[1] Сонда Балағам Балаққа: — Маған осы жерде жеті құрбандық орнын тұрғызып, жеті жас бұқа мен жеті қошқар дайындап қойыңыз, — деп тапсырды.
[2] Балақ оның айтқанын орындады. Екеуі әрбір құрбандық орнында бір-бірден жас бұқа мен қошқарды құрбандыққа шалып, өртеп ұсынды.
[3] Мұнан кейін Балағам Балаққа: — Мына шалынып, түгелдей өртелген құрбандықтарыңыздың қасында тұра тұрыңыз. Мен әрірек барып келейін, мүмкін, Жаратқан Ие кездесу үшін келіп қалар. Ол маған не ашып көрсетсе, соны сізге айтып беремін, — деп, бір тақыр төбе басына шығып кетті.
[4] Сол жерде Құдай оған кездескенде, Балағам: — Жеті құрбандық орнын тұрғызып, әрқайсысында бір-бір жас бұқа мен қошқарды құрбандыққа шалып, өртеп ұсындым! — деді.
[5] Жаратқан Ие Балағамның аузына айтатын сөздерін салып, оған: — Енді Балаққа қайтып бар да, оған осы хабарымды жеткіз, — деп бұйырды.
[6] Сонымен Балағам қайтып келсе, Балақ өзінің шалып, түгелдей өртеген құрбандықтарының жанында тұр екен. Моаб елінің барлық әміршілері оның қасында болды.
[7] Енді Балағам нақыл сөзін айтып былай деді: — Балақ мені шақырды Арама аймағынан, Моаб патшасы алдыртты шығыс тауларынан: «Келіп, Жақыптың ұрпағын қарғап беріңіз, — Деп, — Исраил халқын лағынеттеп кетіңіз!»
[8] Құдай қарғамағанды мен қалайша қарғаймын? Жаратқан айып тақпағанға мен қалай тағамын?
[9] Оны көріп тұрмын жартастың шыңынан, Оған қарап тұрмын төбе бастарынан. Бұл халық оңашаланып бөлек тұрады, Басқа ұлттарға қосылудан бас тартады.
[10] Жақыптың құмдай көп ұрпағын кім есептер? Исраилдің төрттен бірінің өзін санап көр! Көз жұмған кезімде сол әділдердей өлейін, Бұлардай ақ өліммен дүниеден өтейін!
[11] Балақ Балағамға: — Бұ не қылғаныңыз маған? Мен сізді жауымды қарғауға алдырттым, ал сіз оған ақ бата жаудырдыңыз?! — деп налыды.
[12] Балағам: — Жаратқан Ие маған не бұйырса, дәл соны ғана айтуым қажет емес пе? — деп жауап берді.
[13] Балақ: — Менімен бірге басқа бір жерге жүріңіз, халыққа сол жерден қарайсыз. Бірақ оны толығымен емес, тек бір бөлшегін ғана көретін боласыз. Сол жерден оларды қарғап беріңізші, — деді де,
[14] көріпкелді Писга тауының басындағы «Қарауылдар» атты алаңқай жерге алып барды. Балақ патша сонда жеті құрбандық орнын тұрғызып, әрқайсысында бір жас бұқа мен бір қошқардан құрбандыққа шалып, өртеп ұсынды.
[15] Көріпкел Балаққа: — Мен Құдаймен ана жақта кездесіп жатқанда сіз мұнда, түгелдей өртелген құрбандықтарыңыздың қасында тұра тұрыңыз, — деп тапсырды.
[16] Мұнан кейін Жаратқан Ие Балағамды кездестіріп, оның аузына айтатын сөздерін салып беріп былай деп бұйырды: «Балаққа қайтып бар да, оған осы хабарымды жеткіз!»
[17] Балағам қайтып келсе, патша Моаб елінің әміршілерімен бірге өзінің түгелдей өртелген құрбандықтарының жанында тұр екен. Балақ: — Жаратқан Ие не деді? — деп сұрады.
[18] Сонда Балағам нақыл сөзін айтып былай деді: — Уа, Балақ, тұрыңыз да, мені тыңдаңыз, Иә, Сипор ұлы, маған құлақ салыңыз!
[19] Құдай өтірік айтатын пенде емес, Ойын өзгерте беретін адам да емес. Ол айтса, сонысын іске асырмай ма, Әлде сөз беріп, онысын орындамай ма?
[20] Мен ақ бата беруге тапсырма алдым, Құдай жарылқаса, соны өзгерте алмаймын.
[21] Жақыптың ұрпағынан пәле көрінбейді, Исраил халқынан бейнет деген білінбейді. Құдайы Жаратқан Ие арасында тұрады, Оны Патшамыз деп кернеймен жар салады.
[22] Халықты Мысырдан шығарған — Құдайдың Өзі, Жабайы бұқаның мүйізіндей оның күші.
[23] Жақыпқа қарсы ешбір сиқырлық жүрмейді, Исраилге қарсы сәуегейлік өтпейді! Қазір де Жақып пен Исраил жөнінде: «Қарашы Құдайдың ісін!» — деп дәріптейді.
[24] Ана арыстандай халық өрлеп шығады, Дәу арыстандай ол орнынан тұрады, Олжасын жалмап, қанын ішіп тояды, Содан соң ғана жатып, тыным табады.
[25] Балақ сонда Балағамға: — Ендеше бұл халыққа қарғыс та айтпаңыз, бата да бермеңіз! — деп бұйырды.
[26] Балағам оған: — Жаратқан Ие маған не айтса, соның бәрін істеуге тиіспін деп өзіңізге ескертпеп пе едім? — деп жауап берді.
[27] Сонда Балақ патша Балағамға: — Жүріңізші, басқа бір жерге барайық. Мүмкін, Құдай сіздің оларды сол жерден қарғағаныңызды құп көрер, — деді.
[28] Патша Балағамды елсіз далаға қарап тұрған Пеғор тауының басына алып барды.
[29] Сол жерде Балағам тағы да Балаққа: — Маған осында жеті құрбандық орнын тұрғызып, жеті бұқа мен жеті қошқар дайындап қойыңыз, — деп тапсырды.
[30] Балақ оның айтқанын орындап, әрбір құрбандық орнына бір-бірден бұқа мен қошқар шалып, өртеп ұсынды.