[1] Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға мойынсұныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан.
[2] Сондықтан билікке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртібіне қарсы тұрады. Мұндай қарсыласқандар жазаларын тартатын болады.
[3] Билеушілерден жақсылық істегендер емес, жамандық істегендер қорқуға тиіс. Билік иесінен қорықпай жүргің келсе, жақсылық істей бер, сонда одан мақтау аласың.
[4] Өйткені ол сенің мүддең үшін Құдайға қызмет етуші. Ал егер жамандық істесең, қорыққаның жөн, ол семсерін беліне бекер байлап жүрген жоқ. Билік иесі — Құдайдың қылмыскерге жазасын тартқызатын қызметшісі ғой.
[5] Сонымен, сендер тек жазадан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұждандарыңның таза болуы үшін де мойынсұнуларың керек.
[6] Сондықтан да алым-салық төлеп тұрсыңдар, себебі билік иелері — Құдайдың қызметіндегілер, олар ел басқарумен үздіксіз айналысуда.
[7] Әркімге тиістісін беріңдер: алым-салықты — салықшыларға, кеден салығын — кеденшілерге төлеп, сый-құрмет пен қадірді — тиістілерге көрсетіңдер.
[8] Қарыздарыңды уақтылы өтеп қайтарыңдар, әсіресе, бір-біріңді сүю парызын өтеп тұрыңдар. Адамның басқаларды сүюі Құдайдың заңын да орындағаны.
[9] «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; басқаның иелігіне сұқтанба!» және тағы басқа бұйрықтар Таурат заңында былай деп тұжырымдалған: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»
[10] Сүйіспеншілікке кенелген адам маңайындағыларға жамандық істемейді. Сондықтан сүйіспеншілік көрсету — Құдайдың заңын орындау.
[11] Осыны іске асырыңдар, себебі қандай заманда өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер: қазір рухани ұйқыдан оянып, сақ болатын уақытымыз келді. Біздің Мәсіхке сене бастаған кезімізден гөрі қазір құтқарылуымыз жақынырақ тұр.
[12] Түнгі уақыт бітуге таяп қалды, ал Мәсіхтің күні жақындады. Сондықтан қара түнектегі жаман істерден бас тартып, жамандыққа қарсы тұратын «нұрдың қаруын» асынайық!
[13] Күндізге жарасатындай әдетпен өмір сүрейік: шектен тыс той-думанға, маскүнемдікке, неке адалдығын бұзуға, азғындыққа, дау-дамайға әрі күндестікке салынбайық!
[14] Одан да Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етіңдер. Ескі болмыстарыңның күнәлі құмарлықтарын қанағаттандыруды ойлаудан бас тартыңдар!