Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 6:46

[1] Негев өлкесіндегі Арад қаласының қанахандық патшасы Исраил халқының Атарим жолымен келе жатқанын естіп, оларды шабуылдап, біразын тұтқындады.

[2] Сонда исраилдіктер Жаратқан Иеге: «Егер осы халықты біздің қолымызға тапсырсаң, онда біз олардың қалаларын Өзіңе бағыштап, толығымен құртатын боламыз», — деген ант берді.

[3] Жаратқан Ие исраилдіктердің өтініштеріне құлақ салып, қанахандықтарды олардың қолдарына тапсырды. Исраилдіктер солардың өздері мен қалаларын Құдайға бағыштап, толығымен құртты. Содан осы жер Хорма (Құрту) деп аталып кетті.

[4] Һор тауынан исраилдіктер Едом елін сырт айналып өтпек болып, Қамысты теңізге қарай бет алды. Жолшыбай халықтың шыдамы таусылып,

[5] Құдайға және Мұсаға қарсы сөйлеп: «Бізді не үшін Мысырдан алып шықтыңдар? Мына иен далада қырылуымыз үшін бе? Жейтін нан, ішетін суымыз жоқ! Әлгі жеп жүрген жиренішті тамағымыздан әбден мезі болдық!» — деді.

[6] Сонда Жаратқан Ие халық арасына отқа ұқсаған улы жыландар жіберіп, солар Исраил халқының арасынан көптеген адамды шағып өлтірді.

[7] Халық Мұсаның алдына келіп: «Біз Жаратқан Иеге және өзіңізге қарсы сөйлеп күнә жасадық. Мына жыландарды бізден аластата көрсін деп Жаратқан Иеге біз үшін өтініш жасап сиыныңызшы!» — деп жалынды. Содан Мұса халық үшін өтініп сиынды.

[8] Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Отқа ұқсаған улы жыланның мүсінін жасап ал да, оны белгі беретін бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қой! Жылан шаққан әркім соған қараса, тірі қалады».

[9] Сонымен Мұса мыстан жылан мүсінін жасап, оны бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қойды. Жылан шағып алған әркім мыс жыланға қарағанда, тірі қалып отырды.

[10] Исраилдің үрім-бұтағы әрі қарай жылжып, Оботқа жетіп, сонда қостарын тікті.

[11] Олар Оботтан шығып, Моаб елінің шығысындағы елсіз даладағы Ие-Абаримге көшіп барып, сонда аялдады.

[12] Бұл жерден олар Зәред аңғарына барып, сонда қостарын тікті.

[13] Халық сол жерден иен даладағы Арнонның арғы жағына өтіп, сонда тоқтады. Арнон — аморлықтардың аймағынан бері ағатын өзен, ол Моаб елін аморлықтардың аймағынан бөліп тұратын шекарасы еді.

[14] Сол себепті «Жаратқан Иенің шайқастары» деген кітапта былай деп жазылған: «Суфаның маңайындағы Уахеп қаласы және Арнон өзені мен

[15] оның Ар деген елді мекенге қарай созылып жатқан сайлары Моаб шекарасының бойында орналасқан».

[16] Сол жерден исраилдіктер Бегерге көшіп барды. Жаратқан Ие сондағы құдық туралы Мұсаға: «Халықты жина, Мен оларға су беремін», — деді.

[17] Сол кезде Исраил халқы мына әнді шырқады: «Уа, құдық, суыңды сарқырата бер, Құдық жайында айтыңдар әндер!

[18] Оны ойып қазды билеушілер, Халықтың озаттары, жетекшілер, Қолдарында асатаяқ пен сүңгілер». Елсіз даладан халық Матанаға,

[19] содан Нахалиелге және Бамотқа көшіп-қонды.

[20] Бамоттан олар Моаб еліндегі алқапқа көшіп барды. Сол маңайдағы Писга тауы құлазыған далаға тіреліп тұр.

[21] Мұнан кейін Исраил халқы елшілері арқылы аморлықтардың патшасы Сихонға мынадай сәлем жіберді:

[22] «Жеріңізден өтуімізге рұқсат етсеңіз екен. Не егістіктеріңізге, не жүзімдіктеріңізге бұрылмаймыз, құдықтарыңыздан су да ішпейміз. Тек Патшаның үлкен жолымен ғана жеріңізден өтіп шығамыз».

[23] Бірақ Сихон Исраилге өз жері арқылы жүріп өтуге рұқсат бермей, бүкіл жасағын жинап, Исраилге қарсы елсіз далаға аттанды. Яхас деген жерге жетіп, исраилдіктермен шайқасты.

[24] Исраилдіктер Сихонның жасағын семсердің жүзімен қырып-жойып, Арнон өзенінен Ябок өзеніне дейінгі аралықтағы оның жерін иемденіп алды. (Ябоктың арғы жағындағы) аммондықтардың шекарасы бекіністі болғандықтан, олар тек соған дейін барды.

[25] Исраил халқы аморлықтардың барлық қалаларын да қолға түсіріп, соларды, әсіресе, Хешебон мен оған қарасты елді мекендеріне қоныстанып алды.

[26] Себебі Хешебон аморлықтардың патшасы Сихонның тұрған қаласы болатын. Ол Моабтың бұрынғы патшасына шабуыл жасап, оның Арнонға дейінгі бүкіл жерін тартып алған еді.

[27] Сондықтан жыраулар ол туралы мынадай нақыл айтқан: «Келіңдер Хешебонға, Сихонның қаласына, Қайта салынып, бекітілсін астана!

[28] Себебі Хешебоннан от жалыны шықты, Сихонның қаласынан алау лап етті, Моабтың Ар қаласын жалмап қойды, Арнон қыраттарының иелерін қырды.

[29] Уа, Моаб халқы, қасірет саған! Хамосқа табынған халық қырылған. Хамос өз «ұлдарын» қашуға қалдырды, «Қыздарын» Амор патшасы Сихонға олжалатты,

[30] Ал біз оларды жебе атып талқандадық, Дибонға дейінгі Хешебон елін құрттық, Медеба мен Нофаға дейін ойран салдық!»

[31] Осылайша исраилдіктер аморлықтардың жеріне қоныстанып алды.

[32] Кейін Мұса Жазер қаласына барлаушылар жіберді. Исраил жасағы оған қарасты елді мекендерді басып алып, сондағы аморлықтардың жерін де иемденді.

[33] Бұдан кейін исраилдіктер бұрылып, Башан аймағына баратын жолмен жоғары қарай өрледі. Сонда Башанның патшасы Ог бүкіл жасағын ертіп олармен шайқасуға Едірейге аттанды.

[34] Ал Жаратқан Ие Мұсаға: «Одан қорықпа! Себебі Мен оның өзін, бүкіл жасағы мен елін сенің қолыңа тапсырып отырмын. Аморлықтардың Хешебонда тұрған патшасы Сихонға не істеген болсаң, оған да дәл соны істе!» — деді.

[35] Сонымен исраилдіктер Ог патшаны, оның ұлдарын және бүкіл жасағын бір адамын да тірі қалдырмай қырып тастап, жерлерін иемденіп алды.

Руларды санау — Chapters