Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 8:10

[1] Содан соң исраилдіктер көшіп барып, Иерихон қаласына қарама-қарсы, Иордан өзенінің бойындағы Моабтың елсіз алқаптарына орналасты.

[2] Исраилдің аморлықтарға не істегені туралы (Моаб халқының патшасы) Сипор ұлы Балақ хабардар болатын.

[3] Исраил халқының соншама көп екенін көргенде, моабтықтар олардан қатты қорқып,

[4] Мадиян халқының ақсақалдарына мына хабарды жолдады: «Өгіз даланың шөбін толық жалмап қояр, Енді бұл тобыр маңымызды жалмап қояр!» Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ

[5] елшілерін жіберіп, Беғор ұлы Балағамды өзіне шақыртты. Балағам Евфрат өзенінің бойындағы Петор деген туған жерінде тұрып жатты. Патша Балағамға мынадай сәлем жіберді: «Мысырдан бір халық көшіп шығып, жер бетін қаптап кетті. Олар енді қасымызға қоныстанып жатыр.

[6] Өтінемін, келіп, сол халықты қарғап беріңіз. Олар бізден сондай қуатты! Мүмкін, осылай оларды күйретіп, елден қуып шыға алармын. Себебі сіз кімге бата берсеңіз, соның жарылқанатынын, ал кімді қарғасаңыз, соның қарғысқа ұшырайтынын білеміз».

[7] Осылайша Моаб пен Мадиянның ақсақалдары Балағамға сәуегейлігі үшін беретін сый-тартуын ала шығып, Балақтың айтып жібергенін жеткізді.

[8] Балағам оларға: «Бүгінше осында түнеп шығыңыздар. Жаратқан Ие маған не айтса, соны сіздерге жеткіземін», — деді. Содан Моабтың әміршілері Балағамның қасында қалды.

[9] Түнде Құдай Балағамға келіп тіл қатып: — Мына қасыңдағы адамдарың кім? — деп сұрады.

[10] Балағам: — Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ маған мынадай сәлем жіберді:

[11] «Мысырдан көшіп шығып келген халық жер бетіне қаптап кетті. Келіп, оларды қарғап беріңіз. Мүмкін, сонда олармен шайқасып, қуып шыға алармын», — деп жауап берді.

[12] Құдай Балағамға: — Олармен барып, сол халықты қарғаушы болма! Себебі олар жарылқанған, — деп бұйырды.

[13] Ертеңіне таңертең Балағам орнынан тұрып, Балақтың жіберген әміршілеріне былай деді: «Елдеріңізге қайта беріңіздер. Өйткені Жаратқан Ие маған сіздерге ілесіп жолға шығуға рұқсат берген жоқ».

[14] Моабтың әміршілері Балаққа қайтып келіп: «Тақсыр, Балағам бізге ілесіп келуден бас тартты», — деді.

[15] Сонда Балақ Балағамға бұлардан да қадірлі әрі көбірек әміршілерін жіберді.

[16] Олар Балағамға келіп, былай деді: — Сипор ұлы Балақтан сізге дұғай сәлем. Еш нәрсе де сіздің маған келуіңізге бөгет болмасын!

[17] Мен сізге зор сый көрсетіп, айтқаныңыздың бәрін де орындаймын. Өтінемін, тек келіп, ана халықты қарғап берсеңіз екен.

[18] Балағам Балақтың жіберген адамдарына мынадай жауап қайырды: — Балақ маған сарайын алтын-күміске толтырып берсе де, мен Құдайым Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, не үлкен, не майда-шүйде еш нәрсені де өздігімнен істей алмаймын.

[19] Сіздер де бүгін осында түнеп шығыңыздар. Жаратқан Ие маған тағы не айтар екен, соны біліп алайын.

[20] Түнде Құдай тағы да Балағаммен кездесіп: «Мына адамдар сені шақыруға келген соң жолға жиналып, оларға еріп бара бер. Бірақ тек Менің айтқанымды ғана істейтін бол!» — деп бұйырды.

[21] Балағам таңертең тұрып, мәші есегін ерттеп, мініп алды да, Моабтың әміршілеріне ілесіп сапарға аттанды.

