Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:14

[1] Құдай Рухы: «Соңғы дәуірде кейбіреулер сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретін болады», — деп анық айтады.

[2] Осындай ілімдер ар-ұжданнан әбден безген, екі жүзді өтірікшілер арқылы тарайды.

[3] Олар: «Үйленуге және белгілі бір тағам түрлерін жеуге болмайды!» — деп үйретеді. Алайда сол тағамдарды Құдай Өзіне сеніп, шындықты білетіндердің шүкірлік ете отырып жеулері үшін жаратты.

[4] Құдай жаратқандардың бәрі де адал; шүкірлік етіп қабылданған тамақтарға тыйым салуға болмайды.

[5] Олар Құдайдың сөзін оқып, Оған сиынуымыз арқылы Оған бағышталып адал болады.

[6] Осы нұсқауларды бауырластарға білдіріп, сеніміміз туралы сөздерден, ұстанған игілікті ілімнен нәр алсаң, онда Иса Мәсіхтің ізгі қызметшісі боласың.

[7] Сол бір кексе әйелдердің бос аңыздарынан бойыңды аулақ ұстап, Құдайға ұнамды жүруге жаттыға бер.

[8] Денені шынықтырудың біраз пайдасы бар, ал Құдайға ұнамды жүру барлық жағынан да пайдалы: Құдайдың уәдесі бойынша ол осы және болашақ өмірде де игілікті.

[9] Бұл — дәл айтылған шынайы сөз; оны түгелдей қабылдау қажет.

[10] Біз барлық адамдардың құтқарылуын қалайтын әрі Ізгі хабарға сенушілердің бәрін құтқаратын мәңгі тірі Құдайға сенімімізді арттық. Сол себептен жан сала еңбек етіп қорлыққа төзудеміз.

[11] Осыларды нық уағыздап үйрет.

[12] Ешкімнің де өзіңді жас деп менсінбей қарауына жол берме. Қайта, сенушілерге сөйлеген сөзің, мінез-құлқың, сүйіспеншілігің, сенімің және пәктігіңмен үлгі бол.

[13] Мен барғанша Киелі жазбаларды оқып беріп, насихаттап сенімдерін нығайтып, тәлім берумен айналыса бер.

[14] Қауым жетекшілері сенің үстіңе қолдарын қойып бата берген кезде Құдайдың Рухы білдірген хабарымен саған сыйлаған рухани дарынын елемей жүрме!

[15] Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын.

[16] Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзіңді және тыңдаушыларыңды күнәнің ықпалынан аман сақтайтын боласың.

Тімотеге 1 — Chapters