Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:22

[1] Қымбатты бауырластар, менің жүрегімнің тілегі және Құдайдан жалбарынып сұрайтыным — исраилдіктердің құтқарылуы.

[2] Олардың Құдай үшін ынта көрсетіп жүргендеріне куәмін, алайда ынталары дұрыс түсінікке негізделмеген.

[3] Өйткені олар Құдайдың адамды ақтау жолын ұқпай, өздерінің әділдігін орнатуға тырысты, осылайша Тәңір Иенің дайындаған ақтау жолын мойындамай қойды.

[4] Адамдардың Таурат заңын ұстануға ұмтылысын Мәсіх тоқтатты, енді Оның құрбандық өліміне сенетіндер ақталады.

[5] Таурат заңының ережелерін орындау арқылы ақталу туралы Мұса пайғамбар былай деп жазған: «Оларды бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді».

[6] Ал сенім жолымен ақталу туралы Тауратта мына тәрізді сөздер айтылған: Кім көкке көтеріледі? Яғни кім Мәсіхті көктен алып келеді? — деп іштей сұрама.

[7] Немесе: Кім тұңғиыққа түседі? Яғни кім Мәсіхті өлімнен қайтарып алып келеді? — деп те айтпа.

[8] Қайта, сенім жолымен ақталу жөнінде былай делінген: «Бұл сөз саған өте жақын, ол ауызыңда және жүрегіңде». Сенім туралы біз жариялап жүрген сөз — осы.

[9] Өз аузыңмен Исаны Жаратқан Ием деп мойындасаң, жүрегіңде Құдайдың Оны өлімнен қайта тірілткеніне сенсең, онда құтқарыласың.

[10] Себебі Мәсіхке жүрегімен сенуі арқылы адам күнәсінен ақталады, Оны аузымен мойындауы арқылы құтқарылады.

[11] Осы туралы Ишая пайғамбардың жазбасында «Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым» делінген ғой.

[12] Бұл жерде яһудилер мен басқа ұлттардың араларында айырмашылық жоқ, олардың жалғыз бір Жаратқан Иесі бар: Ол Өзіне сиынғандардың бәріне де шексіз рақымды.

[13] Себебі: «Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады» деп те жазылған.

[14] (Енді былай деулерің де мүмкін:) «Олар Иемізге сенбесе, қалай Оған сиынады? Ол туралы естімесе, қалай сенеді? Оны ешкім уағыздамаса, қайдан естиді?

[15] Ал Құдай жібермесе, қалай уағыздайды?» Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар: (Татулық туралы) ізгі хабарды жеткізушілердің келгені қандай тамаша!

[16] Бірақ Құдай Ізгі хабарды жіберген болса да, исраилдіктердің бәрі бірдей оған сенген жоқ, оны қабылдаған да жоқ. Осы туралы Ишая пайғамбар мынадай сөздер айтқан: Уа, Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді!

[17] Сонымен, сенім хабарды естуден келеді, ал естудің өзі Мәсіхтің сөзін жариялаудан болады.

[18] Енді: «Олар хабарды естіген жоқ па?» деп сұрағым келіп тұр. Әрине, естіген. «Үндері жайылады бар жер бетіне, сөздері таралады жердің шетіне» деп (Забурда) жазылған ғой.

[19] Онда мен: «Мүмкін Исраил халқы түсінбеген шығар?» деп сұраймын. Тіпті басқа ұлттық адамдар оны түсінді ғой! Мұса пайғамбар мұны бірінші болып Құдайдың мына тәрізді сөздерімен алдын ала айтты: «Мен халық сиқы жоқ бөтендер арқылы сендердің қызғаныштарыңды оятамын. Иә, өздерің түсінігі жоқ деп санайтын өзге халықпен сендерді ашуландырамын!»

[20] Ишая пайғамбар бұл туралы батылдықпен Құдайдың мынадай хабарын жеткізді: «Іздемегендер Мені таба алды. Мен туралы сұрамағандарға Өзімді көрсеттім».

[21] Ал Исраил халқы жайында Құдай мына тәрізді сөздер айтты: «Мен құлақ аспайтын, қасарысқан халықты күні бойы қол созып шақырумен болдым».

Римдіктерге — Chapters