Ошия 8
[1] «Керней тартып дабыл қағуға дайындал! Жау бүркіт сияқты Жаратқан Иенің елінің үстінде ұшып жүр. Себебі олар Менің өздерімен жасаған Келісімімнен айнып, Таурат заңымды бұзып келеді.
[2] Сонда да Солтүстік Исраил Мені шақырып: «Сен біздің Құдайымызсың, Сені мойындаймыз, (көмектесе гөр)!» — деп жалбарынады.
[3] Ал Солтүстік Исраил ізгі нәрседен бас тартты, енді жау оны қуатын болады.
[4] Халық өзіне патшаларын тағайындады, бірақ олары Менің еркіме сай емес. Олар билеушілерін де қойды, бірақ Мен бұларын құптаған жоқпын. Өздерінің алтын-күмісінен халық жалған тәңір мүсіндерін жасап алды, әйтсе де олар құрып кетеді.
[5] Жас бұқа кейпінде жасалған жалған тәңірің әбден жек көрінішті, уа, Самария елі! Мен осы халыққа қатты қаһарланып отырмын. Қашан ғана олар зұлымдықтан арылып тазарар екен?
[6] Сол тәңірсымақты Исраилдің өзі бір қолөнершіге жасатып алды. Сондықтан ол Құдай емес! Иә, Самарияның жас бұқа кейпіндегі жалған тәңірі күл-парша болып сындырылады!
[7] Халықтың еккені жел еді, енді жинағандары құйын болады. Шыққан егіндерінің бастары — құр қауыз. Дән бола қалған күнде де бөтен елдіктер оны жалмап кетеді.
[8] Солтүстік Исраилдің елін жау жалмап кетеді. Оның халқы басқа халықтардың арасында ұнамсыз ыдыс сияқты болып қалды.
[9] Себебі олар жалғыз дара қаңғырып жүретін жабайы есек сияқты Ассурға барды. Ефрем елі өзіне «ашыналарды» (яғни арқа сүйейтін одақтастарды) жалдады.
[10] Олар алым-салықтарымен жат халықтарды жалдап алған болса да, Мен Ефремнің халқын бәрібір бір жерге жинап, соттаймын. Олар қуатты патшаның езгісіне түсіп, азап шеге бастайды.
[11] Ефрем халқы күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар ұсынылатын үстелдерді көптеп орнатты, бірақ олары, керісінше, нағыз күнә жасайтын орындар болып кетті!
[12] Мен халыққа Таурат заңымдағы ережелерді егжей-тегжейлі жазып бергенмен, олар соларды бір жат нәрсе деп санайды.
[13] Халық Маған арнап малдарын құрбандыққа шалып, етін жесе де, Мен, Жаратқан Ие, соларына риза емеспін. Қайта, Мен халқымның істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын: халқым өздері бұрын құл болған Мысырға қайта оралатын болады!
[14] Солтүстік Исраил өз Жаратушысын ұмытып, үлкен ғимараттар салды. Яһуда елі көптеген қалаларын қамалмен бекітті. Бірақ Мен олардың қалаларына от жіберемін. От солардағы қорғандарын өртеп жалмап қояды».