[1] Ал енді түп атамыз Ыбырайым туралы не дейміз? Ол осы мәселеде не тапты?
[2] Егер Ыбырайым өз игі істері арқылы ақталған болса, онда ол мақтана алар еді; бірақ Құдай алдында емес.
[3] Тауратта: «Ыбырайым Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған.
[4] Мысалы, егер біреу еңбек етсе, онда ол жалақыны сый ретінде емес, тиісті ақы ретінде алады.
[5] Ал егер адам Құдай алдында ақталу үшін өзінің игі істеріне сүйенбей, күнәкарды кешіретін рақымды Құдайға сенімін артса, онда ол осы сенімінің арқасында ақталады.
[6] Құдай еңбегіне қарамай-ақ ақтаған сондай адамның бақытты екендігін Дәуіт пайғамбар да айтқан:
[7] «Әділетсіз істері кешірілген, барлық күнәларынан ақталған қандай бақытты әрбір жан!
[8] Иеміз мойнына кінә артпайтын қандай бақытты әрбір жан!»
[9] «Бұл бақыттылық тек сүндеттелген яһудилерге ғана ма, әлде сүндеттелмеген халықтарға да арналған ба?» (Әрине, бұл халықтарға да арналған.) Біз жоғарыда Ыбырайым ата Құдайға артқан сенімінің арқасында ақталды дедік.
[10] Ол қашан ақталды: сүндеттелмес бұрын ба, әлде кейін бе? Сүндеттелгеннен кейін емес, оған дейін ақталды. (Демек, Ыбырайым осы рәсімді орындау арқылы ақталған жоқ.)
[11] Кейінірек қана Құдай Ыбырайымға сүндеттеу рәсімін орындауды бұйырды. Осы рәсім Ыбырайымның Құдайға деген сенімі арқылы ақталғандығын бекітетін белгі іспетті еді. Ал бұл сенім Ыбырайымда сүндеттелмей тұрғанда-ақ болған. Сонымен Ыбырайым — кейінгі замандарда сүндеттелмей-ақ Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы.
[12] Бұған қоса Ыбырайым (Мәсіхке сенуші) яһудилердің де түп атасы. Бұлар сүндеттеу рәсімінен өтіп қана қоймай, атамыз Ыбырайым сүндеттелмей тұрған кезде-ақ жүрген сенім жолына да түсті.
[13] Құдай Ыбырайым мен оның ұрпақтарына жер бетін иемденулері жайында уәде берді. Бұл уәде Ыбырайымға заңды ұстанғаны үшін емес, (Жаратқан Ие сөзінде тұрады деген) сенімі арқылы ақталғаны үшін берілді.
[14] Егер адамдар Құдайдың берген уәдесіне тек заңды ұстану арқылы ие бола алса, онда сенімнің ешбір пайдасы және уәденің ешқандай күші болмас еді.
[15] Заң (оны мүлтіксіз орындамаған кісіні) Тәңірдің қаһарына ұшыратады, ал заң жоқ жерде оны бұзу да мүмкін емес.
[16] Сонымен, Құдайдың уәдесі сенімге байланысты. Осылай бұл уәде Оның рақымымен беріліп, Ыбырайымның бүкіл ұрпағы үшін — Таурат заңы бар яһуди сенушілері үшін ғана емес, Ыбырайым сияқты Құдайға сенім артқан басқа ұлттар үшін де күшінде тұрады. Ыбырайым — Жаратқан Иенің еркімен бәріміздің рухани түп атамыз.
[17] (Тауратта) «Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым» деп жазылған ғой. Ал Ыбырайым өлгендерді қайта тірілтетін және жаңа нәрселерді жоқтан жарата алатын Құдайға сенімін артты.
[18] Үміттенетін еш шара қалмаған кездің өзінде Ыбырайым үмітін үзбей, сенімінде берік тұра берді. Сондықтан да ол «Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады!» деген уәде бойынша көптеген халықтардың рухани түп атасы болды.
[19] Жасы жүзге келіп қалған Ыбырайым өз денесінде ешқандай күш қалмағанын, әйелі Сараның да құрсағына бала бітпейтінін жақсы білгенімен, уайымдап сенімін әлсіретпеді.
[20] Қайта, Ыбырайым Құдайдың уәдесіне күмәнданбай, Оған деген сенімінен қуат алды.
[21] Осылай ол Тәңірдің өз уәдесін орындай алатынына қалтқысыз сеніп, Оған құрмет көрсетті.
[22] Сондықтан да «Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған.
[23] «Жаратқан Ие оны ақтады» деген сөз Ыбырайымға ғана емес,
[24] бізге де қатысты: біз Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайға деген сеніміміз арқылы ақталамыз.
[25] Құдай Иеміз Исаны күнәміздің құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды және ақталғандығымызды дәлелдеу үшін қайта тірілтті.