[1] Сендерге бауырласымыз Фөбе апайды ұсынамын, ол — Кеніхреядағы қауымның қызметшісі.
[2] Оны Иеміздің кісісі ретінде Құдайдың адамдарына лайықты қабылдап, мұқтаж нәрселерімен қамтамасыз етіңдер! Бұл кісі көп адамдарға қамқорлық жасап келеді, солардың арасында мен де бармын.
[3] Мәсіх Исаның қызметіндегі әріптестерім Прискила мен Ақилаға сәлем айтыңдар.
[4] Олар мен үшін өмірін қиюға дайын болды. Бұған өзім ғана емес, басқа халықтардың күллі қауымдары да алғыс айтуда. Екеуінің үйінде бас қосатын қауымға да сәлемімді жеткізіңдер.
[5] Азия өлкесінде Мәсіх жолына түскен алғашқылардың бірі болған сүйікті Епенетке де сәлем.
[6] Сендер үшін жан аямай қызмет еткен Мәриямға да сәлем айтыңдар.
[7] Түрмеде бірге отырған ағайындарым Андроник пен Юнияға да сәлем. Елшілер арасында абыройлары ерекше, олар менен бұрын Мәсіхтің жолына түсті.
[8] Иемізбен байланысымыздағы ерекше жақсы көретін бауырласым Амплиға да сәлем.
[9] Мәсіхтің қызметіндегі әріптесіміз Ұрбанға және қымбатты досым Стахиға сәлемімді жеткізіңдер.
[10] Мәсіхке деген сенімі дәлелденген Апеллеске де сәлем. Аристобулдың отбасына сәлем айтыңдар.
[11] Туысқаным Иродионға, Иеміздің қарамағындағы Нарқистың үй ішіндегілерге де сәлем.
[12] Иеміз үшін құлшына жұмыс істеп жүрген Трифена мен Трифозаға сәлем айтыңдар; Иеміз үшін көп еңбек сіңірген қымбатты Персидаға да сәлем.
[13] Иеміздің таңдаулысы Руфқа және оның маған да ана болған шешесіне сәлем.
[14] Асинкіритке, Філегонға, Ерімге, Патробқа, Ермиге және олармен бірге бас қосатын бауырластарға да сәлем жолдаймын.
[15] Филолог пен Юлияға, Нире мен оның қарындасына және Олимпанға, сондай-ақ олармен бірге жиналатын Құдайдың барлық адамдарына да сәлем айтыңдар.
[16] Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер. Мәсіхтің осындағы барлық қауымдары сендерге сәлем жолдауда.
[17] Бауырластарым, сендерге өтіне айтарым: жік шығарып, өздеріңе үйреткен ілімге қарсы араздық туғызушылардан сақ болып, аулақ жүріңдер!
[18] Мұндайлар Иеміз Иса Мәсіхке қызмет етпейді, қайта, қарындарының ғана қамын ойлап, жағымпазданып, майда да сылдыр сөздерімен тәжірибесіздерді алдайды.
[19] Сендердің Құдайға мойынсұнғандықтарың әлемге әйгілі болды. Сондықтан сендер үшін қуаныштымын, әрі жақсылыққа дана, жамандықтан аулақ болуларыңды тілеймін.
[20] Тыныштық сыйлайтын Құдай жуық арада әзәзіл шайтанды аяқтарыңа жығып бермек. Иеміз Иса Мәсіх сендерге жар болып, рақымын жаудыра көрсін! Аумин.
[21] Қызметкерім Тімоте және ағайындарым Лұси, Ясон және Сосипатыр сәлем айтуда.
[22] Осы хатты (Пауыл үшін) қағазға түсіріп отырған мен, Терти, Иса Мәсіхпен жүрген сендерге сәлем жолдаймын.
[23] Маған және бүкіл қауымға қонақжайлылық танытқан Гайдан да сәлем. Осы қаланың қазына бастығы Ераст пен бауырласымыз Кварт та сәлем айтуда.
[24] (Бәріңе де Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рақымын жаудыра көрсін! Аумин.)