Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:19

[1] Ал енді, бауырластар, біз үшін мінажат етіңдер: Иеміздің Ізгі хабары тура сендердегідей көп тарап, құрметке бөлене берсін.

[2] Иеміз бізді қара ниетті, зұлым адамдардың шабуылынан құтқара көрсін. Өйткені жұрттың бәрі бірдей сенуші емес.

[3] Ал Жаратқан Ие сенімді, Ол сендерге күш-жігер беріп, әзәзілдің әрекетінен сақтайды.

[4] Сендер Иемізбен тығыз байланыста тұрғандықтан, біз өздеріңе бұйырғанымызды қазір де, келешекте де орындайды деп сенім артамыз.

[5] Иеміз жан дүниелеріңді Құдайдың сүйіспеншілігіне бұрып, сендер Мәсіхтің қайта оралуын сабырмен күтсін деп мінажат етеміз.

[6] Қымбатты бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан сендерге тағы мынаны ескертеміз: жүгенсіз жүріп, біздің өздеріңе тапсырған ілімімізге ермейтіндерден бойларыңды аулақ ұстаңдар!

[7] Бұл жерде бізден үлгі алу қажеттігін өздерің де білесіңдер. Себебі біз сендерде болғанда жұмыссыз, бос жүріп,

[8] басқаның нанын тегін жеген жоқпыз. Ешқайсыңа ауыртпалық түсірмеу үшін күні-түні еңбек етіп, жан сала бейнеттеніп жұмыс істедік.

[9] Нандарыңды жеуге қақымыз бар еді; бірақ сендер бізге еліктесін деп, үлгі болғымыз келді.

[10] Араларыңда жүргенде «Еңбек еткісі келмеген тамақ та ішіп-жемесін» деген қағиданы саналарыңа сіңірдік.

[11] Ал енді кейбіреулеріңнің жүгенсіз жүргендіктерің туралы естідік. Олар жұмыс істемей, басқалардың мазасын алып, босқа сандалып жүр екен.

[12] Осындайларға біз тыныш еңбек етіп, өз нандарын өздері тауып жесін деп Иеміз Иса Мәсіхтің атынан бұйырып ескертеміз.

[13] Ал өздерің, қымбатты бауырластар, жақсылық жасаудан жалықпасаңдар екен.

[14] Кімде-кім біздің осы хатта айтып отырған нұсқауларымызға құлақ аспаса, соны естеріңде сақтаңдар. Өз қылығына ұялуы үшін сол кісімен араласпай қойыңдар.

[15] Бірақ оған жау деп қарамай, бауырлас ретінде түсіндіріп ескертіңдер.

[16] Тыныштықтың бастауы — Жаратқан Иенің Өзі сендерге әрдайым қай нәрседе де тыныштық сыйлай берсін! Иеміз барлығыңа жар болғай!

[17] Ал мен, Пауыл, осы сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын. Хаттарымды ұдайы осылай аяқтаймын, олардың менікі екенін осыған қарап білесіңдер.

[18] Лайым Иеміз Иса Мәсіх барлығыңа рақымын жаудыра көрсін!

Салониқал. 2 — Chapters