Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:38

[1] Құтқарушымыз Құдайдың және үмітіміздің Бастауы — Иса Мәсіхтің бұйрығымен Иса Мәсіхтің елшісі болған Пауылдан

[2] сеніміміздегі шынайы ұлым іспетті Тімотеге дұғай сәлем. Лайым Құдай Әкеміз және Иеміз Мәсіх Иса саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсін!

[3] Македонияға барарда өтініп сұрағанымдай, сен Ефес қаласында қалып, кейбіреулердің басқа ілімдерді үйретулеріне

[4] және аңыздармен, ұлан-ғайыр шежірелермен шұғылдануларына тыйым сал. Бұлар сенім арқылы білінетін Құдайдың ісіне қызмет етудің орнына көп дау-жанжал тудырады.

[5] Осы бұйрықтың мақсаты — пәк жүрек, таза ар-ұждан мен шынайы сенімнен бастау алатын сүйіспеншілікті ояту.

[6] Кейбір адамдар бұлардан бас тартып, көп мылжыңдыққа түсіп, адасып кетті.

[7] Олар Таурат заңының ұстаздары болғылары келеді, бірақ өз айтқандарын әрі табандылықпен білдіріп жүрген пікірлерін өздері дұрыстап түсінбейді.

[8] Ал тиісінше қолданылса, Таурат заңының игілікті болатынын білеміз.

[9] Оның Құдай алдында ақталған біздерге емес, заң мен билікке бағынбайтындарға, зұлымдар мен күнәкарларға, қасиетсіздер мен дінсіздерге, ата-анасын не басқа біреуді өлтірушілерге,

[10] бұзылғандар мен жыныстық азғындыққа түскендерге, кісі ұрлаушыларға, өтірікшілер мен жалған ант беретіндерге, яки дұрыс ілімге қайшы әрекет ететіндердің бәріне тыйым салатынын түсінеміз.

[11] Осы ілім мадақталуға тиісті Құдайдың ұлы Ізгі хабарында мәлімденген. Құдай соны уағыздауды маған аманаттады.

[12] Міндетімді атқаруға күш-қуат беріп келе жатқан Иеміз Мәсіх Исаға ризашылығымды білдіремін. Өйткені Ол мені сенімді болады деп бағалап, Өзіне қызмет етуге тағайындаған.

[13] Бұдан бұрын Оған тіл тигізіп, қауымдарын қудалап, зорлық-зомбылық көрсеткеніммен, Иеміз маған қайырымды болды. Себебі менде әлі де шынайы сенім болмағандықтан, не істеп жүргенімді білмедім.

[14] Осылай маған Иеміздің рақымы молынан төгіліп, Иса Мәсіхтен келетін сенім мен сүйіспеншілікке кенелдім.

[15] «Иса Мәсіх осы дүниеге келді Құтқару үшін күнәкар кісілерді!» Бұл — дәл айтылған шынайы сөз, оны түгелдей қабылдау қажет. Күнәкарлардың ішіндегі нағыз күнәкар мен едім.

[16] Ал Иса Мәсіх алдымен мен арқылы Өзінің төзімділігін толығымен көрсету үшін маған қайырымдылық танытты. Сөйтіп мені болашақта Иса Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болатын адамдардың бәріне үлгі етті.

[17] Мәңгілік Патша — өлмес, көзге көрінбес бірден-бір Құдай мәңгі құрметтеліп, ұлылығы мадақтала берсін! Аумин.

[18] Тімоте, балам менің, саған мына өсиетті аманаттаймын, ол бұдан бұрын өзің туралы Құдай Рухы білдірген хабарларға сәйкес: ізгі күресте сол хабарларға сай әрекет жасап,

[19] сенімің мен ар-ұжданыңды таза ұста! Кейбіреулер ар-ұждандарынан безіп, сенімдерін құртты.

[20] Олардың араларында Үменей мен Ескендір бар. Құдайға тіл тигізбеуге үйренсін деп, екеуін (қауымнан шығарып) шайтанның қолына тапсырдым.

Тімотеге 1 — Chapters