[1] Ал енді, ең алдымен мынаны ескертемін: барлық адамдар үшін Құдайға сиынып, өтініштерің мен алғыстарыңды білдіріңдер.
[2] Патшалар мен басқа да барлық әкімшілік иелері үшін де мінажат ету керек; соның нәтижесінде біз барлық жағдайда Құдайға ұнамды да адал болып, тыныш та бейбіт өмір сүрмекпіз.
[3] Бұл игілікті әрі Құтқарушымыз Құдайға ұнамды.
[4] Ол барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды.
[5] Құдай — біреу-ақ, Құдай мен адамдар арасын Келістіруші де Біреу, Ол — адам (болып дүниеге келген) Иса Мәсіх.
[6] Бәрін күнәнің құлдығынан босату үшін Мәсіх жанын құрбан етіп, соның төлемін өтеді. Бұған дер кезінде куәлік берілді.
[7] Оны жариялау үшін уағыздаушы және елші болуға тағайындалдым. Еш өтірік емес, Мәсіх алдында нағыз шындықты айтып тұрмын: Ол мені халықтарға сенім мен шындық туралы тәлім беруге жіберді.
[8] Сонымен ер адамдардың әр жерде адал қолдарын жайып, ашу-ыза, күмән және жанжалдан аулақ болып, Құдайға сиынуларын қалаймын.
[9] Сол сияқты, әйелдер әдеппен әрленіп-сәнденсін: шаштарын тым баптай бермей, алтын, інжу-маржан және қымбат киімге үйір болмай, киімдері қарапайым да сыпайы болсын.
[10] Оларды істеген игі істері көркейтсін. Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық.
[11] Әйелдер тыныштықпен, әр жағдайда (қауым жетекшілерінің басшылығына) мойынсұнып тәлім алсын.
[12] Олардың (Құдайдың ілімі жайлы) тәлім беріп, ер адамдарға билік жүргізулеріне жол бермеймін; олар тыныш болсын.
[13] Алдымен Адам ата, содан кейін Хауа ана жаратылған
[14] және Адам ата емес, әйел әзәзілге алданды. Осылай ол Құдайдың бұйрығын бұзды.
[15] Ал егер әйелдер сенім мен сүйіспеншілікті, қасиеттілік пен ұстамдылықты ұстанса, аналық міндетін атқарғанда (күнәнің ықпалынан) аман сақталады.