Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:44

[1] Ал Балағам Жаратқан Иенің Исраилді жарылқағысы келіп отырғанын сезіп, енді бұрынғыдай сәуегейлікке сүйенбеді. Қайта, ол елсіз далаға қарай бет-жүзін бұрып қарады.

[2] Балағам көз тастап, рулары бойынша қатар-қатар тұрақтаған исраилдіктерді көрген кезде, оған Құдайдың Рухы қонды да,

[3] ол мына нақыл сөзін айтты: — Беғор ұлы Балағамның пайғамбарлық сөзі, Көкірек көзі ашық адамның болжау сөзі:

[4] Құлағым шалады Құдайдың хабарын, Көзім көреді Құдіреттінің аянын, Көзім ашық күйі жерге жығыламын, Құдайдың хабарын енді айтамын.

[5] Уа, Жақып халқы, шатырларың қандай әдемі, Уа, Исраил халқы, үйлерің қандай көрікті!

[6] Бұл халық кеңінен жайылған алқаптардай, Өзен жағасында өсетін бақтардай, Жаратқан отырғызған алып ағаштардай, Су жағалай өсетін самырсындардай.

[7] Халықтың шелектерінен су мол ағады, Сепкен тұқымдарына ылғал мол барады, Оның патшасы Агагтан да үстем болады, Иә, патшалығының даңқы тым асады.

[8] Құдай осы халықты Мысырдан алып шықты, Жабайы бұқаның мүйізіндей оның күш-қуаты, Жауласқан бөгде ұлттарды ол қиратады, Олардың сүйектерін күйретіп сындырады, Һәм жебелерімен тәндерін тесіп атады.

[9] Халық арыстандай еңкейіп дайын тұрады, Ана арыстандай тыншып жерге жатады. Оны мазалауға кімнің батылы барады? Жақып, саған бата бергеннің өзі жарылқанады, Ал сені қарғағанның өзін қарғыс атады.

[10] Сонда Балақтың Балағамға деген ашу-ызасы лаулап, екі алақанын сарт еткізіп, былай деп айқайлады: — Сені жауымды қарға деп шақырсам, сен оның орнына оларға үш рет ақ бата бердің!

[11] Лезде өз жөніңе тайып тұр! Сені молынан сыйлаймын деген едім. Ал Жаратқан Иенің Өзі сені сыйыңнан құр қалдырып отыр!

[12] Сонда Балағам Балаққа мына жауапты қайырды: — Маған жіберген елшілеріңе-ақ былай деп айтпап па едім:

[13] Балақ маған сарайын алтын-күміске толтырып берсе де, мен Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, не жақсы, не жаман болсын, еш нәрсені де өздігімнен істей алмаймын. Мен тек Жаратқан Иенің айтқанын ғана айтатын боламын.

[14] Ал енді, мен өз халқыма қайтпақпын. Кәне, болашақта мына халықтың сіздің халқыңызға не істейтіні жайлы ақыл берейін, — деді.

[15] Сонымен Балағам мына нақыл сөзін айтып берді: «Мынау — Беғор ұлы Балағамның айтқан сөзі, Көкірек көзі ашық адамның болжау сөзі,

[16] Құдайдың айтқан сөздерін еститіннің, Тағаланың білдіргенін білетіннің, Көздері ашық күйі сіресіп құлап, Құдіреттінің аянын көретіннің Айтқандары (тыңдаған пенде құлақ түрсін!):

[17] Көріп тұрмын оны, бірақ қазір емес, Байқап тұрмын оны, бірақ жақын емес: Жақыптан бір жұлдыз туатын болады, Исраилден ұлы патша шығатын болады. Ол Моабтың әміршілерін таптап жояды, Шеттің бар ұрпақтарының көзін құртады.

[18] Сонда ол Едом елін басып алады, Сейірдегі жаулары оған бағынады, Ал Исраил үнемі күшейіп нығаяды.

[19] Жақыптан мықты билеуші шығады, Ирдағы тірі қалғандардың көзін құртады!»

[20] Балағам Амалек халқына көз салып мына нақыл сөзді айтты: «Амалек халықтардың алғашқысы еді, Бірақ ақыр соңында ол құрып бітеді».

[21] Балағам кендіктерге де көз салып, олар туралы мына нақыл сөзін айтты: «Сондай берік екен сенің тұрағың, Жартасқа салынған, қауіпсіз екен ұяң.

[22] Алайда, кендіктер, сендер қырыласыңдар, Ассурға көп кешікпей тұтқын боласыңдар».

[23] Содан соң Балағам мынадай нақыл сөз айтты: «Оу, Құдай солай еткенде кім тірі жүрер,

[24] Ал Киттим жағасынан жүзіп келген кемелер Ассурға әрі Еберге жәбір көрсетер, Бірақ өздері де кейін күйретілер».

[25] Осыны айтып болғанда Балағам орнынан тұрып, еліне қайтып кетті. Балақ та өз жағына жөнелді.

Руларды санау — Chapters