді көріп, бір-бірімізді жігерлендірсек деймін.

[13] Қымбатты бауырластар, сендерге шынын айтайын: өздеріңе бірнеше рет бармақшы болдым, бірақ әр жолы маған әлдене бөгет болып отырды. Өзге жерлердегі басқа ұлттардың арасында болғанымдай, мен сендердің де араларыңда еңбек етіп, соның рухани жемісін көргім келеді.

[14] Гректер мен басқа ұлттарға, білімділер мен білімсіздерге Ізгі хабарды жариялау — менің парызым.

[15] Сондықтан Римде тұратын сендерге де оны уағыздауға деген ықылас менде жетерлік.

[16] Мен Ізгі хабар үшін еш ұялмаймын, ол — Мәсіхке сенетін барлық адамдарды, алдымен яһудилерді, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да құтқаратын Құдайдың құдіреті!

[17] Себебі Құдайдың адамдарды ақтау жолы мынадан білінеді: ол басынан аяғына дейін сенімді қажет етеді. Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар ғой: Сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүреді.

[18] Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әділетсіздігіне қарсы өз қаһарын білдіреді. Себебі олар әділетсіз істері арқылы шындықты аяққа басады.

[19] Құдай туралы білуге болатын шындық адамдарға белгілі, мұны оларға Оның Өзі білдірген.

[20] Өйткені Құдайдың көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік құдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап түсінуге болады. Сондықтан адамдар Құдайды біле алмадық деп сылтаурата алмайды.

[21] Олар Құдай туралы білсе де, Оны Құдай деп дәріптеп, шүкірлік еткен жоқ. Керісінше, адамдар түкке тұрғысыз ойға берілді. Содан саналарын қара түнек басып, наданға айналды.

[22] Өздерін ақылдымыз деп жүріп, шын мәнінде ақымақ болып шықты.

[23] Осылай олар мәңгі тірі Құдайдың ұлылығына табынудың орнына ажалды пенденің, құстың, төрт аяқты не бауырымен жорғалаушы жануардың мүсіндеріне құлшылық ететін болды.

[24] Сондықтан да Құдай оларды көңілдері ынтыққан азғындықтың былығына батырып жіберді; осылай олар өз тәндерін өздері қорлауда.

[25] Өйткені адамдар Құдай туралы шындықты мойындамай, жалған тәңірлерге сиынып келеді. Жаратушы Иеге бас ұрып ғибадат етудің орнына жаратылған нәрселерге құлшылық етеді. Ал Жаратушы Құдай мәңгілік мадақталуға лайық! Аумин.

[26] Сол себептен де Құдай адамдарды өздерін қорлайтын құмарлықтарға батырып жіберді. Араларындағы кейбір әйелдер табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынаспен ауыстырды.

[27] Дәл солай кейбір еркектер де әйелдерімен табиғи қатынасты қойып, бір-біріне құмарлықпен ынтығып, азғындық істейтін болды. Олар тура жолдан тайып кеткендіктерінің тиісті жазаларын өз бойларында тартып жатты.

[28] Бұған қоса мұндай кісілер Құдайды танудың қажеті жоқ деп шешті. Сондықтан Ол соларды бұзық пейілдерінде қалдырып, ұятты нәрселер істеуге тастады.

[29] Олардың тұла бойлары тұнған әділетсіздік, бұзықтық, дүниеқорлық, залымдық, қызғаншақтық, кісі өлтіруге құмарлық, даукестік, алдамшылық және арам ниеттілік.

[30] Олар жасырын жамандап, ашық та өсектегіш, Құдайды жек көретін, күш көрсеткіш, өркөкірек, мақтаншақ, жамандықты ойлап тапқыш, ата-анасын сыйламайтын,

[31] санасыз, опасыз, тасбауыр, мейірімсіз жандар.

[32] Осындай күнәлар жасағандардың тартатын жазалары — өлім деген Құдайдың әділ үкімін сол адамдар біледі. Әйтсе де олар бұларды өздері істеп қана қоймай, солармен айналысатын басқаларды мақұлдап та отырады.

Римдіктерге — Chapters