Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:51

[1] Мұнан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:

[2] «Исраилдіктерге он екі рудың он екі рубасының таяқтарын берсін деп бұйыр да, өзің соларды қабылдап ал. Әрбір рубасының есімін оның берген таяғына жазып қой.

[3] Леуі руының таяғына Һаронның есімін жаз, өйткені әрбір рудың бір басшысының таяғы болу керек.

[4] Таяқтарды кездесу шатырында Өзім сендермен кездесетін орын — Келісімнің айғақтары (сақталған сандықтың) алдына қой.

[5] Мен кімді (діни қызметкер болуға) таңдап алған болсам, соның таяғы бүр жарады. Осылайша Мен исраилдіктердің өздеріңе қарсы күңкілдеп білдірген наразылықтарын доғартамын».

[6] Мұса исраилдіктерге бұйырып, әрбір рубасы өз руының атынан бір таяқтан берді. Һаронның таяғы да солардың таяқтарының арасында болды.

[7] Мұса таяқтардың барлығын алып, оларды Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырда Жаратқан Иенің алдына қойды.

[8] Келесі күні Мұса киелі шатырға келіп қараса, Леуі руы үшін берілген Һаронның таяғы бүр жарып қана қоймай, гүлдеп, бадам жаңғақтарын да беріпті!

[9] Мұса таяқтардың барлығын Жаратқан Иенің алдынан алып шықты да, оларды бүкіл Исраил халқына көрсетті. Халық таяқтарды қарап, әр рубасы өз таяғын қайтарып алды.

[10] Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деді: «Һаронның таяғын бағынбайтын қиқарларға ескертпе болу үшін Келісімнің айғақтары алдына қайтадан сақтап қой. Осылайша өздерінің Маған күңкілдеп наразылық білдірулерін доғарсын. Әйтпесе олар өлім құшады».

[11] Мұса мұны дәл Жаратқан Иенің айтқанындай істеді.

[12] Ал исраилдіктер Мұсаға: «Біз өлеміз, құрып бара жатырмыз! Бәріміз де құрып бара жатырмыз-ау!

[13] Тіпті Жаратқан Иенің киелі шатырына таяп келетін адам да өлім құшады екен! Осылай бәріміз де құрып кетер ме екенбіз?» — деп қатты уайымдады.

Руларды санау — Chapters