[1] Құлдықта жүрген барлық қызметшілер қожайындарын құрмет атаулыға лайық деп есептесін! Әйтпесе Құдайдың есімі мен біздің ілімімізге жұрт тіл тигізіп жүрер.
[2] Қожайындары сенуші болса, қызметшілері соларға рухани бауырласым деп тиісті құрмет көрсетпей жүрмесін! Керісінше, оларға одан да жақсы қызмет етуге тиіс. Себебі соның пайдасын көретіндер — олардың сүйікті бауырластары ғой. Осы нұсқауларды қауымға үйретіп ескерте бер!
[3] Ал басқаша тәлім беріп, Иеміз Иса Мәсіхтің шынайы сөздерімен және Құдайға ұнамды өмір салтына жетелейтін ілімімен келіспеген адамдар
[4] кеуделерін көтеріп, ешқандай шындықты білмейді. Олар тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауырады. Бұл қызғаныш, дау-жанжал, жамандау және арам күдік тудырып,
[5] ақыл-естері уланған, шындықты білуден ада болған адамдардың арасындағы үздіксіз ұрыс-керіске себепші болады. Ондайлар Құдайға ұнамдылықты байлыққа қол жеткізудің жолы деп санайды.
[6] Расында да Құдайға ұнамды өмір сүріп, барға қанағат ету зор рухани байлыққа жеткізеді.
[7] Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, одан ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық.
[8] Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік.
[9] Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құрып кетуге апаратын көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі.
[10] Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп-тамыры. Кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті.
[11] Ал сен, Құдайдың таңдаған адамы, мұндайлардан алшақ жүріп, әрдайым әділ, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім мен сүйіспеншілікке, төзімділік пен ілтипаттылыққа ұмтыла бер.
[12] Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресіп, мәңгілік өмірді берік ұстан. Құдай сені осыған шақырды, өзің де көптеген куәлардың алдында Ізгі хабарды мойындадың.
[13] Барлық жаратылысқа өмір сыйлаған Құдай алдында және Понти Пилат тергеген кезде Ізгі хабарды табандылықпен мойындаған Иса Мәсіх алдында саған мынаны аманаттаймын:
[14] берілген нұсқауларды Иеміз Иса Мәсіхтің қайтып келіп, ұлылықпен көрінетін күніне дейін мүлтіксіз, таза орында!
[15] Құдай Өзінің белгілеген кезінде Мәсіхті салтанатпен көрсететін болады. Ол — мадақталған, бірден-бір қуатты Билеуші, патшалардың Патшасы, иелердің Иесі,
[16] мәңгіліктің жалғыз Иесі! Ол ешкім жақындай алмайтын нұрда тұрады, ешбір адам баласы Оны көрген де емес, көре де алмайды. Қадір-құрмет пен билік мәңгі Онікі! Аумин.
[17] Осы дүниелік мал-мүлікке бай сенушілерге мынаны ескерт: олар менмен болмасын және сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол адамдар рақатын көрсін деп игіліктердің бәрін сыйлайды.
[18] Байлар жақсылық жасай беріп, игі істерге дарқан әрі жомарт болып, басқалармен бөліссін.
[19] Осылай олар өздеріне келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанбақ.
[20] О, Тімоте, қамқорлығыңа сеніп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз, бос сөздерден және «білімпаздық» деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден аулақ бол!
[21] Кейбіреулер оларды ұстанып, жариялап, сенім жолынан тайып, адасып кетті. Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра берсін! (Аумин.)