[1] Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
[2] «Исраил қауымына жиналу не жолға шығу туралы белгі беру үшін күмістен балғамен соққызып екі керней жасатып ал.
[3] Кернейдің екеуі де тартылған кезде, бүкіл қауым кездесу шатырының алдында жиналсын.
[4] Ал біреуі ғана тартылғанда тек жетекшілер — Исраилдің мыңбасылары ғана сенің алдыңа жиналсын.
[5] Кернейлермен дабыл тартылғанда, кездесу шатырының шығыс жағында қостарын тіккен рулар жолға аттансын.
[6] Кернейлермен екінші рет дабыл тартылғанда, шатырдың оңтүстігіндегі рулар жолға аттансын. Сонымен кернейдің дабыл берген дауысы жолға шығудың белгісі болады.
[7] Ал қауымның жиналуына белгі бергенде, кернейлеріңді дабыл бермей, басқаша тартыңдар.
[8] Кернейлерді тартатындар — Һароннан тараған діни қызметкерлер болсын. Бұл — болашақтағы ұрпақтарыңа да тиісті тұрақты ереже.
[9] Елдеріңде өздеріңе зорлық жасаған жауға қарсы соғысқандарыңда да, кернейлерді дабыл беріп тартыңдар! Сонда Мен, Құдайларың Жаратқан Ие, сендерді ескеріп, жауларыңнан құтқаратын боламын.
[10] Сендер қуана той тойлағанда, белгіленген мейрамдарыңды өткізген уақыттарыңда, әр айдың бірінші күні, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңды ұсынған кездеріңде де, кернейлеріңді тартыңдар! Сонда Мен сендерді ерекше ескеретін боламын. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін».
[11] Сол екінші жылдың екінші айының жиырмасыншы күні Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырдың үстіндегі бұлт жоғары көтеріліп, алға жылжи бастады.
[12] Сонда исраилдіктер Синай атты елсіз даладан шығып, бұлт жылжи Паран даласына келіп тоқтағанша көштерін жалғастырды.
[13] Осылайша олар Жаратқан Иенің Мұса арқылы жақында берген нұсқауларына сай алғаш рет жолға шықты.
[14] Яһуда тұрағындағы үш ру соның байрағының астында көш бастап шықты. Яһуда руы жасағының басшысы Әминадап ұлы Нағасон,
[15] Исашар руы жасағының басшысы Суғар ұлы Нетанел,
[16] Забулон руы жасағының басшысы Хелон ұлы Елиап болды.
[17] Бұлардан кейін Леуі руының Герсон мен Мерариден тараған екі тармағы киелі шатырды жинап, оны көтеріп алып жолға шықты.
[18] Олардан соң Рубен тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Рубен руы жасағының басшысы Шедеур ұлы Елисур,
[19] Шимон руы жасағының басшысы Суришадай ұлы Шелумиел,
[20] Ғад руы жасағының басшысы Рәугел ұлы Әлиасаф болды.
[21] Олардан кейін Леуі руының Қахаттан тараған тармағы киелі шатырдың жиһаздары мен жабдықтарын көтеріп алып жолға шықты. Бұлар қоныстанатын жерге келіп жетпес бұрын киелі шатыр құрылып, дайын тұратын.
[22] Солардан кейін Ефрем руының тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Ефрем руы жасағының басшысы Амиһуд ұлы Әлишама,
[23] Манаса руы жасағының басшысы Педасур ұлы Гамалиел,
[24] Бунямин руы жасағының басшысы Гидеони ұлы Абидан болды.
[25] Бүкіл көштің соңын қамтып, Дан тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Дан руы жасағының басшысы Амишадай ұлы Ахиезер,
[26] Ашир руы жасағының басшысы Охран ұлы Пагиел,
[27] Нафталим руы жасағының басшысы Енан ұлы Ахира болды.
[28] Көшкен кезде исраилдіктер жасақтарына сәйкес осындай тәртіппен жолға шығатын.
[29] Мұсаның қайын атасы мадияндық Рәгуелдің ұлы Хобаб та сол жерде еді. Мұса (балдызы) Хобабқа былай деді: — Жаратқан Иенің бізге табыстауға сөз берген еліне қарай бара жатырмыз. Сол елге бізбен бірге жүрсеңші. Жаратқан Ие Исраилге игіліктерді уәде етті. Біз де саған жақсылық жасайтын боламыз. —
[30] Хобаб оған: — Жоқ, бармаймын. Мен өз еліме, өз жұртыма қайтып оралмақшымын, — деп жауап қатты.
[31] Ал Мұса: — Өтінемін, бізді тастай көрме. Елсіз далада тұрақтауға болатын жерлерді жақсы білесің ғой. Біздің көзіміз іспетті жол бастаушымыз болсаңшы.
[32] Егер бізбен бірге жүрсең, Жаратқан Иенің бізге сыйлайтын игіліктерін сенімен де бөлісеміз, — деді.
[33] Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің тауынан шығып, үш күндік жол жүрді. Сол үш күн бойы Келісім сандығы оларға тынығып демалатын орын табу үшін алдарында жүріп отырды.
[34] Күндіз қоныстан көшкенде Жаратқан Иенің бұлты олардың үстінде болды.
[35] Келісім сандығы көшпен бірге жолға шыққан сайын Мұса былай деп сиынатын: — Уа, Ием, көтерілші, жауларың шашырасын, Өзіңді жек көретіндер алдыңнан қашсын!
[36] Келісім сандығын көтеріп алып жүргендер тоқтап тыныққан сайын Мұса былай деп өтінетін: — Уа, Жаратқан Ием, тұрақтай гөр қайта Исраилдің сан мыңдағандарына!