[22] Бірақ оларға ілесіп шыққаны үшін Құдай Балағамға қаһарланды. Сондықтан Жаратқан Иенің періштесі Балағамға қарсы шығып, жолын бөгеп тастады. Балағам екі қызметшісін ертіп жол жүріп бара жатқанда,

[23] оның астындағы мәші есегі Жаратқан Иенің періштесінің қолына жалаң семсер ұстап жолда тұрғанын көрді. Есек жолдан шығып, ашық далаға қарай беттеді. Ал Балағам оны ұрғылап, жолға қайтарды.

[24] Бұдан кейін Жаратқан Иенің періштесі жүзімдіктердің арасындағы соқпақ жолға тұрып алды. Соқпақтың екі жағынан да дуалдар қоршап тұрды.

[25] Есек Жаратқан Иенің періштесін көріп, дуалға жабыса ығысып, Балағамның аяғын қысып тастады. Балағам жануарды қайтадан ұрғылады.

[26] Ал Жаратқан Иенің періштесі алға жылжып, не оңға да, не солға да бұрылып өтуге мұрша бермейтін бір тар жерге келіп тұрып алды.

[27] Жаратқан Иенің періштесін көрген мәші есек жерге жата кетті. Бұдан Балағамды ашу кернеп, есегін таяғымен ұра бастады.

[28] Сонда Жаратқан Ие мәшіге тіл бітіріп, ол: — Мені үш рет қатарынан ұрып-соғатындай саған не жаздым? — деп сұрады.

[29] Балағам есекке: — Мені келеке қылғаның үшін. Егер қолымда семсер болса, сені өлтіре салар едім! — деп дауыстады.

[30] Ал есек Балағамға: — Баяғыдан бері мініп келе жатқан мәші есегің емеспін бе? Бұрын-соңды менің осындай әдетім болып па еді? — деген сұрақ қойды. Балағам оған: — Жоқ, — деп жауап берді.

[31] Сонда Жаратқан Ие Балағамның көзін ашып, ол Жаратқан Иенің періштесінің қолына жалаң семсер ұстап жолда тұрғанын көрді. Балағам оның алдында иіліп, етпетінен жерге жығыла кетті.

[32] Періште оған: — Не себептен сен мәші есегіңді үш рет қатарынан ұрып-соқтың? Мен өзім бөгет болу үшін саған қарсы шыққан едім. Себебі сен маған қыңырлана мойынсұнбайсың. Жүрген жолың сені менің көз алдымда тұңғиыққа құлатпақ!

[33] Ал есегің мені көріп, үш рет қатарынан менен жалтарды. Ол солай етпегенде, мен қазір-ақ сені өлтіріп, оны тірі қалдыратын едім, — деп ескертті.

[34] Балағам Жаратқан Иенің періштесіне: — Мен күнә жасадым. Сіздің маған қарсы шығып, жолды бөгеп тұрғаныңызды білмеген едім. Ал енді, егер мұным сізге ұнамаса, онда кері қайтайын, — деп жауап қатты.

[35] Бірақ Жаратқан Иенің періштесі: — Мына адамдарға ілесіп бара бер. Алайда тек менің өзіңе айт дегенімді ғана айтатын бол! — деген бұйрық берді. Осылай Балағам Балақтың әміршілеріне ілесіп кете берді.

[36] Балақ патша Балағамның келе жатқанын ести салысымен, оны қарсы алу үшін жолға шығып, өз елінің шекарасындағы Арнон өзенінің бойында орналасқан моабтық қалаға барды.

[37] Балақ: — Мен адамдарымды жіберіп, сізді жедел келуге шақырмап па едім? Неге келіп болмадыңыз? Әлде сізге тиесілі сый-сыяпат көрсету қолымнан келмей ме? — деп ренішін білдірді.

[38] Ал Балағам оған: — Міне, қасыңызға келдім ғой. Алайда өзім қалаған сөзімді айта алар ма екенмін? Жоқ, Құдай аузыма қандай сөз салса, соны айтамын, — деп жауап берді.

[39] Сонымен Балағам Балақ патшаға еріп Кирият-Хусотқа барды.

[40] Сол жерде патша мүйізді ірі қара мен ұсақ малдарды құрбандыққа шалып, солардың біраз бөлігін Балағамға және қасындағы әміршілеріне берді.

[41] Ертеңіне таңертең патша Балағамды ертіп алып, Моаб оны халқы Бағал атты жалған тәңірге құлшылық ететін биіктеу орындарға шығарды. Сол жерлерден көріпкел төмендегі Исраил халқын шет-шетіне дейін көре алды.

Руларды санау — Chapters