Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:30

[1] Сонымен, бауырластарым, бізге осындай мол мейірімін төккені үшін өздеріңді Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады.

[2] Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар.

[3] Иеміз маған берген рақымға сүйене отырып, әрбіреуіңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар! Қайта, Құдайдан сенім арқылы әрқайсыңның үлестеріңе қандай рухани дарындар тигенін ойлай отырып, өздеріңді саналы түрде бағалаңдар.

[4] Денеміздің мүшелерінің көп, әрі олардың атқаратын қызметтерінің әр түрлі екеніндей,

[5] біз бәріміз де көптігімізге қарамастан Мәсіхтің рухани денесіміз, осылай өзара байланысқан мүшелеріміз.

[6] Құдайдың рақымымен әрқайсымыз ерекше рухани дарындарды қабыл алдық: сенің пайғамбарлық сөз сөйлеу дарының болса, хабардың Құдайдан келгендігіне деген сеніміңе сай оны жеткіз.

[7] Сыбағаңа қызмет ету тиген болса, соныңды атқар, рухани тәлім беру дарының болса, оны қолдана бер.

[8] Кімде жігерлендіруші дарын болса, сонысын орындай берсін, мұқтаждарға жәрдем үлестіруші де онысын ақпейілмен атқарсын. Жетекшілік етіп жүргендер шынайы еңбекқорлық көрсетсін және қайырымдылық жасайтындар оны қуанышпен істесін.

[9] Сүйіспеншіліктерің адал болуы керек. Жамандықты жек көріп, жақсылықты берік ұстаныңдар.

[10] Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар.

[11] Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін; Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін!

[12] Әрдайым үміттеніп қуаныңдар, қиыншылыққа шыдап, Құдайға ұдайы сиыныңдар.

[13] Оның мұқтаждыққа душар болған адамдарына көмектесіп, ынтамен қонақжайлылық танытыңдар!

[14] Өздеріңді қудалағандарға Құдайдан жақсылық тілеңдер, оларды қарғамай, ақ баталарыңды беріңдер!

[15] Қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақтасыңдар!

[16] Өзара ынтымақтас болыңдар; өркөкірек емес, кішіпейіл болып, өздеріңді басқалардан ақылды санамаңдар!

[17] Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар! Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында ізгі болуына тырысыңдар.

[18] Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар.

[19] Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, соны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Тауратта мынадай сөздер жазылған ғой: Кек алу — Менің ісім, зұлымдықтың есесін қайтарамын Мен Өзім, — дейді Иеміз.

[20] Ал «жауың сенің аш болса тамақтандыр, Егер де шөлдесе шөлін қандыр! Мұныңменен сен басына оның Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың».

[21] Осылайша жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!

Римдіктерге — Chapters