[1] Жасы үлкен адамды сөкпе, қайта, өз әкеңе айтқандай ілтипатпен ескерт. Жас жігіттерге — туған бауырыңа,
[2] егде әйелдерге — анаңа, ал қыз-келіншектерге — әпке-қарындасыңа қарағандай қарап, пәк таза болып жүр.
[3] Шынымен мұқтаж жесір әйелдерді құрметте.
[4] Егер жесірдің балалары не немерелері болса, онда бұлар алдымен өз отбасын қадірлеп, әке-шешелері мен ата-әжелерінің алдындағы борыштарын өтеп, өз сенімдерін іс жүзінде көрсетуді үйренсін. Өйткені бұл Құдайға ұнайды.
[5] Ал шынымен мұқтаж, жалғыз басты жесірлер бар үмітін Құдайға артып, күні-түні Оған сиынып мінажат етеді.
[6] Алайда тіршіліктің ләззатын ғана ойлайтын жесір әйел — тірі өлік.
[7] Қауымның кінәратсыз болуы үшін осыларды насихаттап үйрет!
[8] Туысқандарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман.
[9] Жасы алпыстан асқан, күйеулеріне адал болған жесірлер ғана таңдалып, арнайы тізімге тіркелсін.
[10] Олардың жасаған игі істері белгілі болулары керек, мысалы, балаларын тәрбиелеуі, қонақжайлылық танытуы, Құдайдың адамдарына қарапайым қызмет көрсетуі, бейшараларға көмектесуі, игілікті іс атаулының бәріне де өздерін арнауы.
[11] Жастай жесір қалған әйелдерді бұл тізімге қабылдама. Олар тәндік құмарлықтарының жетегіне еріп, Мәсіхке берілгендігінен безсе, күйеуге шыққылары келеді.
[12] Осылай олар алдыңғы уәделерін бұзып, айыпталуға душар болады.
[13] Мұнан басқа, өздері жұмыс жасамайтындықтан, уақытты бос өткізіп, үй-үйді аралауды әдетке айналдырады. Олар еріншек болып қана қоймай, мылжыңмен әуестеніп, өзгенің жұмыстарына араласып, сөз қылуға болмайтын нәрселерді айтатын болады.
[14] Сондықтан мен жас жесірлердің күйеуге шығып, балалы болып, үй шаруасын басқаруларын қалаймын. Солай олар дұшпанымыздың жамандауына жол бермеуге тиіс.
[15] Кейбіреулері дұрыс жолдан тайып, шайтанның жетегіне еріп кетті ғой.
[16] Егер сенуші (ер адамның не) әйелдің отбасында жесірлері болса, соларды қауымның иығына артып қоймай, өзі көмектессін. Сонда қауым шынымен мұқтаж жесірлерге көмектесе алады.
[17] Қауымды жақсы басқаратын жетекшілер, әсіресе Құдай сөзін уағыздап, үйретуге еңбегі сіңгендер, ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық.
[18] Себебі Киелі жазбаларда былай делінген: «Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума». Және: «Еңбек еткен ақысын алуға лайық».
[19] Қауым жетекшілері айыпталғанда, ең аз дегенде екі-үш куәгер болмаса, соған құлақ аспа.
[20] Басқаларды да сақтандыру үшін күнә жасаушыларға бәрінің алдында сөгіс бер.
[21] Құдайдың, Иса Мәсіхтің және Оның таңдаулы періштелерінің алдарында саған мықтап ескертемін: осы нұсқауларды алаламай орында, еш нәрсені де біржақтылықпен істеме!
[22] Адамдардың үстеріне қол қойып батаңды беруде асығыстық жасама! Әйтпесе олардың күнәларына сен де жауапты боласың. Өзіңді пәк таза ұста.
[23] Айтпақшы, әлсіз асқазаныңа және жиі сырқаттануыңа бола бұдан былай тек су ғана ішпей, аздап шарап та іш.
[24] Кейбір адамдардың күнәлары көзге айқын көрініп, оларды тікелей айыпталуға бастайды. Ал басқаларынікі кейінірек қана әшкереленеді.
[25] Сол сияқты, кейбіреулердің игі істері де айқын көрінеді. Ал ашық білінбейтін іс-әрекеттер де жасырын қала алмайды.